Өскелең жас ұрпаққа Емберген Медіресінұлы Терековтің еңбегі мен шығармашылығын паш ету

Емберген Медіресінұлы Терековтің туғанына — 100 жыл

Бұл кештің мақсаты — өскелең жас ұрпаққа Емберген Медіресінұлы Терековтің еңбегі мен шығармашылығын таныту, ұлағатты ұстаздың өнегелі өмір жолын үлгі ету.

ССРО және Қазақ ССР оқу-ағарту ісінің үздігі Қадірменді ұстаз Жергілікті сазгер Ұлы Отан соғысының ардагері

І жүргізуші

Сәлеметсіздер ме, құрметті қонақтар, оқушылар мен ұстаздар!

ССРО мен Қазақ ССР-інің оқу-ағарту ісінің үздігі, қадірменді ұстаз әрі жергілікті сазгер, Ұлы Отан соғысының ардагері, марқұм Емберген Медіресінұлы Терековтің туғанына 100 жыл толуына арналған «Ұлағатты ұстаз» атты кешке қош келдіңіздер!

ІІ жүргізуші

Бүгінгі кеш бой сергітіп болсын базар,

Музыка әуені де судай тасар.

Әрі ұстаз, композитор Ембергендей,

Атамыздың жыр толғауы көңіл ашар.

І жүргізуші

Талаптың тұлпарында жайнақтаған,

Өрге шауып, шабыты жай жатпаған.

Кілтін ашып музыка қақпасының,

Он саусағы түрлі аспапта ойнақтаған.

ІІ жүргізуші

Толқыған жүрек сырын әуелетіп,

Сиқырлы әнге қосты ой тербетіп.

Әсерлі сазды әуендер ырғағымен,

Жеткізетін көңілдің күйін шертіп.

І жүргізуші

Маза бермей небір қиял шырағы,

Тұлпардай боп, жерге тимей тұяғы.

Ембергендей ағамыз әуеледі,

Ашылғандай сыр сандықтың бұлағы.

ІІ жүргізуші

Білемін, көп әнінің ұнағанын,

Толқымай мен қалай тұра аламын?

Жыр-нөсері қуат берер өң бойыңа,

Бас иелік ұстаздың талантына.

Музыкалық бөлім

Күй

Дина Нұрпейісованың «Тойбастар» күйі.

Орындайтындар

Мектеп жанынан құралған домбырашылар ансамблі.

Жетекшісі: Мұстафина Шаттыгүл.