Бүйрек аурулары
Сабақтың тақырыбы: зәрдің түзілуі және шығарылуы
Сабақтың мақсаты
- Білімділік: зәрдің түзілу кезеңдері туралы жаңа мәліметтер беріп, білімдерін кеңейту.
- Тәрбиелік: зәр шығару жолдары аурулары туралы ойланып, денсаулықты сақтауға тәрбиелеу.
- Дамытушылық: зәр түзілу кезеңдерін талдауға, бүйректің жұмысы мен аурулары туралы түсінік беруге үйрету.
Сабақтың форматы
- Оқушылар мозайка әдісі арқылы 3 топқа бөлінеді.
- Әр топта топбасшы сайланып, жауап беру белсенділігі бойынша бағалау жүргізіледі.
- Постер құру және қорғау арқылы жаңа білім бекітіледі.
І. Ұйымдастыру
Сабақ басында мозайка арқылы үш топқа бөліндік. Әр топқа топбасшы сайланды. Топбасшыларға сабақ барысында кімнің жауап бергенін, жауаптың сапасын және қандай тапсырмаларға қатысқанын белгілеп, сабақ соңында қорытынды бағалау керектігі ескертілді.
ІІ. Үй тапсырмасын сұрау
- Ыдырау өнімдерін шығаратын мүшелерді атаңдар.
- Зәр шығару жүйесіне қандай мүшелер жатады?
- Бүйректің құрылысы қандай?
- Нефронның құрылысы қандай?
ІІІ. Сергіту сәті
«Қара жорға» биі.
IV. Миға шабуыл
Зәр туралы не білетінімізді еске түсіреміз.
V. Жаңа сабақты түсіндіру
Зәрдің құрамы
- 96% — су.
- 1,5% — бейағзалық заттар: хлорлы натрий (көбірек), сульфаттар, фосфаттар, калий, кальций және магний карбонаттары (аз мөлшерде).
- 2,5% — ағзалық заттар: несепнәр (мочевина), зәр қышқылы.
- Тәулігіне орташа есеппен 1,2–1,6 л зәр бөлінеді.
- Урохром пигменті зәрге сарғыш түс береді.
Негізгі ой
Бүйректе зәрдің түзілуі 2 кезеңнен тұрады: сүзілу (фильтрация) және қайта сіңірілу (реабсорбция).
Топтық жұмыс: постер құру
Сабақты жалғастыру үшін әр топқа оқулықты пайдаланып постер құру тапсырылды. Белгіленген уақыт аяқталған соң, әр топтан бір оқушы тақтаға шығып, постерін қорғады.
Бүйрек жұмысына ішімдіктің әсері
- Бүйрек жасушалары зиянды заттарды толық шығара алмай қалады.
- Жасушалар қабынып, зәрмен бірге ағзаға қажет нәруыздар да бөлініп кетуі мүмкін.
- Ішімдікпен уланған бүйрек бүрісіп, зәрдің бөлінуі күрт азаяды, кейде тоқтауы мүмкін.
Бүйрек аурулары
- Уремия (зәрліқан): қанда несепнәр мөлшерінің шектен тыс көбеюі.
- Нефрит: бүйректің қабынуы; көбіне бактериялар әсерінен зәр түзілу баяулайды.
- Бүйрек тасы (уролитаз): зәр құрамындағы қатты заттар (зәр қышқылы, кальций фосфаты) зәр жолында қатайып, тасқа айналады.
- Цистит: қуықтың қабынуы; салқын тиюден кейін жиі зәрлеу байқалуы мүмкін.
- Энурез: балаларда түнде зәр ұстай алмау; жүйке жүйесі қызметінің бұзылыстарымен байланысты болуы мүмкін.
- Уролог: бүйрек және зәр шығару жүйесі ауруларын емдейтін дәрігер.
- Гемодиализатор: «жасанды бүйрек» аппараты.
Бүйрек гигиенасы
- Салауатты өмір салтын ұстану.
- Өте ащы және өте тұзды тағамдарды шектеп пайдалану.
- Ішімдік, есірткі және темекіден аулақ болу.
- Қабыну ауруларының алдын алу және уақытында емделу.
VI. Жаңа сабақты бекіту
Бүгінгі сабаққа қатысты негізгі ұғымдарды нақтылаймыз.
- Урохром
- Зәрге сарғыш түс беретін пигмент.
- Фильтрация
- Сүзілу; зәр түзілудің I кезеңі.
- Реабсорбция
- Қайта сіңірілу; сүзіндіден пайдалы заттардың кері қайтуы.
- Уремия
- Бүйрек қызметі бұзылып, қанда несепнәр мөлшері шамадан тыс көбейетін жағдай (зәрліқан).
- Нефрит
- Бүйректің қабынуы; кей жағдайда қан нәруызы азайып, сұйықтық алмасуына әсер етеді.
- Ренин
- Зақымданған бүйректен қанға бөлініп, қантамырларды тарылтып, қан қысымын көтеруге қатысатын гормон.
- Уролитаз
- Бүйрек тасы; зәрдегі қатты заттар көбейіп, зәр жолында қатайып тас түзеді.
- Энурез
- Балаларда түнде зәр ұстай алмау.
- Уролог
- Бүйрек пен зәр шығару жүйесі ауруларын емдейтін дәрігер.
Бекіту сұрақтары
- Зәрдің құрамы қандай?
- Ересек адам тәулігіне қанша зәр бөледі?
- Бүйректе зәрдің түзілуі неше кезеңнен тұрады?
- Бірінші реттік зәр қалай түзіледі?
- Екінші реттік зәр қалай түзіледі?
- Бүйрек қызметін реттеуге қатысатын қандай гормондарды білесіңдер?
- Ауа райы, температура және тамақтану зәр түзілуіне әсер ете ме?
Шығармашылық жұмыс
Оқушылар «Бүйректеріңізді сақтаңыздар» тақырыбы бойынша жазған эссесін немесе шығарған өлеңін қорғайды.
Өлең жолдары
Бүйрек құрсақ қуысында, бел омыртқа тұсында,
Үрмебұршақ пішінді.
Оң жақ бүйрек сәл төмен, өйткені оң жақ бүйрекке бауыр салмақ түсіреді.
Артерия, вена, жүйкелер бүйрек қақпасында тоғысады.
Бүйрек сүзгіш қызметін атқарып, қанды қажетсіз заттардан тазартады.
VII. Бағалау
Әр топтың топбасшылары мұғалімнің көмегімен өз тобының мүшелерін қатысу белсенділігі мен тапсырмаларды орындауына қарай бағалады.
VIII. Үйге тапсырма
- «Зәрдің түзілуі және шығарылуы» тақырыбын оқу.
- Терінің құрылысы бойынша презентация дайындау.