Ана - махаббат
«Кебенек киген арулар» атты тарихи кештің сценарийі
Мақсаты
- Қазақ халқының басына түскен зұлмат заманда әйел-ана көрген азап туралы ой қозғау.
- Ананы құрметтеуге, адамгершілікке және батырлыққа тәрбиелеу.
Кіріспе сөз
1-жүргізуші
Қайсар қазақ қашанда төзер мұңға,
Көзін күннің екі есе сезер құмда.
Сөзі орнында қалғанның,
Қай кезде де —
Қалатыны белгілі өз орнында.
2-жүргізуші
1930 жылдары «революция құрбандықсыз болмайды» деген қағиданы бетке ұстаған саясат қазақ даласын қайғы-мұңға бөктірді. «Халық жауы» дегенге лажсыз сенуге мәжбүр еткен дүрбелең кезең туды. Елдің асылдарына қиянат жасалды.
1-жүргізуші
Ана — құдірет. Ана — махаббат. Дүниеге ұрпақ әкеліп, адамға жарық әлем сыйлайтын анадан асқан құдірет бар ма? Ғасырлар бедеріндегі замана көшінің ауыры мен жеңілі аналардың жүрегін айналып өтпеген.
Слайд
АЛЖИР: әйел тағдырына түскен зұлмат
Оқушы
Қазақ зиялыларының сүйген жарларына, бала-шағасына, туыстарына зобалаң түсе бастады. «Халық жауының отбасы» деген желеумен әйелдер мен жақындар жаппай ұсталып, баспанасынан айырылды, жазықсыз сотталып, бас бостандығынан айырылды. Оларды АЛЖИР-ге тоғытты — яғни «Отанын сатқандардың әйелдерінің Ақмоладағы лагері».
АЛЖИР — Қарағанды лагерінің (Карлаг) 26-бөлімшесі ретінде қазіргі Астана қаласының оңтүстік-батысында, Төңкеріс елді мекені маңында құрылды. Лагерь КСРО Ішкі істер халық комиссариатының 1937 жылғы 15 тамыздағы №00486 бұйрығы негізінде ашылды.
Оқушы
Ақмола лагері 3 мың гектар жерді алып жатты. Оның Қарағанды мен Ақмола өңірлерінде бірнеше бөлімшесі болды. Қолдарына қарындаш пен қағаздан басқа нәрсе ұстамаған тұтқындар жер қазды, егін екті, мал бақты, қамыс жинады, трактор жүргізді, құрылысқа жегілді. Алғашқы жылы әлсіз әйелдер жан тапсырды. 1938–1939 жылдары өлім-жітім көбейді.
Оқушы (өлең)
Ақмола, Қарағанды арасында,
Қой бағам Батық, Жарық арасында.
Сақтаймын оң көзімдей баққан қойды,
Ешбір ой қойдан басқа болмай қойды.
Алыста жылай-жылай бала қалды,
Жүрген жер — Ақмола мен Қарағанды.
Қайран ел, сені көрер күн бар ма екен,
Мұңымды алыс-жақын тыңдар ма екен?!
Жүргізуші
Ұлы Отан соғысы жылдарында АЛЖИР-де 8 мыңнан астам тұтқын әйел ұсталды. Бұл жер — тірі тозақ еді. АЛЖИР тұтқындарының «айыбы» — «халық жауы» атанған күйеулері мен туыстарынан бас тартпағаны ғана болатын.
Куәлік: Гүлбахрамның зары
Оқушы (С. Сейфуллиннің жары — Гүлбахрамның естелігі)
Мені іздеп келген екі милиционер: «Бес күн ішінде кетесің. Ақмола қаласының жанында колония бар, соған барасың. Міне жол қағазың. Қашып кетсең, сотталасың», — деді. Амалсыз жолға жиналдым.
Бір қолымда чемодан, бір қолымда томпаңдап жүрген Аяным, арқамда буыншақ-түйіншек. Барар жерім — АЛЖИР.
Жол азабы өз алдына, Сәкеннің артында қалған жалғыз тұяғы — көзімнің қарашығы Аяным жолда ішінен қан өтіп, құшағымда отырып көз жұмды. Көкшетауда пойыздан түсіп, татар кемпірдің үйіне бардым. Көрші әйел үшеуміз қала шетіндегі зиратқа арулап қойдық.
Әйелдер колониясында ішетін асымыз — капуста, шірік картоп, шикі қара нан. Соғыс басталғаннан кейін жағдайымыз тіпті нашарлады. Маған ең ауыры — Сәкеннен бас тарту талабы еді.
Жүргізуші
Бір-ақ сөзден қабырғам сылынады,
Бір-ақ сөзден жүрегім жылынады.
Бірақ менің мұңымды кім түсініп,
Бірақ менің мұңымды кім ұғады?!
Оқушы (өлең)
Ақмола, Ақмола — ақ дала,
Айтайын сырымды ақтара.
Темір тор, ызғырық суық жел —
Налыған көңілім қап-қара.
Әлдиін естіші ананың,
Күлкісін тыңдашы баланың.
Ақмола, Ақмола, Ақмола —
Мазары, назары даланың.
Қараймын түнекке сақтана,
Бір үміт көрінер сәт қана.
Жіберші еліме, жеріме,
Ақмола, Ақмола, Ақмола.
Адамдықтың сәулесі: ел ішіндегі қайырым
Жүргізуші
«Лагерьдің жақсысы жоқ» десек те, Қазақстандағы лагерьлерден тірі қалғандар салыстырмалы түрде көп болды. Себебі 1930 жылғы ашаршылықты бастан өткерген жергілікті тұрғындар тұтқын әйелдерге қолдан келгенше қарайласты. Қойшылар бұта түбіне кейде нан, кейде ет тастап, белгі беріп кететін. АЛЖИР тұтқындары жергілікті қазақтардың адамгершілігіне разы болды.
Оқушы (Е. Тухачевскаяның естелігі)
АЛЖИР-дің темір қақпасынан шығып, жұмыс істеу бақытына ие болғанымызда, маған ең алғаш қол ұшын берген ақ жаулықты аналар — қазақ бауырларым еді.
Үйдің дәмін сағынып, аңсап, арып-ашып жүрген кезімде бір қазақ әжей мені шақырып алып, орамалға орап, жаңа пісірілген бауырсақ бергенін қалай ұмытайын? Көптен бері адам баласының жылы сөзін естімеген басым бұл жақсылықтан көз жасымды тыя алмадым.
Орысша білмесе де, қазақша айтқан жүрекке жылы беймәлім сөздер мені ерекше тебірентті. Әлгі әжей де маған қосылып, көзіне жас алды. Көз алдымда бауырларымнан, күйеуімнен, анамнан, сіңлілерімнен айырылып, сор болып қалған басым қазақ ананың пейіл-ықыласын көрген соң талып жығылдым.
Сол бауырсақтың дәмі елу жыл өтсе де ауыздан кетпейді.