Кемеңгерлікті іздесең өзіңе жүгін
Өзіңе сен, әманда
Бәріне жауапты — өзің. Атқарған ісіңе де, жете алмаған мақсатыңа да. Өзгеге емес, тек өзіңе сен.
Салқын күн, салқын ой
Бүгін — еңбек демалысымның оныншы күні. Дала салқын. Бір түрлі тоңазыған күй сезіледі; бұл салқындық өн бойыма әсер етіп тұрғандай. Табиғаттың суықтығы — түк емес, өмірдің жаурауы жаман.
Кейде осы дүниенің жылытатын жарқылы да, оты да азайып кеткендей көрінеді. Оңашамын: салқын бөлме, айнала самарқау. Жалғыздықтың бір жақсысы — өзіңмен өзің сырласасың, ойланасың.
Ой туралы
Ойлау, сірә, бітпейді. Ол — шексіз. Ойдың жиынтығы — сөз. Көңілдің түпкірінен шыққан, сана сүзгісінен өткен, жүректің үні.
Кемеңгерлік — өз ішіңде
Ертеде бір данышпан: «Білгеніңді сабырмен ішіңде сақта. Тойымсыз, қанағатсыз оқып-үйрен. Сосын “осыдан не ұқтым, не алдым?” деп өзіңе-өзің сұрақ қой» деген екен.
Ал Александр Эверет: «Өзіңізге өзіңіз жүгініңіз, өзіңізді өзіңіз таныңыз, өйткені кемеңгерлік — өз ішімізде» дер едім депті. Өзгеге еліктеп, «тағы да басқа біреу боламын» деудің қажеті жоқ.
«Өз қанатың болмаса, өзгенің қанатымен ұша алмайсың».
— халық нақылы
Кемеңгерлікті іздесең — өзіңе жүгін. Даналықты да өзіңнен тап. Ішкі дүниеңді ақтар: мықты болсаң, жан сарайыңдағы жақұт пен маржанды көрсет. Сонда ғана өзіңді өзің танисың, өз үніңді естірте аласың.
Өзіңді сөйлетпесең, санаңды сергітпесең — күші азайған тоқ көзіндей солғын тартып, біртіндеп өшесің.
Ағынды су секілді: тазару мен тоқырау
Орталық Азия мұсылмандарына есімі таныс Әбдіхалық қари атамның (Сұлтан атаның бірге туған ағасы) мына бір сөзі ойыма оралады: «Ағынды судың харамы болмайды. Тоқтап қалған, тұрып қалған су — харам».
Шындығында, ағынды су өзін-өзі тазартады. Адам да сондай: жақсылық пен ізгілікке құмар болған сайын жаны тазарады; білім мен білікке ұмтылған сайын ой-санасы айығады. Ал тоқтап қалған нәрсе — не өшеді, не істен шығып, жарамсыз күйге түседі. Өмір заңы осы.
Өзіңе сұрақ қою — өзіңді тәрбиелеу
Өзіне өзі сұрақ қоймайтын жан бар ма екен? Мен де солаймын: жауап табуға ұмтыламын. Әйтсе де, сананы езгілейтін сансыз сауалдың бәріне бірдей жауап беру мүмкін емес сияқты. Бірақ сезетінім — әр сұрақтың өзіне лайық жауабы бар.
Осы қойын дәптердегі үзік сырлар, түйінді ойлар, жүректен шыққан тіркестер, адами толғаныс пен тебіреністер — сондай сәттердің жемісі. Сананың қатпарындағы сөздер кейде тіл ұшына оралады. Кейде бір дәл ой табылса, дананың сөзіндей жадыңда қалып қояды.
Күнделікке жазудың мәні
Сол ойларды күнделігіме жедел түртіп алуға тырысамын. Себебі сөз арқылы өзімді тәрбиелеймін. Өйткені атқарылған тірліктің бәріне, жеткен жетістікке де, жетпей қалған мақсатқа да — өзім жауаптымын. Өзгеге емес, өзіме сенетінім сондықтан.
Әкім Ысқақ, «Жүректегі жазулар» күнделік-эссесінен (үзінді).