Туған ауылдың өткен тарихын біле отырып, қазіргі ауыл өмірін зерттеу және ауылдың болашағын оқушылар көзімен болжау

Мақсаты

Оқушылардың туған жерге, туған ауылға деген сүйіспеншілігін және патриоттық сезімін тәрбиелеу. Туған ауылдың өткен тарихын танып, қазіргі ауыл өмірін зерттеу және ауылдың болашағын оқушылар көзімен болжау.

Негізгі бағыт

Тарих + бүгінгі тыныс-тіршілік + болашаққа болжам.

Түйін

Туған жерді білу — оны қадірлеудің бастауы.

Кіріспе

Кіндік қаның тамып, туып-өскен мекеніңді, табаның тиген топырақты бәрінен артық көруге қақылысың. Туған жердің бір түйір тасы да жаттың ат басындай алтынынан қымбат емес пе?

Дулығалы ата-бабаларымыз кең даласын, асқар тауын, сарқырап аққан өзенін қорғап, мақтан етіп, бізге мұраға қалдырды. Тәуелсіздік кеңістігінде отаншылдық рух пен туған жерге деген махаббат әрдайым жарқырап тұруы керек.

Әр қазақстандық өз елінің картасына көз салып, байтақ өлкесін мақтан тұтуға тиіс. Туған жер жайлы жыр да, қара сөзбен жазылған шығармалар да әр халықтың әдебиетінде молынан кездеседі. Бұл — әр ұлттың туған жерін анасындай қастерлейтінінің айғағы.

Қазақ халқы да туған жер қадірін жас ұрпақтың бойына бала кезінен сіңіруге ұмтылған. Мұны мақал-мәтелдерден, аңыз әңгімелерден, батырлар жырынан анық көреміз: «Ит тойған жеріне, ер – туған жеріне», «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас».

Қорытынды ой

Туған жер мен туған ел — әр адам үшін ең қымбат құндылық. Ел қорғаған батыр бабаларымыз бен ел анасы болған аналарымыздың аманаты — туған елімізді қорғау, нығайту. Бұл — бәрімізге ортақ парыз.

М. Мақатаевтан

— Айпырай, туған жер-ай! Теңдесер кім?

Бұл жерге сен болмасаң келмес едім.

Кіндігімді байлаған қазығым-ай,

Сен болмасаң бұл маңды көрмес едім.

Туған жер туралы жыр

Сұлу дала! Менің сүйген еркемсің,

Жаным сенен жаратылған өлкемсің.

Қандай жақсы, қазақ болып туғаным,

О, туған жер! Тамашасың, көркемсің.

Көркемсөз

Сыныбымыздың және мектебіміздің мақтанышы, бірнеше мәрте жас ақындар сайысының жеңімпазы Арман туған ауылына арнаған жүрекжарды өлеңін оқиды. Тыңдай отырып, әрқайсымыз өз ауылымыздың қадірін тереңірек сезінейік.

Оқушы: Абат Арман

Тілек: Талабыңа нұр жаусын! Әлі талай биіктен көрін!

Ауыл мен туған жер туралы ойлар

Бұл бөлімде оқушылар туған ауылдың қадір-қасиеті, табиғаты, адамдары, еңбегі мен бірлігі туралы өз ойларын ортаға салады. Негізгі мақсат — «менің ауылым» ұғымын тек географиялық атау емес, ортақ жауапкершілік ретінде қабылдау.

Тарих сыр шерткенде…

  1. 1968 жыл, сәуір–мамыр

    Бұйрат-бұйрат құм шағылға вагонеткалар әкелініп, ағаш үйлер салына бастады. Атырау мен Астраханьды жалғайтын теміржол осы жермен өтеді, мұнда пойыз тоқтайтын станса болады деген хабар тарағанымен, көпшілік әуелде сенбеді. Ол кезде шағыл ішінде Хисым Махатов пен Махмет Мусаевтың үйлері ғана бар еді. Сегізжылдық мектеп, ферма орталығы, интернат, кітапхана, клуб — барлығы да бұл жерден он шақырымдай қашықтағы Забурын селосында орналасқан болатын.

  2. Теміржолдың келуі

    Көп ұзамай елді мекенге теміржол тартылып, шпал мен рельстер сияқты қажетті материалдар жеткізілді. Құрылысқа УС-99 құрылыс басқармасына қарасты №6 жол төсеу пойызы қатысып, жергілікті тұрғындар да жұмысқа тартылды. Сөйтіп вокзал ғимаратымен бірге медпункт, байланыс үйі, балабақша, бастауыш мектеп және 8 үйлік корпустар қызыл кірпіштен бой көтеріп, ақ шағылдың ортасына ерекше сән қосты.

  3. 1970 жылдардың басы: жаңа кен орны

    Октябрьск маңынан жаңа кен орны табылып, оны барлау мен игеру үшін экспедиция келді. Жұмысшыларға арнап жатақхана, асхана, наубайхана, электр стансасы, жылу қазандықтары салынып, ауылдың оңтүстік беткейінен ақ шаңқан үйлер бой көтере бастады. Жұмысшыларды тұрақтандыру үшін 1972 жылы мұнайшылардың балаларына арналған сегізжылдық мектеп ашылып, оған кен орнының атауы берілді.

  4. Мектептің алғашқы қадамы

    Алғашқы кезде мектепте 10 мұғалім еңбек етті. Олар жан-жақтан келген тәжірибелі мамандар болатын. Солардың бірі — Гагарин сегізжылдық мектебінен келген «Құрмет белгісі» орденінің иегері, ҚССР халық ағарту ісінің үздігі, Құрманғазының шәкірті, Ерғали Ещановтың ұрпағы Хайрушев Ғилыман. 1972 жылы алғашқы директор болып Зайдуллин Әнуарбек тағайындалды. Сол жылы мектепте 212 оқушы білім алды.

  5. 1976–1981 жылдар: ұжымның қалыптасуы

    Бұл жылдары мектепті тәжірибелі ұстаз Дөкенов Бақтығали басқарды. Ерғазиев Өтеш, Избасов Дархан, Хайрушев Ғилыман, Қанатов Мақсот, Бөлекбаев Көшер, Хисимов Хабиболла, Шайхығалиев Аухат, Құмашев Жанатолла, Фазылова Алия, Жұмаев Оразбек, Жұмабаев Майыш, Қарабалин Жеңіс, Сариева Дамира сынды аға буын ұстаздары ұжымның ынтымағын бекітіп, жас мамандарды мұғалімдік қыр-сырына баулыды.

  6. 1991–1993: жаңа атау, жаңа кезең

    1991 жылдың қыркүйегінде Исатай батыр бабамыздың 200 жылдық мерейтойы өтті. Соған орай 1992 жылдың қарашасында мектепке Исатай орта мектебі атауы берілді. 1993 жылдың 28 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Атырау облысы әкімінің шешімімен Исатай селолық округі құрылды.

    Округ басшылары

    • 1977–1980Құспанов Қабиболла
    • 1980–1981Альсултанова Шолпан
    • 1981–1991Дөкенов Бақтығали
    • 1991–1998Қапизов Сағынғали
    • 1998–1999Хайдаров Әліби
    • 1999 жылдан беріҒұбашұлы Жарылғас
Көркемсөз

Ән айта алсам, туған жер деп жырлайын,

Күй тарта алсам, туған елге арнайын.

Ата-анам, атамекен, туған жер —

Алыс кетсем, тек сендерді қимаймын.

Оқушы: Динара Нұрлыбекқызы

Қазіргі ауылдың тыныс-тіршілігі

Үй саны

300

Халық саны

1530

Ауыл аумағы

101 903 га

Инфрақұрылым

  • 1 әкімшілік
  • 1 мектеп
  • 1 дәрігерлік бөлімше
  • 1 кітапхана
  • 1 пошта бөлімшесі
  • 1 балабақша
  • 1 мәдениет үйі
  • 1 теміржол вокзалы
  • 1 су құбыры жүйесі

Жауапты тұлғалар

Ауыл әкімі
Жарылғас Ғұбашұлы
Мектеп директоры
Хайруллина Ұлбосын
Дәрігерлік бөлімше (бас дәрігер)
Хидуллин Исабай
Кітапхана меңгерушісі
Хайрова Зәуре
Пошта бөлімшесінің меңгерушісі
Жанғалиева Жұмағыз
Мәдениет үйінің меңгерушісі
Меңдіғазиев Салауат
Балабақша меңгерушісі
Хайырова Сәуле

Ауыл туралы зерттеу жұмыстары

Бұл бөлім ауылдың картасымен таныстырудан басталады. Одан кейін ауыл топырағы, өңірде өсетін өсімдіктер, топырақта өсетін көкөністер, сондай-ақ мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы бағыттары зерттеліп, таныстырылады.

Практикалық бөлім

  • Ауыл картасымен жұмыс
  • Топырақ пен өсімдіктерді сипаттау
  • Ауыл шаруашылығы бағытын талдау

Өнер бөлімі

Би

«Қаражорға»

Хор

«Атамекен»

Оқушылар шығармашылығы

Оқушылар ауылдың макетін таныстырып, өз көзқарасымен ауылдың бүгінін бейнелейді. Бұл жұмыс — байқампаздықты, жоспарлауды және ортақ іске жауапкершілікті арттырады.

Ақ тілек және түйін сөз

Ауылға, туған жерге ақ тілектер

Оқушылар туған ауылына, туған жеріне жүрекжарды тілектерін айтады. Тілектер қабыл болсын!

Бүгінде ел тағдыры экономикаға тәуелді екенін үлкен де, кіші де жақсы біледі. Ендеше ХХІ ғасырда мемлекет тізгінін қолына ұстайтын, экономиканы ілгерілететін, дамыған елдермен иық теңестіретін азаматтар — дәл қазір мектеп партасында отырған ұл-қыздар.

Ш. Уәлиханов: «Ел гүлденіп-көктеуі үшін әуелі азаттық, сосын білім керек» деп даналықпен айтып кеткен. «Туған жердің басы болмасам да, сайының тасы болайын» деген мақал да әрқайсымызға жауапкершілік жүктейді.

Қандай мамандық иесі болсаңдар да, қай жерде жүрсеңдер де қасиетті туған жерді қадірлеп өтіңдер. Аз ғана уақыт ішінде көптеген жұмыстар атқардық деп ойлаймын. Болашақтарыңа жарқын білім тілеймін. Рахмет!