Балаларға моншақ тастарын көрсете отырып сұрақтар қою
Семей қаласы
Қ. Рысқұлбеков атындағы №33 орта мектеп
Бастауыш сынып мұғалімі: Байжуманова Калимаш Жағыпаровна
Сабақтың тақырыбы: «Сөйлем туралы түсінік» (Қазақ тілі)
Білім берушілік мақсат
- Сөйлем туралы мағлұмат беру.
- Сөз тіркесін қолдана отырып сөйлем құрауға үйрету.
- Сөйлем және оның түрлерімен таныстыру.
Дамытушылық мақсат
- Өз ойын ауызша және жазбаша жеткізе білуге үйрету.
- Оқушының ойлау қабілетін дамыту.
- Дүниетанымын кеңейту.
- Сөздік қорын молайту.
Тәрбиелік (тәжірибелік) мақсат
- Оқушының мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру.
- Өнер туындыларын түсініп, қадірлей білуге баулу.
Сабақ түрі
Интеграциялық сабақ.
Сабақ әдістері
Сұрақ-жауап, әңгімелеу, тест, тірек-сызбамен жұмыс, көрнекілік.
Негізгі ұғымдар
Сөйлем, сөз тіркесі, тыныс белгілері (нүкте, леп белгісі, сұрақ белгісі).
Сабақ барысы
1) Ұйымдастыру
Оқушылардың назарын сабаққа аудару, жұмысқа даярлау.
2) Тестпен жұмыс
Тапсырмалар жеке-жеке таратылады
-
Көп нүктенің орнына тиісті әріпті жаз.
С...рет, бар...қ, ша...а, қ...с.
-
Сөздерді буынға бөл.
Аққу, ата, ыдыс, қалам.
-
Буындардан сөз құрастыр.
Ө(рік), е(геу), ба(қа).
-
Оқуға болмайтын әріпті тап. Астын сыз.
А, ө, в, д, е, h, ь, ц, щ, э, ъ.
-
Сөздегі дауыстыларды бір сызықпен, дауыссыздарды екі сызықпен сыз.
Дәрігер, бұзау.
-
Бір буынды сөздерді тап. Белгі (x) қой.
Орман, ара, ұя, құс, қой, хат, кілт.
-
Жуан айтылатын сөздерді тап.
Өркеш, қарағай, жиде, қайық, бәтеңке.
-
Әр жолдағы сөздерден сөйлем құрап жаз.
Биік, тоғайда, өседі, ағаштар.
Ұя, балалар, жасады, құстарға.
Кілем, әдемі, еденге, төселген.
3) Жаңа тақырып: сөйлем деген не?
Бүгінгі сабақта сөйлем туралы мағлұмат аламыз, сөз тіркесін қолдана отырып сөйлем құрауды үйренеміз және сөйлемнің түрлерімен танысамыз.
Көрнекілік арқылы түсіндіру
Мұғалім моншақ тастарын көрсетіп, сұрақ қояды: «Ыдыстағы тастар әдемі әшекей болуы үшін не істеуіміз керек?»
Оқушылардың жауабы: «Тастарды жіпке тізіп, жинау керек.»
Мұғалім қорытындылайды: «Тастар тізілгенде әдемі моншақ шығады. Сөздер де дәл солай: жеке тұрғанда ойды толық білдірмейді, ал бірігіп, байланысқанда сөйлем құрайды.»
Жеке сөздер (толық ой емес)
Демалды, жоқ, ауамен, адам, ауасыз, өмір, таза, ауа, керек, болу.
Сұрақ: «Түсіндіңдер ме? Не туралы айтылған?»
Байланысқан сөздер (толық ой)
- Адам ауамен демалады.
- Ауасыз өмір жоқ.
- Ауа таза болу керек.
Негізгі анықтама
Сөйлем — аяқталған ойды білдіретін сөздер тізбегі. Сөйлемнің соңында ойдың аяқталғанын білдіретін тыныс белгісі қойылады.
Хабарлы сөйлем
. Нүкте
Лепті сөйлем
! Леп белгісі
Сұраулы сөйлем
? Сұрақ белгісі
Талқылау сұрақтары: «Осы мысалда неше сөйлем бар? Әр сөйлем неше сөзден құралған?»
Қорытынды: сөйлем бір сөзден де, екі-үш сөзден де, бірнеше сөзден де құралуы мүмкін.
Көркемөнермен байланыстыру
Оқушыларға Ә. Қастеевтің «Алтын астық» картинасын көрсетіп, сөйлемді дауыс ырғағымен оқыту арқылы леп белгісі мен нүктенің айырмасын байқатады.
Сұрақ: «Екі сөйлемді оқығанда дауыс ырғағым бірдей болды ма? Таңдануды қандай тыныс белгісімен белгілейміз?»
4) Танымдық бөлім: Әбілхан Қастеев туралы қысқаша әңгіме
Бұл суретті қазақтың атақты суретшісі Әбілхан Қастеев салған. Ол 1904 жылы дүниеге келіп, 1973 жылы қайтыс болған. Талдықорған облысы, Панфилов ауданындағы Шежін ауылында туған. Әкесі ерте қайтыс болған.
Жас кезінен өнерге бейім болып, елге танылады. Бір күні: «Он үш жыл қой бақтым, енді оқимын. Таяқ қуат болса да, мұрат емес», — деп, аса таяғын тастап, Жаркентке жаяу жол тартады.
Жаркентте бір татардың қолында жалшы болып жүріп, сурет өнеріне ынтасы арта түседі. Қағаз бен бояуды сатып алуға ақша болмағандықтан, ол бөшкемен бұлақтан су тасып, еңбегімен табыс табады. Жиналған қаржысына қағаз, бояу алып, сурет сала бастайды.
Жас суретшінің еңбегі бағаланып, фотограф С. Саламатов оның жұмыстарын Қызылордадағы оқу бөліміне жібереді. Онда екі жыл оқып, бейнелеу өнерінің негізін меңгереді. Ә. Қастеев 180-нен астам туынды жазып, 200-ден астам көрмеге қатысқан.
Сұрақ-жауап
«Ә. Қастеев туралы не білдіңдер?»
«Бұл сұрауды жазғанда қандай тыныс белгісін қоямыз?»
? Сұрақ белгісі
Адамдардың өзара пікір алмасуы, сөйлесуі және ойын білдіруі сөйлем арқылы жүзеге асады. Жазғанда сөйлемдер бір-бірінен . , ? ! сияқты тыныс белгілері арқылы ажыратылады.
5) Тыныс белгілерін қою (жазба жұмысы)
Плакатта жазылған сөйлемдердің тыныс белгілерін дұрыс қойып, дәптерге көшіріп жазу.
1-сөйлем
Жерде қар жатыр.
2-сөйлем
Алақай, жерде қар жатыр!
3-сөйлем
Қар қалың жауды ма?
Картамен жұмыс: «Қоңыржай аймаққа» саяхат
Қоңыржай аймаққа еліміздің оңтүстік өңірлері: Шымкент, Жамбыл, Алматы, Қызылорда және т.б. жатады.
Тапсырма
«Қоңыржай аймақ» сөз тіркесін пайдаланып, сурет бойынша сұраулы және лепті сөйлемдер құраңдар.
Хабарлы
Қоңыржай аймақта мақта өседі.
Лепті
Мақта қандай аппақ!
Сұраулы
Мақтадан не істеуге болады?
Жауап үлгілері
Жіп иіреді, кілем тоқиды, киім тоқиды.
Өз аймағымыз: дәнді дақылдар және «қара бидай»
Біздің аймақта дәнді дақылдардың көптеген түрі өседі. Соның бірі — бидай. Бидайдың «қара бидай» деген түрі де болады. Қара бидай күзде себіледі, қыс бойы қар астында жатады, ерте көктемде көктейді.
Тірек-сызба бойынша сөйлем құрау
«Қара бидай» сөз тіркесін қолданып, суретке қарап сөйлем құраңдар.
Дәптермен жұмыс: «Өзеннің суы» сөз тіркесі
Тірек-сызбаны қолданып сөйлем құрау:
Өзеннің суы молаяды.
Өзеннің суы:
- қар ерігенде;
- жаңбыр жауғанда;
- егін суару тоқтағанда — молаяды.
Талдау сұрақтары
- Сөйлем неше сөзден құралған?
- Сөйлем соңына қандай тыныс белгісі қойылады?
Оқулықпен жұмыс: жұмбақ
Өзім сөзден тұрамын,
Аяқталған ойды құрамын.
Жауабы: сөйлем.
Қорытынды
Сабақта сөйлем ұғымын анықтадық, сөз тіркесі арқылы сөйлем құрауды үйрендік және тыныс белгілерінің қызметін ажыраттық.
Оқушылардың еңбегі бағаланады. Үй тапсырмасы беріледі.