Ата - анам

Тәрбие сағаты: «Біз — Тәуелсіз елдің болашағымыз»

Бұл тәрбие сағаты оқушылардың Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, туған жерін қадірлеуге баулиды. Мақсат — елін, жерін, тарихын, тілін құрметтейтін, ар-ұяты таза, адамгершілігі мол азамат қалыптастыру.

Мақсаты

  • Отанды сүю, туған жерді қадірлеу сезімін қалыптастыру.
  • Тарих, тіл, рәміздерге құрметті күшейту.
  • Азаматтық жауапкершілік пен адамгершілік құндылықтарын дамыту.

Көрнекілігі

  • ҚР рәміздері (Ту, Елтаңба, Әнұран)
  • Суреттер, қанатты сөздер
  • Әріптер, сандар, шарлар

Өтілу барысы

  1. 1.Тәуелсіздік шежіресі
  2. 2.«Тәуелсіздік деп жырлайды ұланым» — поэзия минуты
  3. 3.«Отан» ұғымын ашу
  4. 4.Сұрақ-жауап (рәміздер, тарих)
  5. 5.«Сен өз құқығыңды білесің бе?» — қойылым және талқылау

Кіріспе сөз

Халқымыздың жылдар бойы аңсаған асыл арманы орындалып, тәуелсіздігімізге қол жеткіздік. Тәуелсіздік мерекесіне арналған «Біз — Тәуелсіз елдің болашағымыз» атты 3 «Б» сынып оқушыларының сынып сағатына қош келдіңіздер!

Егемендікке бастау болған Желтоқсан оқиғасы — ел тарихындағы айрықша кезең. Бүгінгі бейбіт тірлігіміз сол қиын күндердің жемісі. Тәуелсіздігіміз мәңгі баянды болсын!

«Тәуелсіздік» сөзінің мәні

Сынып сағатында оқушылар «Тәуелсіздік» сөзін әр әріп арқылы ашып, оның мазмұнын құндылықтармен байланыстырды:

Т — теңдік

Ә — әдептілік, әлділік

У — уайымсыз уақыт

Е — егемендік, елдік

Л — лепірме, лағып сөйлеме (ұлттық ұстамдылық)

С — сенімділік

І — ілтипат

З — зиялылық

Д — достық

І — ізет

К — көктегі күндей айқын бол: көршіге көз алартпа, өзгенің ақысын жеме

Тәуелсіздік шежіресі

Оқушылар жылдар тізбегі арқылы тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңдерін еске түсірді.

1991 — Тәуелсіздік жарияланған жыл

«Өзіңдікі — туың да, от пен ауа, суың да. Жаса, Қазақстаным! Егемен тәуелсіздігің жасасын!»

1992 — Мемлекеттік рәміздер қабылданды

Қазақстан Республикасының Туы, Елтаңбасы, Әнұраны бекітіліп, ел БҰҰ-ға мүше болды.

1993 — Ұлттық валюта: теңге

15 қараша — Ұлттық валюта күні. Алғашқы теңге айналымға енгізілді (кейін жаңа үлгіде жаңартылды).

1994 — Марапаттар және ғарыш

Алғашқы ордендер мен медальдар пайда болды. Талғат Мұсабаев ғарышқа самғады.

1995 — Ата Заң қабылданды

30 тамыз — Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданған күн.

1996 — Парламенттің І сессиясы

20 қаңтар — Қазақстан Республикасы Парламентінің алғашқы сессиясы өтті.

1997 — Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу

Тарихтың ауыр беттері ұмыт қалмасын деген ниетпен еске алу іс-шаралары күшейтілді.

1998 — Астана кезеңі

Ел астанасы Ақмолаға көшіп, жаңа дәуірдің символына айналды. Қала заманауи сәулетімен көркейе түсті.

1999 — Президент сайлауы

10 қаңтар — Президент сайлауы өтті.

2000 — Мәдениетті қолдау жылы

Түркістанның 1500 жылдығы аталып өтті.

2001 — Жаңа ғасыр және 10 жылдық

XXI ғасыр басталып, тәуелсіздікке 10 жыл толды.

2002 — Денсаулық жылы

Қоғам денсаулығын нығайтуға бағытталған бастамалар күшейтілді.

2003–2005 — Ауыл жылдары

Ауылдың әлеуетін арттыруға арналған бағдарламалар іске асты.

2004 — Қазақстан–Ресей жылы

Екіжақты мәдени-экономикалық байланыстарды нығайтқан іс-шаралар өтті.

2005 — Ресейде Абай жылы

Абай мұрасы халықаралық деңгейде кеңінен насихатталды.

2006 — Тәуелсіздікке 15 жыл

Желтоқсан оқиғасына 20 жыл толды.

2007 — Қазақ тілін қолдау жылы

Мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейтуге басымдық берілді.

2008 — «Қазақ елі» монументі

Астананың сол жағалауындағы сәулетті ғимараттар қатары «Қазақ елі» монументімен толықты. Биіктігі — 91 метр.

2009 — Білім және ғылым дамуы

2009–2011 жылдарға арналған стратегиялық жоспар әзірленді.

2010 — ЕҚЫҰ төрағалығы және Азия ойындары

Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етті. VII Қысқы Азия ойындары Астана мен Алматыда өтіп, ел қоржынына 70 медаль түсті (32 алтын, 21 күміс, 17 қола).

2011 — 20 жылдық белес

Қазақстан Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесіне төрағалық етті. Желтоқсан оқиғасына 25 жыл, тәуелсіздікке 20 жыл толды.

Поэзия минуты: «Тәуелсіздік деп жырлайды ұланым»

Оқушылар тәуелсіздік тақырыбындағы жырларын оқып, елдік рухты, еркіндіктің қадірін көркем сөзбен жеткізді.

«Отан» деген не?

Отан — тек туған үй мен өскен орта ғана емес. Ол — тарихың, тілің, елің, жерің, салт-дәстүрің, бүгінгі тыныштығың мен ертеңгі үмітің.

Сынып сағатында балалар Отан туралы қысқа тақпақтар айтып, өз ойларын ортаға салды.

Сұрақ-жауап: рәміздерді тану

Негізгі сұрақтар

  • Әнұранның сөзі мен әнін кімдер жазған?
  • Тудың авторы кім?
  • Елтаңбаның авторлары кім?

Түйін сөз

Сұрақтар қорытындысы ретінде ортақ ұғым айқындалды:

ҚҰҚЫҚ — әр азаматтың қорғалатын мүмкіндігі мен жауапкершілігі

«Сен өз құқығыңды білесің бе?» — қойылым және талқылау

Оқушылар екі көрініс арқылы әдеп, қауіпсіздік, жауапкершілік және заң талаптарын түсінді.

Көрініс 1: Кішіні мазақ ету

Екі оқушы аулада ойыншықпен ойнап жүрген сәбиді алдап, оны мазақ етеді.

Талқылау сұрақтары

  • Қандай жағымсыз әрекет байқалды?
  • Бұл әрекет заң бұзушылыққа жата ма?
  • Сәбиді ата-анасы дұрыс тәрбиелеген бе?

Түйінді ой

Ата-ана тәрбиесі дұрыс болғанымен, құқықтық түсінік те маңызды. Конституцияның 27-бабы ата-ананың бала тәрбиелеудегі міндетін айқындайды. Ал 17-бап — адамның қадір-қасиетін қорлауға, зорлық-зомбылық жасауға жол берілмейтінін бекітеді.

Көрініс 2: Табиғатқа зиян келтіру қаупі

Демалыс күні үш оқушының бірі ағашқа от қойып, «алауға айналдырайық» деп ұсынады. Қалған екеуі оны әрең тоқтатады.

Талқылау сұрақтары

  • Қандай жағымсыз әдет байқалды?
  • Бұл әрекет заң бұзушылыққа жата ма?

Түйінді ой

Конституцияның 24-бабы әркімнің тынығу құқығын айтады, бірақ ол жауапкершілікті жоққа шығармайды. 38-бап табиғатты сақтауды әр азаматтың міндеті ретінде бекітеді.

Қорытынды: өз құқықтарыңды білу — маңызды, ал оны дұрыс қолдану одан да маңызды. Сауатты, саналы болу — әр оқушының үлкен жетістігі.

Ортақ мереке: ата-ана қатысуы және сергіту сәті

Мерекеге ата-аналар қатысып, өз тілектерін білдірді. «Ауылдың алты ауызы» дәстүрімен ән шырқалып, мерекелік көңіл-күй жалғасты.

Сергіту сәті

«Орныңды тап!» ойыны арқылы зейін мен ұйымшылдық нығайтылды.

Сөз құрастыру

Тақырыпқа қатысты сөздер құрастырып, ойлау қабілеті дамытылды.

Ән шашу

Жанерке және Мадинаның орындауындағы әндер мерекені көркемдеді.

Қорытынды

Бүгінгі тәрбие сағатында оқушылар өздерінің тәуелсіз елдің болашағы екенін, нағыз азамат болуға лайық екенін ісімен де, сөзімен де көрсете білді.

Жұбан Молдағалиев:

«Өткеніңді еске алсаң — өскеніңнің белгісі.
Өткеніңді ұмытсаң — өшкеніңнің белгісі.»

Ендеше, халқымыздың жетістігі — бізге аманат. Еліміздің еркіндігін сақтайтын, білімді де батыл ұрпақ болып өсетініңізге сенім мол. Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын!

Қорытынды әндер

  • «Саржайлау» (ән шашу)
  • Хор: «Егеменді Қазақстан»

Ұйымдастырушы

Шишимбаева Гульнара Батырхановна