Бүгін біз штрихтың түрлерін, олардың қалай орындалатынын үйрендік

Қызылорда қаласы • Шиелі кенті • Әуез мектебі • ІІ санатты мұғалім: Сұлтанова С.С.

Ұстаз жауапкершілігі және шығармашылыққа жетелейтін сабақ

«Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында», – деген ойды Н. Назарбаев та атап өткен. Еліміздің өркениетті мемлекеттермен тең қадам басуы үшін болашақтың тұтқасын ұстайтын, білімді ұрпақ тәрбиелеу – ұстаздарға артылған үлкен жауапкершілік.

Бұл бағытта мемлекет тарапынан жағдай жасалып келеді. Жалпы, ұстаздар қауымын білім мен өнер шыңына ұмтылатын, ізденімпаз, шығармашыл, өмірге шуақ пен нәр себетін тұлғалар деп тануға болады.

Ғұлама философ Сократ білім беруде маевтика тәсілін кең қолданған: ол шәкіртін «үйретуден» гөрі, сұрақ қою арқылы оқушының өз бойындағы білімін еске түсіртіп, оны өздігінен ашуына мүмкіндік берген. Негізгі мақсаты – ұстаздың ынталандыратын сұрақтар мен тапсырмалар арқылы жағдай жасап, оқушыға белгісізді өз бетімен тануға көмектесуі.

Осы тұста Конфуцийдің «Маған айтып берсең – ұмытып қаламын, көрсетсең – есімде сақтаймын, өзіме жасатсаң – үйренемін» деген пікірі де ерекше мәнді.

Фортепиано сыныбындағы ұстаным

Арнаулы әуез мектебіндегі фортепиано сыныбында жүргізілетін жұмыс дайын материалды жай ғана қайталап орындаудан алшақ. Оқушы өзекті әрі күрделі шығармамен сын тұрғысынан жұмыс істейді: тыңдайды, ой елегінен өткізеді, терең танысып талдайды, бірнеше жаттығу арқылы нәтижесін жинақтап, орындауға шығарады.

Төменде оқушылардың сабаққа қызығушылығын арттырып, жақсы нәтижеге жеткізген сабақ жоспары ұсынылады.

Сабақ жоспары

Тақырып

Музыкалық шығармадағы штрихтармен жұмыс

Күтілетін нәтиже

Оқушы С. Майкапардың «В садике» шығармасының ерекшеліктерін (тональдік, өлшем, штрих, динамикалық белгілер) ажыратады және фортепианода орындау дағдысын жетілдіреді.

Мақсаттар

  • Білімділік: шығарманы орындаумен жұмыс істеу; штрихтар мен динамикалық белгілерді ажыратуды үйрету.
  • Дамытушылық: шығармашылыққа баулу; штрих пен динамиканы дәл, орынды жеткізу; есту және есте сақтау қабілеттерін дамыту.
  • Тәрбиелік: таза, сауатты ойнауға тәрбиелеу.

Қажетті жабдықтар

  • Фортепиано
  • Смайликтер (көңіл күйді анықтауға)
  • Гүл күлтешелері (сұрақтармен)
  • Плакаттар

Әдіс-тәсілдер

  • Түсіндіру
  • Сұрақ-жауап
  • Ой қозғау
  • Аспапта ойнау

Сабақтың мазмұны

1) Ұйымдастыру кезеңі

Сәлемдесу: «Армысыздар, қадірлі ұстаздар! Бүгінгі шуақты күнде 2-сынып оқушысы С...-мен фортепиано класы бойынша өткізілетін сабаққа қош келдіңіздер».

2) Психологиялық дайындық

Оқушының көңіл күйін анықтау үшін смайлик таңдатылады. Оқушы екі смайликтің бірін алып, ішіндегі сөзін оқып көрсетеді:

1-нұсқа

Жадырап жайнаймын, білімге тоймаймын.

2-нұсқа

Әлі де оқимын, көңілге тоқимын.

Бұл тәсіл оқушының сабаққа қызығушылығын оятып, көтеріңкі көңіл күймен назарын шоғырландыруға көмектеседі.

3) Өткен тақырыптарға шолу

5 минут

«Гүл күлтешелері» әдісі: оқушы қалаған күлтешелердің кемінде екеуін таңдап, артындағы сұрақтарға жауап береді және орындау арқылы білімін пысықтайды.

Қызыл күлтеше

Неше нота бар? Ата.

Жасыл күлтеше

До дыбысынан гамма ойна (До мажор, C-dur).

Көгілдір күлтеше

Соль дыбысынан гамма ойна (Соль мажор, G-dur).

Қызғылт сары күлтеше

Штрих дегеніміз не? Қандай түрлерін білесің?

Күлгін күлтеше

Қандай динамикалық белгілерді білесің?

Көк күлтеше

С. Майкапар кім?

Сары күлтеше

С. Майкапардың «В садике» шығармасын ойна.

4) Үй тапсырмасын қайталау

10 минут

Шығарманы орындамас бұрын гаммаға тоқталған маңызды. До мажор гаммасын орындауда саусақ ұштарының сезілуіне назар аударылады. Жылдамдықты дамыту үшін гамманы стаккато тәсілімен орындату ұсынылады: бұл саусақ ұштарының жұмысын ширатып, әр дыбыстың анық шығуына ықпал етеді, сонымен қатар есту қабілетін дамытады.

Тексеру сұрақтары

  • «В садике» шығармасының өлшемі мен тональдігі қандай?
  • Шығармада қандай штрихтар кездеседі? Қандай түрлерін білеміз?
  • Шығарма қандай көңіл күйде жазылған?

Оқушы шығарманы алдымен орташа жылдамдықта ойнап көреді. Бұл кезеңде бірқалыпты орындау, саусақ реттілігі және қол қоюдың дұрыстығы қатаң бақыланады.

5) Жаңа тақырыпты меңгеру: штрих және динамика

20 минут

Штрихтармен жұмыс (ноталық мәтін бойынша)

  • 1–2 такт: бірінші үлестегі ноталар стаккато, екінші үлесте екпін қойылады.
  • 3-такт: бірыңғай стаккато орындалады.
  • 4-такт: жұптық лигадағы терцияны орындағанда бірінші үлесте екпін жасалады, екінші үлестегі терция жеңіл орындалады.
  • Негізгі тақырып 8 тактіден құралады және сол қалпында қайталанады.

Динамикалық белгілермен жұмыс

  • Шығарма p (piano) белгісімен басталады.
  • 3-такт: crescendo, 4-такт: diminuendo арқылы бәсеңдеуге ауысады.
  • Осы динамикалық өзгерістер 5–8 тактілер аралығында да қайталанады.
  • Екінші тақырып mezzo-forte деңгейінен басталып, стаккатомен орындалады; төрт тактіден кейін қайтадан p-дан басталып, crescendo-ға ұласады.

Техника және дене еркіндігі

  • Аккордтарды орындағанда шынтақтың «ілініп» қалмауын мұғалім мен оқушы бірге қадағалайды.
  • Әр аккордтан кейін қолды босатуға дағдыландыру қажет; 5-саусақтың нық басуы талап етіледі.
  • Оқушы шығарманың кульминация тұсын өзі анықтап, көркемдік шыңын дәл беруге ұмтылады.

Осылайша шығарманың көркемдік сипаты ашылып, техникалық тұрғыдан қиын тұстары жеке-жеке талданып, жаттығулар арқылы бекітіледі. Нәтижесінде оқушы есте сақтап, шығарманы толық орындауға көшеді.

6) Қорытындылау

Бүгін біз штрих түрлерін және олардың орындалу ерекшеліктерін меңгердік. Енді шығарманы орындағанда штрихтарды орынды қолдану арқылы әуенді көркемдеп, музыкалық ойды әсерлі жеткізуге ұмтылу қажет.

Музыканың жан дүниені тебірентетін үні адамға қайғыда да, қуанышта да, демалыста да, еңбек пен тұрмыста да серік болады. Адам өз тіршілігін ғана емес, аңсаған арманын, көңіл түкпіріндегі үмітін де музыка арқылы білдіріп отырған. Сондықтан біз музыканы қастерлей білуіміз керек.

7) Үй тапсырмасы

  1. До мажор гаммасын ойнау.
  2. С. Майкапардың «В садике» шығармасын динамикалық белгілерді сақтай отырып, жатқа ойнап келу.

Пайдаланылған әдебиет

1) Әлімов А. Интербелсенді әдістемені қолдану мәселелері: Оқу құралы. Алматы, 2013.