Күй анасы атанған композитордың домбырашылық өнерін түсіндіру

Сабақ жоспары

Музыка пәні • 2-сынып

Алматы облысы, Панфилов ауданы, Қожбанбет би атындағы орта мектеп

Мұғалім: Абидоллаева Мерует Әшімқызы

Тақырып

Күй анасы

Сабақтың мақсаты

Күйшілер туралы таныстықты жалғастыру, қазақтың атақты күйші-композиторларының өмірі мен шығармалары жайлы мағлұмат беру, күйдің мәнін және оның қандай шығарма түрі екенін түсіндіру.

Сабақтың міндеттері

  1. «Күй анасы» атанған композитордың домбырашылық өнерін түсіндіру.
  2. Динаның күй тарту дәстүріндегі ерекшеліктерін ажырата білуге үйрету.
  3. Күйді тыңдай білу мәдениетіне тәрбиелеу.

Көрнекіліктер

  • Қазақтың әйгілі күйші-композиторларының суреттері
  • Бүктемелер
  • Оқулықтар

Әдіс-тәсілдер

  • Баяндау
  • Музыка тыңдау
  • Сұрақ-жауап

Сабақтың түрі: жаңа сабақ

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылардың назарын сабаққа аудару.
  • Сабаққа қатысуын қадағалау.

2) Үй тапсырмасын тексеру

Өткен сабақта үйренген әнді орындату: «Гүлдерайым».

3) Жаңа сабақты түсіндіру (оқулықпен жұмыс)

Негізгі тұлға

Дина Нүрпейісова — «Күй анасы»

Дина Нүрпейісова Орал облысының Жаңақала ауданында дүниеге келген. Ол бала кезінен күйшілік өнерге ерекше ынтамен ден қойып, Дәулеткерей, Әлікей, Түркеш, Ұзақ, Есжан, Байжұма, Баламайсан күйлерін шебер меңгеріп, домбырашы қыз ретінде танылады.

Динаның күйшілік өнерін естіген Құрманғазы оны әдейі іздеп келіп, домбырашылығына сүйсініп, батасын берген. Дина кейін Құрманғазы күйлерін халық арасына кеңінен таратып, көпшіліктің ықыласына бөленеді.

Батыс өңіріне тән күй өнеріндегі өршіл сипат пен Дәулеткерейдің сырбаз, сыршыл мәнерін өзіне қос қанат еткен Дина күйшілікте қайталанбас қолтаңбасын қалдырды.

Динаның белгілі күйлері

Әсем қоңыр Бұлбұл Науысқы Домалатпай Он алтыншы жыл Сегізінші март Сауыншы Тойбастар Қара қасқа ат

Бұл шығармалар қазақтың аспаптық музыкасының алтын қорына енген құнды мұралар болып саналады.

Күй тыңдау

Дина Нүрпейісова: «Әсем қоңыр».

Тыңдау кезінде әуеннің мінезін, екпінін және дыбыс бояуын ажыратуға бағыттау.

Ән үйрену

«Домбыра сазы» (И. Нүсіпбаев, Х. Талғаров) әнін үйрету.

  • Дауыс диапазонын толық меңгерту.
  • Ауызды дұрыс ашып-жабуын қадағалау.

4) Сабақты қорытындылау (сұрақтар)

  1. Дина Нүрпейісова кім? Ол қай жерде туған?
  2. Дина Нүрпейісованың қандай күйлерін білесіңдер?
  3. Құрманғазы Динаға қанша жыл ұстаздық еткен?
  4. Дина мен Құрманғазы қалай кездесті?
  5. «Әсем қоңыр» күйін күйші кімге арнаған?

Бағалау

Оқушылардың сабаққа қатысуы, сұрақтарға жауап беруі және әнді орындау сапасы бойынша бағалау.

Үй тапсырмасы

  • «Күй анасы — Дина» тақырыбын оқу.
  • «Домбыра сазы» әнін жаттау.