Ата - ана отбасының үлгісі
Психологиялық тренинг: «Менің отбасым — сыйластық пен жарастық орнаған ортам»
Мақсаты
Ата-ана мен бала тәрбиесіндегі қарым-қатынас туралы түсінік беру арқылы ата-аналардың білімін арттыруға көмектесу.
Негізгі идея
Тәрбие үдерісіндегі қиындықтарды бірлесе талқылап, ой түйіп, оны күнделікті өмірде қолдану.
Кіріспе сөз
Психолог: Қош келдіңіздер, құрметті ата-аналар, оқушылар және әріптестер! Бүгінгі отырысымыз ерекше өтеді деген үмітпен тренингімізді бастаймыз.
Бұл тренингтің ерекшелігі — тәрбие үдерісіндегі мәселелерді «біз» болып талқылап, пікір алмасып, ойымызды түйіндеу. Әр айтылған ой — өмір жолында қажет болатын тәжірибе.
Отбасы — адам баласының алтын діңгегі. Адам өмірге келген сәттен бастап осы ортада ер жетіп, тәрбиенің алғашқы сабақтарын алады. Сондықтан отбасы — аса қажетті әрі қасиетті алтын бесік.
Бала мектеп табалдырығын аттағанымен, өмірінің көп бөлігі әке-шешесінің қасында өтеді. Сонымен қатар ата-ана өмірінде «мектепке бару» үш рет болады: бірінші — өзі, екінші — баласы, үшінші — немересі үшін.
Ендеше, балаларыңызға әрдайым қорған болып, немере сүйіп, мектепке келе беріңіздер!
Тренингті бастамас бұрын, қатысушылар танысып өтеді.
І. Жаттығу: «Есімдер аллитерациясы»
Мақсаты: тренингке қатысып отырған ата-аналар мен оқушыларды таныстыру.
Ата-аналарға сұрақтар
- •Есіміңіз кім?
- •Есіміңіз қандай мағына береді?
Оқушыларға сұрақтар
- •Есімің кім?
- •Өз атыңның алғашқы әрпінен басталатын жақсы қасиетіңді ата.
Психолог ата-аналарға сұрақ қояды: «Сіз өз балаңызды қаншалықты толық әрі жақсы білесіз?» Жауаптар тыңдалған соң: «Ендеше, балаларымызды қаншалықты жақсы білетінімізді іс жүзінде тексеріп көрейік».
ІІ. Жаттығу: «Өз балаңызды жақсы білесіз бе?»
Мақсаты: ата-ана мен баланың арасындағы қарым-қатынасты айқындау.
Сұрақтар
- Балаңыздың жақсы көретін түсі қандай?
- Қандай тағамды сүйсініп жейді?
- Балаңызды еркелеткенде қалай атайсыз?
- Балаңыздың ең жақын досының есімі кім?
- Сүйіп оқитын пәні қандай?
- Балаңыз мектепте қай кабинетте оқиды?
Нұсқау және бағалау
- •Ата-ана да, бала да сұрақтарға жеке-жеке, бір уақытта жауап жазады.
- •Соңында жауаптар салыстырылады.
- •Әр дәл сәйкес жауапқа 1 ұпай беріледі.
Қорытынды: көп ұпай жинаған ата-аналар мадақталады. Ұпайы төмен қатысушыларға балаларымен байланыс пен ортақ уақытты арттыру ұсынылады.
ІІІ. Шығармашылық жұмыс: «Отбасылық құндылық ағашы»
Нұсқау: үлкен ағаштың суретін салыңыз. Бұл — сіздің отбасылық құндылық ағашыңыз. Құндылықтарды ағаштың тамырына, діңіне және бұтақтарына орналастырыңыз: тамыр — ең негізгі құндылық, дің — орташа деңгейдегі құндылықтар, бұтақ — маңызды болғанымен сирек қолданылатын құндылықтар.
Уақыт: 7–10 минут. Соңында шыққан «бәйтерек» суретін қорғап шығасыз.
IV. Әдістеме: ата-ананың балаға көңіл бөлу деңгейін анықтау
Төмендегі тұжырымдарды оқып, өзіңізге сәйкес келетін жауапты белгілеңіз. Нәтижені жасыл, сары және қызыл түстер бойынша бөлек санаңыз.
| № | Тұжырым | Белгі |
|---|---|---|
| 1 | Мен балама өз балалық шағым туралы айтып отырамын. | жасыл / сары |
| 2 | Балаларыммен сирек ойнаймын. | сары / жасыл |
| 3 | Балам әрдайым маған өз сырын айтуға дайын. | жасыл / сары |
| 4 | Басына түскен қиындықтарын менімен бөліседі деп сенемін. | жасыл / сары |
| 5 | Кез келген баланың ісіне мән беру керек, өйткені ол ұйымшылдыққа тәрбиелейді деп ойлаймын. | қызыл |
| 6 | Айына екі рет баламмен бірге қыдырамын. | жасыл / сары |
| 7 | Балам үй тапсырмасына көмек сұраса, әрдайым көмектесуге дайынмын. | жасыл / сары |
| 8 | Балам қандай оқулықтарды сүйіп оқитынын жақсы білемін. | жасыл / сары |
| 9 | 3 немесе 2 баға алса, міндетті түрде жазалаймын. | қызыл |
| 10 | Баламды мақтау үшін әрдайым сылтау іздеймін. | жасыл / қызыл |
| 11 | Бірге сырласып, әңгімелескенді жақсы көреміз. | жасыл / сары |
| 12 | Кейде уақытымды балаға ұрысуға ғана жұмсайтын сияқтымын. | қызыл |
| 13 | Әрқашан баламның басынан сипап, құшақтаймын. | жасыл / сары |
| 14 | Менің дауыс ырғағым көбіне бұйрық беріп, қатқыл сөйлеуге бейім. | қызыл |
| 15 | Балаларыммен бірге үй тапсырмасын орындауым керек, өйткені олар өз еркімен орындамайды. | қызыл |
| 16 | Баламның қандай арманы бар екенін жақсы білемін. | жасыл / сары |
| 17 | Кейде басқа біреудің баласын немесе өзімді үлгі тұтамын. | қызыл |
| 18 | Балам ашуланып бір нәрсе бүлдірсе, міндетті түрде жазалаймын. | қызыл |
| 19 | Оқыған кітаптарды немесе көрген фильмді бірге талқылаймыз. | жасыл / сары |
| 20 | Үйдегі келеңсіз жағдайларды балаларыма айтып отырамын. | жасыл |
| 21 | Мен ауырғанда немесе шаршағанда балам оны сезіп, көмектеседі. | жасыл / сары |
| 22 | Балам менімен бірге жиі болғанды жақсы көретінін айтып жүреді. | сары |
| 23 | Баламмен сөйлескенді өте жақсы көремін. | жасыл / сары |
Жасыл шаршылар
- 0–5 ұпай: балаға көңіл бөлу жеткіліксіз. Көңілдің саны емес, сапасы маңызды. Үй шаруасын істеп жүріп те сөйлесуге уақыт табыңыз.
- 5–10 ұпай: көңіл бөліну деңгейі төмен. Тамақтандыру, киіндіру, күнделікті қарау — толыққанды назар емес. Баланың ішкі жан-дүниесіне көбірек үңіліңіз.
- 10–15 ұпай: балаға жеткілікті көңіл бөлесіз. Бала сізге сенеді, қиындықта сүйеніш көреді; бұл оның тұлға болып қалыптасуына ықпал етеді.
Сары шаршылар
- 1–4 ұпай: көңіл бөлу тым көп болуы мүмкін. Балада өз бетінше шешім қабылдау дағдысы бәсеңдеп, тәуелділік қалыптасуы ықтимал.
- 5–9 ұпай: бала сізден тұрақты назар күтеді. Күнделікті істерде пікірін тыңдап, ақылдасып отырыңыз.
- 9–13 ұпай: сіздің назарыңыз балаға өте қажет. Жұмыстан бос минут тапсаңыз, жылы сөз айтып, мақтауды ұмытпаңыз; уақыт өте келе байланыс әлсіреп кетуі мүмкін.
Қызыл шаршылар
- 0–2 ұпай: отбасында ахуал тұрақты: балаға жеткілікті көңіл бөлінеді, өзін-өзі бағалауы дұрыс қалыптасқан.
- 2–4 ұпай: балаға тым қатал болуыңыз немесе аз көңіл бөлуіңіз ықтимал. Бала назар аударту үшін жағымсыз әрекеттерге баруы мүмкін; қолдауды күшейтіңіз.
- 4–8 ұпай: жиі ұрысу мен ақыл айту балада сондай қарым-қатынасты «қалыпты» деп қабылдатуы мүмкін. Дауысты бәсеңдетіп, себепсіз болса да мақтауды көбейтіңіз — үйдегі айқай-шу азайып, байланыс нығаяды.
V. Медитация: «Өз жұлдызыңызды табыңыз»
Нұсқау
Әдемі әуен қойылады. Жұлдызды түнді елестетіңіз.
Жұлдыздар әртүрлі: үлкен және кіші, жарық және көмескі. Біреу үшін — бір немесе бірнеше жұлдыз, ал енді біреу үшін — сансыз көп шоқжұлдыз.
Жұлдыздарға мұқият қарап, өзіңізге ең әсерлі, ең «керемет» жұлдызды таңдаңыз. Мүмкін ол балалық арманыңызды еске салар, мүмкін бақытты сәттерге жетелер.
Сол жұлдызға жетуге тырысыңыз. Бар күшіңізді салыңыз. Сіз міндетті түрде жетесіз. Аспаннан алып, оны алдыңызға қойыңыз.
Әрекет қадамдары
- Ата-ана алдарында жатқан жұлдыздардың ішінен біреуін таңдайды.
- Жұлдызға болашақта балаңызды қандай адам ретінде елестететініңізді жазады.
- Жазылған жұлдызды тақтаға іледі.
Психолог: Бұған дейін балалармен «Отбасындағы қарым-қатынас» тақырыбында тренинг өткіздік. Сол сабақта «Бала сіздерден не күтеді?» және «Сізге деген көзқарасы қандай?» сұрақтарына жауап алған едік. Қаласаңыз, балаңыздың жүрек сөзін оқып, ой түюге болады.
VI. Қорытындылау: «Тілек шамы»
Мақсаты: тренинг туралы пікірлермен бөлісу, әсер мен ойды қорытындылау.
Жүргізілуі
Қоштасатын сәт те келді, ата-аналар мен оқушылар. Біз жанұядағы ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың түрлі қырын танып, жан-жақты талқылауға тырыстық.
Отбасы — ұшқан ұя, жылылықтың мекені. «Отбасы» атауының өзінде оттың, ошақтың мәні бар. Сондықтан ошағымыздың түтіні түзу болсын деген ниетпен «Тілек шамын» жүргіземіз.
Шамды бір-бірімізге бере отырып, бүгінгі кездесуден алған әсеріңізді айтыңыз. Егер тренинг кезінде айта алмаған ойыңыз болса, осы сәтте бөлісуге болады.
Психологтың қорытынды сөзі
Ұлағатты ұстаздар, ардақты ата-аналар және оқушылар! Жел бесіктен жер бесікке дейінгі адам өміріндегі тәрбиенің ұйытқысы — ата-ана мен мектеп.
Болашақ, келешек дегеніміз — ұрпақ. Адамның өзге тіршілік иесінен айырмашылығы: перзент әкелген соң, оның ертеңін ойлап, адам етіп тәрбиелеуге жауапкершілік алуы.
Бала тәрбиесі — бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның абыройлы міндеті. Әл-Фараби бабамыз: «Ғылым емес, ең алдымен тәрбиеге көңіл бөлу керек. Тәрбиесіз адамға ғылым баянды болмайды», — деген.
Ұрпақ тәрбиесіне мүдделі екенімізді іс жүзінде дәлелдеп отыруымыз қажет. Ынтымақ пен бірлік бар жерде ғана нәтиже болады.
Ұлтымыздың қанындағы ізеттілік дөрекілікке, қайырымдылық қатыгездікке, жомарттық тоғышарлыққа, адалдық арамдыққа, парасаттылық парықсыздыққа ауыспасын деген үміт бар.
Өмірдің өтпелі қиын кезеңінде ұл-қыздарымыздың саналы тәрбие, нақты білім алуына күш салайық. Отбасының басым рөлін мойындап, бірігіп әрекет етуіміз қажет.
Бала тәрбиесінде шыдамды болып, өз балаларыңызға жылуыңызды бере біліңіздер. Өсірген ұл-қыздарыңыз әрдайым қуаныш әкелсін! Келесі кездескенше сау болыңыздар!