Қай аспап

Сабақтың мақсаттары

Білімділік

Жыр, опера және балет өнері тақырыптары бойынша алынған білімді тиянақтау.

Дамытушылық

Оқушылардың білімін жетілдіру, эстетикалық және шығармашылық ой-өрісін дамыту. Шапшаңдыққа, зеректікке, алғырлыққа баулу.

Тәрбиелік

Саз өнеріне құрмет пен сүйіспеншілікті ояту, музыка өнерінің түп негізі — халық музыкасына құрметпен қарауға тәрбиелеу.

Сайысқа бірнеше оқушы қатысып, әрқайсысы өз қабілетін және білімін жеке көрсетеді.

Сайыс кезеңдері

I. «Бәйге» ойыны

Тақтада әр топқа арналған нота сызығы ілінеді. Оқушылар сұрағы жазылған нота қиындысын алып, артындағы сұраққа жауап береді. Дұрыс жауап берсе, сол нотаны өз тобының нота сызығына орналастырады. Көп дұрыс жауап берген топтың ноталары жоғары көтеріле береді.

Сұрақтар

  1. Оркестр мен хорды басқаратын адамды қалай атайды?
  2. Скрипка, виолончель, контрабас, гобой, кларнет қандай оркестр құрамына жатады?
  3. Хордың түрлерін атаңдар.
  4. Әлемдегі ең үлкен опера театры қай жерде орналасқан?
  5. Қандай опера театрларын білесіңдер?
  6. «Қыз Жібек» операсының авторын атаңдар.
  7. Ария деген не?
  8. «Абай» операсының авторын атаңдар.
  9. «Абай» операсындағы негізгі кейіпкерлерді атаңдар.
  10. Орыс халқының қандай композиторларын білесіңдер?
  11. «Қараңғы түнде тау қалғып» әнін Абай кімнен аударған?

II. «Ән шырқайық»

Нота ұзақтықтары жазылған қиынды қағаздардың артында сабақта үйренген әндердің атауы беріледі. Әр топтан бір оқушы шығып, нота ұзақтығын таңдайды, оның қандай нота екенін және қанша үлеске саналатынын айтады. Содан кейін артында жазылған әнді орындайды.

Бағалау өлшемі

  • Нота ұзақтығын дұрыс атауы
  • Саналуын (үлесін) дәл көрсетуі
  • Әнді мәнерлеп орындауы

III. «Ғажайып бақ» ойыны

Тақтада бірнеше алма ағашы ілінеді. Әр ағаш белгілі бір ұпаймен белгіленеді. Оқушы қалаған ұпайды таңдап, сұраққа жауап береді. Кейбір ағаштың артында «сиқырлы алма» жасырылған: егер ол түссе, ұпай екі еселенеді.

Сұрақтар (ұпай бойынша)

10 ұпай
Қазақ кәсіби музыка өнерінің негізін салушы, Құрманғазы оркестрінің алғашқы дирижері кім?
15 ұпай
Л. А. Хамиди туралы не білесіңдер?
20 ұпай
«Хиросима» балетінің авторы кім?
25 ұпай
«Хиросима» балеті неше көріністен тұрады?
30 ұпай
Реквием деген не?
35 ұпай
«Сакура» қай халықтың әні?
40 ұпай
«Біржан — Сара» операсының авторы кім?

IV. «Кім жылдам?» ойыны

Әр топтан бір оқушы шығып, нота-ребусты мүмкіндігінше жылдам табуы тиіс. Әр дұрыс ребус 5 ұпаймен бағаланады. Ребус нота сызығында жазылуы қажет. Көп тапқан топтың ұпайы жоғары болады.

Ребустар

  • Ребус До + с
  • Ребус Си + рень
  • Ребус Ми + нут
  • Ребус До + мбыра
  • Ребус Ре + бус
  • Ребус Ре + монт
  • Ребус Си + қыр
  • Ребус Фа + нер
  • Ребус До + йбы
  • Ребус Фа + Ми + лия

V. «Қай аспап?»

Симфониялық оркестрге жататын аспаптардың суреттерінің астына олардың атауын тауып, аты жазылған қиынды қағаздарды жапсыру қажет. Әр дұрыс табылған аспап үшін топ 5 ұпай алады.

Аспаптар тізімі

  • 1. Скрипка
  • 2. Виолончель
  • 3. Контрабас
  • 4. Гобой
  • 5. Кларнет
  • 6. Флейта
  • 7. Литавралар

Қорытынды

Ойын соңында әділқазылар алқасы жиналған ұпайларды санап, жеңімпаз топты анықтайды.

Жеңімпаз топ мақтау қағазымен марапатталады.