Тәрбие үрдісіндегі оқушы мен сынып жетекшінің өзара байланысы

Тәрбие үрдісіндегі оқушы мен сынып жетекшінің өзара байланысы

Жаңа заман талабы — өз Отанын сүйіп, құрметтейтін; қарым-қатынас жасай алатын; өзін-өзі жетілдіру арқылы өмірлік мақсаттарына жете білетін; адамгершілік құндылықтарды қастерлейтін; жеке қызығушылықтары мен қажеттіліктерін қоғам талабымен үйлестіре алатын тұлғаны қалыптастыру. Бұл мақсатқа жету үшін тәрбие үрдісін ұйымдастыруға кешенді көзқарас қажет.

Алайда барлық оқушы бірдей күткендей бола бермейді. Кейбірі сыныпта да, мектепте де тәртіпке кедергі келтіріп, көпке ортақ ережелерге қарсы әрекет жасап, өзгенің тыныш оқуына іріткі салуы мүмкін. Осындай жағдайда оқушымен жүйелі түрде жұмыс жүргізіп, оны қатарға қосатын негізгі тұлға — сынып жетекшісі.

Қиындықтың себептері және педагогикалық әдеп

Жас ұрпақ жаратылысынан «жаман» болып тумайды. Баланы теріс жолға түсіретін жағдайлар әртүрлі: біреуінде — отбасындағы тәрбиенің әлсіздігі, екіншісінде — жолдастарының теріс ықпалы, үшіншісінде — психофизиологиялық даму кезеңіндегі дағдарыстар әсер етеді.

Сынып жетекшісі педагогикалық ықпал жасағанда шәкірттің кемшілігін оның ар-намысына тимейтіндей, жасытпайтын түрде ескертуі тиіс. Сонымен қатар жақсы мінез-құлық белгілерін дамытып, өз күшіне сенімін арттырып, ұнамды істерге еліктіре білуі маңызды.

Салыстырудың зияны және әділ тәсілдер

Оқушыларды бір-бірімен оқу үлгерімі, қасиеті немесе қабілеті бойынша салыстырудан сақ болған жөн. Мұндай салыстыру кей оқушының жеке-типологиялық ерекшелігіне байланысты намысына тиіп, ал озат оқушыға қарсы өшпенділік тудыруы мүмкін.

Сондықтан мадақтау, жазалау, салыстыру сияқты әдістерді қолданғанда әр оқушының жеке психологиялық ерекшеліктерін ескеру қажет.

Ұжымдық жұмыс пен дара тәрбиенің үйлесімі

Қиындық келтіретін оқушылармен жұмыста ұжымдық шаралар мен дара тәрбие қатар жүруі тиіс. Әсіресе ер баламен жеке сөйлесу арқылы мінез-құлқын түзету, өзін-өзі тәрбиелеу, өзін-өзі реттеу, ерік-жігерін дамыту бағыттары айқындалады.

Назардағы қағида

Оқушы мақсат қойса, қиындыққа қарамастан бастаған ісін аяқтауға дағдылануы керек. Бұл қағиданың мәні мен мазмұнын терең түсініп, өз бойына сіңіру — тәрбиенің маңызды нәтижесі.

Қызығушылық арқылы тәрбиелеу: әңгіме, жаңалық, үлгі

Білім мен тәрбие беру мақсатында апта сайын «Апта күні» айдарымен спорт жаңалықтары таныстырылып отырады. Мысалы: Турин олимпиадасы, Азия чемпионаты, грек-рим күресі күнделігі, олимпиада ойындарының тарихынан естеліктер және өзге материалдар.

Сонымен бірге тәртібі босаң, енжар оқушыны қолдау үшін «Демала білу керек», «Сенің білімің — келешегіңнің жемісі» сияқты тәрбиелік әңгімелер өткізіледі.

Жасөспірімнің қызығушылығын арттыратын бұқаралық шаралар да тиімді. Мысалы, М. Б. Ықсанов туралы толық мәлімет беру, көшелердің не себепті оның есімімен аталғанын түсіндіру — оқушы бойында адал еңбекке деген сүйіспеншілікті оятуға көмектеседі.

Оқшау балаларды ұжымға кіріктіру: көзқарас мәдениеті

Оқшау жүретін балалардың сынып ұжымымен жұғысып кетуі ұжым мүшелерінің көзқарасына тікелей байланысты. Сыныптағы әлсіздерге деген қарым-қатынасты түзету — сынып жетекшісінің басты міндеттерінің бірі.

Егер әркім әлсізге қамқорлық жасап, бауырына тартып, оның да алға шыға алатынына сенім білдірсе, ұжым еркіне көнбейтін жасөспірім азаяды.

Тәжірибеден мысал

Сыныпқа жаңадан келген бір оқушы оқу жылының басында аяғын ауыртып алып, дайындыққа бара алмай, нәтиже көрсете алмады. Кейін балалар оның күрестегі тәсілдерін мазақ еткен (бапкердің айтуынша). Осы жағдайдан кейін сынып жетекшісі бірге жаттығатын оқушылармен жеке-жеке сөйлесті. Оқушылар қателіктерін мойындап, кешірім сұрады. Қазір бәрі бір ұжымның баласындай бірге жаттығып жүр.

Өзін-өзі басқару: жауапкершілік арқылы тәртіп қалыптастыру

Сынып сағаттарында үлгерімге қатысты мәселелер көтерілгенде, талқылауды оқушылардың өздеріне жүргізуге мүмкіндік беру тиімді. Ал сынып жетекшісі кеңесші рөлінде қалып, пікірталастың әділ өтуін бақылап отырса, бұл — демократиялық сананың қалыптасуына ықпал етеді.

Староста сайлау кезіндегі анкеталық сұрақтар

  1. Сынып старостасы болғың келе ме?
  2. Сынып старостасының қандай дәрежеде болғанын қалайсың?
  3. Кімді сайлағың келеді, қандай қасиеттері үшін?

Староста сайланғаннан кейін сынып белсенділері әр оқушының қабілетіне қарай анықталып, секторларға бөлінеді. Бұл тәсіл тәртібі босаң оқушыларды да ұжымның тең құқықты қоғамдық істеріне тартуға мүмкіндік береді.

Тәртіп секторы

Күнделікті сабаққа қатысу мен тәртіп көрсеткіштерін есепке алады.

Тазалық секторы

Аптасына бір рет оқушылардың киімі мен тазалығын тексереді.

Спорт секторы

Спорт жаңалықтарын таныстырып, спортқа қатысты мәселелерді үйлестіреді.

Шаруашылық секторы

Қоғамдық пайдалы еңбекке қатысуды ұйымдастырады.

Оқу секторы

Үлгерім, күнделік және оқу тәртібін жүйелейді.

Хабарлама секторы

Әлем, облыс және аудан жаңалықтарын жинақтап ұсынады.

Оқулық секторы

Оқулықтардың ұқыпты ұсталуын бақылап, апта сайын түгендейді.

Редколлегия

Мерзімді күндерге және мектеп пен сынып өміріне арналған қабырға газетін шығарады.

Әр сектор өз жұмысына арнайы дәптер жүргізіп, тәрбие сағаттарында атқарылған іс талданады. Екі оқушыдан бастап 18 оқушыға дейін қамтылып, жауапкершілікпен араласқаннан кейін нақты нәтиже байқалды.

Автор туралы мәлімет

Батыс Қазақстан облысы, Тасқала ауданы, ЖОББ Амангелді мектеп-балабақшасының әлеуметтік педагогі — Жанна Букенбаевна Ислямгалиева.