Салған суреттері бойынша киімдерді модельдеу
Сабақтың тақырыбы
Қуыршақтың киімін модельдеу
Сабақтың түрі
Жаңа сабақты меңгерту
Сабақтың әдісі
Түсіндірме-бейнелеу, практикалық оқыту
Сабақтың мақсаты
Оқушылардың модельдеу тақырыбында алған білімі мен біліктілігіне, сондай-ақ қалыптасқан дағдыларына сүйене отырып, қуыршаққа арналған киімді модельдеуді үйрету.
Білімдік
- Қуыршақ туралы мағлұмат беру.
- Киімді модельдеу әдісімен таныстыру.
- Таңдап алынған фасонды модельдеуге үйрету.
- Тақырып бойынша материалды меңгеруді қамтамасыз ету.
Дамытушылық
- Модельдеу саласындағы білімді тереңдету.
- Жұмыс істеу дағдыларын дамыту.
- Қиялдағы фасонды қағаз бетіне нобай (эскиз) түрінде түсіруге үйрету.
- Шығармашылық ойлау мен қиялды дамыту.
Тәрбиелік
- Жұмыс тәртібін сақтауға және еңбекті бағалауға тәрбиелеу.
- Еңбек және тұрмыс гигиенасы ережелерін сақтай білуге үйрету.
- Өзара көмек көрсету мәдениетін қалыптастыру.
Сөздік жұмыс
Көрнекіліктер
- Интерактивті тақта арқылы слайд көрсету.
- Әртүрлі суреттер.
- Эскиздер (нобайлар).
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
- Сәлемдесу.
- Сабаққа дайындықты тексеру.
- Қатыспаған оқушыларды белгілеу.
2) Үй тапсырмасын тексеру
- Қоржын неше бөліктен тұрады?
- Қоржын қандай бұйым?
- Қоржынның қандай түрлері бар?
- Қоржын қай кезде қолданылады?
3) Қызығушылықты ояту
Жаңа сабағымыздың тақырыбын ашу үшін төмендегі жұмбақты шешейік:
Бөбектердей бүлдіршін,
Киініп тұр бір мүсін.
Ол қаз басып жүрмейді,
Сөйлемейді, күлмейді.Жауабы: қуыршақ
Бүгін біз қуыршақтың киімін модельдейміз. Слайд арқылы қуыршақ туралы қысқаша мәлімет беріледі. Қызықты дерек: Халықаралық қуыршақтар күні жыл сайын 3 наурызда аталып өтеді.
4) Жаңа сабақты түсіндіру
Модельдеу — эскиз бойынша жасалатын бұйымның үлгісін дайындау үдерісі. Киімді модельдеумен модельер-суретші айналысады.
Модельер адам дене бітімін, костюм бөлшектерінің үйлесімділік заңдылықтарын білуі және тігін технологиясын жақсы меңгеруі керек.
Модельдеудің түрлері
- Көркемдік модельдеу — сән үйлеріндегі суретші-модельерлердің жұмысы.
- Техникалық модельдеу — нобай, сурет, фотография бойынша модель әзірлеу; мұнымен инженер-конструктор айналысады.
Қазақстандағы сән үйлері
Слайд арқылы Қазақстандағы сән үйлері туралы мәлімет көрсетіледі (мысалы: «Жадо» сән үйі, Берік Исмайловтың сән үйі).
Модельдеудің негізгі принциптері
- Киім адамның ішкі және сыртқы келбетіне сәйкес болуы.
- Арнаулы киімдер мақсатқа сай әрі қолдануға ыңғайлы болуы.
- Киімнің қолданылу аясына қарай материалдың сәйкестігі сақталуы.
Тақтадағы үлгіге сүйене отырып, берілген көйлек моделін құрастырамыз.
5) Сарамандық жұмыс
Үлгілерді сызып, қиып аламыз. Қажетті құралдарды еске түсіру үшін жұмбақтарды шешеміз.
Бар екен бір жансыз зат сиыр тұмсық,
Матаның күнде жейді басын қыршып.
Матаның жеген сайын басын қыршып,
Артынан түбіт тұрар қыл-қыбыршық.
Жауабы: қайшы
Қысқа таяғы, діңі бар,
Шиырлаған ізінде,
Сайрап тұрар тілі бар.
Жауабы: қарындаш
Сансыз ойлар бетінде,
Сайрап жатыр бар тілде.
Қажетпін мен әр күнде,
Өшпейді бір әрпім де.
Жауабы: қағаз
Жұқа тақтай бөлшегі,
Ұзындықтың өлшемі.
Жауабы: сызғыш
Тазалап ақ қағаз жүзін,
Жоқ етер қарындаш ізін.
Жауабы: өшіргіш
Қауіпсіздік ережелері
- Қайшыны жолдасыңа бергенде үшкір жағын өзіңе қаратып бер.
- Қайшыны жабық күйінде партаның оң жағына қой.
- Инені ауызға салуға және киімге түйреуге болмайды.
- Инені алушыға сабақталған жағымен бер.
- Сынған инені жерге тастауға болмайды.
- Желіммен жұмыс аяқталған соң міндетті түрде қолды жу.
Оқушылар үлгілерді сызып, қиып көрсетеді және қуыршақтың суретін салады. Белсенді әрі ұқыпты орындаған оқушылар мадақталады.
6) Сабақты бекіту (сұрақтар)
- Модельдеу дегеніміз не?
- Модельдеу неше түрге бөлінеді?
- Қазақстандағы қандай сән үйлерін білесіңдер?
- Стильдің қандай түрлері бар?
7) Үй тапсырмасы
- Салған суреттер бойынша киім үлгілерін модельдеу.
- «Сән» және «модель» тақырыптарына мәнжазба жазу.
8) Қорытынды
Сабақ қорытындыланып, оқушылардың жұмыстары бағаланады.