Біз достық шеңберіне жиналдық
Қызылорда облысы • Қазалы ауданы • Әйтеке би кенті
№7 «Балдырған» балабақшасы
Педагог: Кушикбаева Гүлбану
Білім беру саласы
Қатынас
ҰОІӘ
Тіл дамыту
Тақырыбы
«Достық белгісі»
Мақсаты
«Достық белгісі» ұғымын балалардың өз ойымен айтып, ішкі жан-дүниесімен бөлісе білуін қалыптастыру. Бастаған ісін аяқтауға, бір-біріне ақыл-кеңес беріп, бірлесе шешім қабылдауға баулу.
Ертегіні соңына дейін ойнап шығуға, кейіпкерлердің мінезіне сай дауыс ырғағын келтіріп, образға ене білуге үйрету. Балалардың достық қарым-қатынасын нығайтып, бір-біріне деген сыйластығын арттыру.
Қиялынан туған ойды тәрбиешімен пікірлесе отырып жеткізуге тәрбиелеу. Мақал-мәтелдер мен өсиет сөздерді қолдана отырып, жақсы мен жаманды ажырата білуге баулу. Ертегі ойнауға қызығушылығын арттыру.
Әдіс-тәсілдер
- Сұрақ-жауап
- Пікірлесу
- Мақал-мәтел, өсиет сөздер айту
- «Таңғажайып сәт»
Қажетті көрнекіліктер
- Үстел үсті театрына арналған аңдардың бетперделері
- Кіші көне үйшік және әдемі үлкен үйшік
- Плакаттар
- Ұлттық киімдер
Сабақ барысы
Кіріспе: «Достық жыры»
Әуелі «Достық жыры» өлеңі орындалады. Тәрбиеші балалардан өлеңнің мазмұнын сұрап, достықтың мәнін бірге ашады.
Тәрбиеші сұрағы
«Балалар, бұл өлең не туралы?»
Балалардың жауабы
«Бұл өлең достық туралы.»
Талқылау
Тәрбиеші достықтың халықтар мен ұлттарды да жақындастыратынын атап өтеді және балалардан: «Дос дегенді қалай түсінесіңдер?» деп сұрайды.
Негізгі ойлар
- Достар бірін-бірі алдамайды, ренжітпейді.
- Достар бір-біріне көмектеседі.
Балалардың тілегі
- Гауһар: «Досым өтірік айтпайтын, шыншыл болса деймін.»
- Нұргүл: «Досым адал, мейірімді болса деймін.»
- Мақсат: «Досым ақылды, намысты болса екен деймін.»
Түйін
Балалар «Біз бәріміз доспыз» деп жауап береді: «Біз топта тату ойнаймыз, бірге оқимыз, бір-бірімізді ренжітпейміз, барша адамға жақсылық тілейміз.»
«Достық шеңбері»
Балалар шеңберге тұрып, қол алысады және бірге айтады:
Қол алысып кәне біз,
Достасайық бәріміз.
Тілегім көп сіздерге,
Тек тұрыңдар шеңберге.
Қандай жақсы бір тұру,
Достарменен бір жүру.
Неге шеңбер?
- Шеңбердің бұрышы болмайды.
- Бақыт, қуаныш, достық «адасып қалмайды».
- Мейірімді жүректер бір-бірін табады.
Таңғажайып сәт
Осы кезде жылаған баланың дауысы естіледі. Топқа Бекзат есімді бала кіреді.
Бекзаттың оқиғасы: қызғаныш пен кешірім
Тәрбиеші Бекзаттан не болғанын сұрайды. Бекзат: «Достарым мені өздерімен бірге ойнатпайды» дейді. Сәлден соң бір қыз бала кіріп: «Иә, ол жаңа ойыншығын бізге ойнауға бермеді» деп түсіндіреді.
Тәрбиеші Бекзатқа ренжудің орны жоқ екенін, ойыншықты бөлісу — достықтың бір белгісі екенін айтады. Жансая ұсыныс білдіреді: «Бекзатқа мақал-мәтел, өсиет сөздерімізді айтып берейік».
Өсиет сөз
Досым көп болсын десең,
Айтпа жалған ешқашан.
Шыншыл бол әрқашан.
Мақал-мәтелдер
- Дәулет: «Дос болсаң берік бол, досыңа серік бол.»
- Азатгүл: «Досың үшін долы боранға да шыда.»
Уалихан: «Кел, Бекзат, біздің достық шеңберімізге қосылып, бізбен дос бол.»
Бекзат: «Рахмет, мен де сендермен дос болайын.»
Достық тек адамдар арасында ма?
Тәрбиеші балаларға ой тастайды: «Достық қарым-қатынас тек адамдар арасында ғана болады деп ойлайсыңдар ма?» Перизат: «Жоқ, достық аңдар мен жан-жануарлардың арасында да болады» деп жауап береді.
Ақнұр өткенде тыңдалған ертегіні еске түсіреді: «Аю қиратып алған үйді достары бірігіп, үлкен етіп салып берген еді ғой». Тәрбиеші балалардан «Үйшік» ертегісін бәрі білетін-білмейтінін сұрайды, балалар бір ауыздан келіседі.
Балалар үстел үсті театрындағы аңдардың бетпердесін киіп, кейіпкерлерге бөлініп, «Үйшік» ертегісін сахналайды. Әр бала өз рөлін мінезіне сай дауыс ырғағымен орындауға тырысады.
Тәрбиеші қорытындылайды: балалар ормандағы аңдардың достығына куә болды — бірігіп әрекет ету, көмектесу, кешірім мен ынтымақтың құнын сезінді.
Достық белгісі: кемпірқосақ және түстер тілі
Тәрбиеші табиғаттың әсем көрінісі де достық белгісіне ұқсайтынын сұрайды. Балалар кемпірқосақты мысалға келтіреді: «Кемпірқосақ — бояулар достығының кереметі».
Ақ түс
«Ақ бұлттай көңіліміз де аппақ болып, адамдар бір-біріне ақ ниетпен қараса екен.»
Жасыл түс
«Жасыл шөптей Жер-Анаға көрік беретін мейірім көп болса екен.»
Қызыл түс
«Қызыл раушандай айналама жылылық пен хош көңіл сыйлағым келеді.»
Көк түс
«Еліміздің көк байрағындай биікте желбіреп, достығымыз арта берсе екен.»
Күн шуағы
«Күн секілді достарыма жылы шуақ сыйлағым келеді.»
Бейбітшілік тілегі
«Көгершіндей барша халыққа достық пен ынтымақ тілеймін. Талабымыз таудай биік болсын.»
Ән және хат
Осы кезде «Ақ көгершін» әні ойналады. Көгершін келіп қонады. Тәрбиеші көгершіннің тұмсығында хат барын байқап, хаттағы жақсы тілектерді балаларға оқып береді.
Тәрбиеші: «Тілегіңе көп рахмет, ақ көгершін!»
Соңында балалар апайларына арнап «Дос болайық бәріміз» әнін орындайды.