Ұлттар достығы

Тақырыбы: Ұлттар достығы

Мақсаты

  • Оқушыларға ұлттар достығы туралы түсінік қалыптастыру.
  • Елімізде тұратын өзге ұлттардың озық дәстүрі, мәдениеті және өнегелі үлгілерін құрметтеуге баулу.
  • Көпұлтты Қазақстан халқының бірлік пен татулықта өмір сүріп жатқанын түсіндіру, танымдық ой-өрісті дамыту.
  • Өзге ұлт өкілдерін құрметтеуге тәрбиелеу және патриоттық сезімді ояту.

Барысы

I. Ұйымдастыру бөлімі

Сәлеметсіздер ме, балалар! Бүгін бізде ерекше күн. Бүгінгі тәрбие сағатымыз «Біздің көшенің тұрғындары» бағдарламасы негізінде өтеді.

Сабағымызға қонақтар қатысады. Сондықтан белсенділік танытып, пікір алмасып, сабақты мазмұнды өткізуге атсалысуларыңызды сұраймын.

Тақырып

Ұлттар достығы

«Достық — өмір үшін ең қасиетті нәрсе: адам барлық игілікке түгел ие болса да, дос-жарансыз өмірді қаламайды».

— Аристотель

II. Негізгі бөлім

Мұғалімнің кіріспе сөзі

«Біздің көшенің тұрғындары» ретінде бүгін ең әуелі достықтың мәнін айқындап алайық: достық деген не, оны әрқайсымыз қалай түсінеміз?

Шынайы достық — жүректен шыққан жанашырлықпен, адал ниетпен жасалған іс. Ал өтірік жанашырлық, жала мен екіжүзділік араласса, достықтың іргесі сөгіледі.

Түйін: Достықтың өзегі — адалдық. Адалдықсыз достық болмайды.

Сендер қалай ойлайсыңдар: дос деген кім? Дос қандай болуы керек?

Оқушылардың ойлары мен пікірлері тыңдалады.

Өлең жолы

Достық екен өмірде ең керегі,
Достық болып дүние дөңгеледі.
Өзендегі толқындар дос боп ақты,
Қанатымыздай жүгіріп кеудедегі.

— Назерке

Балалар, достық тағы кімдердің арасында болуы мүмкін?

Мақал-мәтелдер: достық, татулық, ынтымақ

Асылхан

Досы көпті жау алмайды, дау алмайды.

Жеміс

Жаман аттан аяғым артық, жаман достан таяғым артық.

Аружан

Доссыз өмір — тұзсыз ас.

Фариза

Жүз теңгең болғанша, жүз досың болсын.

Жеңіс

Ынтымақ — достықтың бірлігі.

Меруерт

Татулық — табылмас байлық.

Гүлмариям

Дос басқа қарар, дұшпан аяққа қарар.

Жақсы, балалар. Сендер достық туралы көптеген мақал-мәтел біледі екенсіңдер.

Ұлттар достығы туралы

Ел арасындағы және ұлттар арасындағы достық туралы естіген шығарсыңдар. Кең байтақ Қазақстанда 120-дан астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бұл — қазақ халқының кеңпейілділігі мен адамгершілік құндылықтарының айқын көрінісі.

Қазақ осы — айтатұғын елге сыр,
О, ағайын, халық емес ол кесір.
Қазақ осы — аңғал-саңғал, жабусыз,
Қазақ осы — ағыл-тегіл, көл-көсір.

Қазақ осы — дала дейтін, күн дейтін,
Қазақ осы — өнер алды тіл дейтін.
Қазақ осы — қарасың ба, ақсың ба,
Қоңырсың ба, жатырқауды білмейтін.

— Қадыр Мырзалиев

Бір шаңырақ астында түрлі этнос өкілдері сыйластықта өмір сүріп жатыр. Әр халықтың өзіндік тарихы, діні, салт-дәстүрі және материалдық мәдениеті бар.

Қазақстан халқы Ассамблеясы

Қазақстан халқы Ассамблеясы Президенттің жарлығымен 1995 жылы 1 наурызда құрылды. Ассамблеяның негізгі мақсаты — ұлтаралық келісімді нығайту, достықты сақтау және мемлекеттік саясатпен үйлесімді шешімдер қабылдауға ықпал ету.

Ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғырту және мәдени байланыстарды күшейту бағытындағы жұмыстар нәтижесінде еліміздің түкпір-түкпірінде көптеген бөлімшелер ашылып, республикалық және аймақтық ұлттық-мәдени бірлестіктер құрылды. Түрлі этностардың съездері, құрылтайлары мен мәдени фестивальдері өтіп, мәдени күндер белгіленді.

Нәтиже: осындай шаралар қоғамдағы бірлікті бекемдеп, тұрақтылық пен сенімді күшейтеді.

«Біздің көше тұрғындары»: мәдени орталық өкілдерінің сөзі

Ізгі тілек

Біз тілейміз бар бөбекке
Бақытты өмір сүргенін.
Туған елге еркелеп,
Қуанғанын, күлгенін.

Сусынымыз қанады
Өнер-білім нәрімен.
Әлемдегі баланың
Дос боламыз бәрімен.

— Меруерт

Хор

«Отан»

Орыс мәдени орталығының өкілі

Фариза: Здравствуйте! Қазақстан Республикасында орыс халқының саны — 4 479 620 адам. Әлем бойынша — шамамен 147 млн.

Біз елімізде әрдайым тыныштық пен тұрақтылық болғанын, қақтығыс пен төңкерістерге жол берілмегенін қалаймыз.

Жасасын, Қазақстан!

Ортақ үн

Сары, ақпыз, қарамыз,
Бәріміз де баламыз.
Біз қалада тұрамыз,
Біз мектепке барамыз.

— Аружан

Өзбек мәдени орталығының өкілі

Ботагөз: Армысыздар, халқым! Өзбектерді кейде «сарт» деп те атайды. Қазақстанда тұратын өзбек халқының саны — 370 663.

Ақ, қара деп бөлмейміз,
Бір үйдің туған төліндейміз.
Туысқанбыз, татумыз,
Биіктерге өрлейміз.

— Гүлнұр

Тілегі бір, жүрегі бір,
Достармен біз біргеміз.
Туыс барда құрыштан да,
Берік біздің іргеміз.

— Замира

Көрініс

Бақтығұлқызы Гүлнұрдың орындауында түрік биі.

Қырғыз мәдени орталығының өкілі

Жанболат: Мүмкіндікті пайдалана отырып, бәрімізге айтарым: жүзіміз жарқын, көңіліміз шат болуы үшін ұлтаралық ынтымақтастықты нығайту, жалған сөйлемеу және берген уәдені орындау — басты парызымыз. Жасасын достықты жақтаған қазақ елі!