Бейнеклипп Соғыс жылдары
Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласы • №15 Сүлеймен Қарабалин атындағы жалпы орта білім беретін мектеп
Бастауыш сынып мұғалімі Жолдыбаева Құндыз Батырқызы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына орай 4-сынып оқушыларымен «Желбіре, Жеңіс жалауы!» атты тәрбиелік шара өткізді. Шара оқушылардың тарихи танымын кеңейтіп, ел қорғаған ерлердің жанқиярлық ерлігін құрметтеуге және патриоттық сезімді тереңдетуге бағытталды.
Тақырыбы
«Желбіре, Жеңіс жалауы!»
Мақсаты
- 1941–1945 жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысы туралы және қазақстандықтардың жанқиярлық ерліктері жөнінде мәлімет беру.
- Оқушылардың тарихи білігін жетілдіру, көпшілік алдында сөйлеу мәдениетін қалыптастыру.
- Патриоттық тәрбие беру, бейбітшіліктің құнын ұғындыру.
Көрнекілігі
Шараның жүру бағдарламасы
I–IV бөлімдер
- I. Кіріспе сөз
- II. Көрініс: «Соғыс қасіреті»
- III. Бейнеклип: «Соғыс жылдары»
- IV. Тарихқа шолу
Тарихқа шолу мазмұны:
- Москва түбіндегі шайқас (көрініс: «Бауыржан», көркемсөз)
- «Ленинградтық өрендер» (Ж. Жабаев, көрініс: «Демалыста»)
- Сталинград шайқасы (көркемсөз, Н. Әбдіров)
- Партизандар қозғалысы («Айтылмай кеткен аманат», Қ. Қайсенов, Ә. Шәріпов)
V–X бөлімдер
- V. Рейхстагқа Жеңіс туын қадаған Р. Қошқарбаев
- VI. Хор: «Соғыстан қайтқан солдаттар»
- VII. Жеңіске арнау
- VIII. Бейнеклип: «Ұлы Отан соғысына 70 жыл!»
- IX. Хор: «Жеңіс жыры»
- X. Қорытынды
Негізгі идея
Соғыс жылдарының қасіреті ұмытылмауы керек. Бүгінгі ұрпақ бейбіт өмір үшін жанын қиған ерлердің еңбегін естен шығармай, тарихтан тағылым алуға міндетті.
Кіріспе сөз: жүргізушілердің үндеуі
1-жүргізуші
Уақыт тарих бетін парақтайды. Күн тізіліп, ай алмасып, зымырап жылдар өтеді. Уақыттың ұзақтығы мен мерзім межесі көмескілендірсе де, «көзден таса, көңілден ұмыт» қалмайтын оқиғалар болады. Сондықтан халық соғыс әкелген қайғы-қасіретті — миллиондаған адамның өмірін қиып, өркениетті кейінге қайтарған, адам қолымен жасалған құндылықтарды талқандаған қантөгіс сұрапыл соғысты — ешқашан ұмытпайды.
2-жүргізуші
Иә, соғыс өзінің сұмдықтарын бүгінгі күнге дейін ұмыттырған емес. Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына — 70 жыл. Алайда сол жылдардың жаңғырығы адамзат жүрегін әлі де сыздатады. Уақыттың өз төрешісі бар — ол тарих.
Жады мен парыз туралы ой
«Ер өлсе де еңбегін ел өлтірмес, неше мың жыл өтсе де тарих білмек», — деп Сұлтанмахмұт жырлағандай, бүгінгі өміріміз үшін құрбан болған ерлердің ерлігі ешқашан естен шықпайды.
Соғыс қайталанбауы үшін оның сұмдықтарын ұмытуға құқымыз жоқ. Сол кезде біздің болашағымыз үшін жанын қиған солдатты ұмытуға да құқымыз жоқ. Біз бәрін есте сақтауға міндеттіміз.
Өлең жолдары
Ұлы кешке сенген күн,
Фашистерді жеңген күн.
Ағаларға ерген күн,
Бақыт гүлін терген күн.
Шараның ашылуы
Қадыр Мырза Әли жырлағандай, «Желбіре, Жеңіс жалауы!» атты Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған шарамызды бастауға рұқсат етіңіздер.
Еске алу сәті
«Отандастар, бір минут тоқтап үнсіз, еске алайық соғыстың құрбандарын!» — соғыс құрбандарын 1 минут үнсіздікпен еске алу.
Оқушылардың көркемсөзі
1-оқушы
Соғыс деген — аққан соры ақсүйектің де, құлдың да.
Соғыс деген — төккен ары ұлдың да, қыздың да.
Соғыс деген — сотқарлардың қолындағы найзасы.
Соғыс деген — зұлымдықтың айнасы.
2-оқушы
Қиылды қанаты тәтті арманның,
Үзілді қайырмасы бақтарда әннің.
Әлемдегі сұмдық күн ана үшін —
Майданға азаматтар аттанған күн.
Анаға ең ауыр күн тіршілікте —
Боздап кеп, боздағымен қоштасқан күн.
Өтпелі сөз
Ендеше, Ұлы Отан соғысының кейбір беттерін парақтап, бәрін жадымызға қайта түсірейік.
Көрініс: «Соғыс қасіреті»
Кейіпкерлер: Немере (қыз бала), Әже, Әке, Келін, Сахна сыртындағы дауыс (радиохабар)
Немере
Әже, әже! Бүгін менен бақытты адам жоқ. Жаңа өмірдің баспалдағын дәрігер болып бастағым келеді!
Әже
Талабыңа нұр жаусын, арманыңа жет, ботам!
Сахна көрінісі
Әкесі пышағын қайрап, салмақты кейіппен үнсіз отырады. Келіні ыдыс алып келе жатып, радиодан естілген хабарға тосылып қалады.
Сахна сыртындағы дауыс
Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Сөйлеп тұрған Москва! Бүгін, 22 маусым күні таңғы сағат төртте неміс басқыншылары Кеңес Одағының мемлекеттік шекарасына басып кірді.
Немере
Аттан деді — ол қазір аттанады. Неге бізге үмітсіз тесілесіз? Аттаныңыз, әке, жолыңыздан кешігесіз. Кеудесінде жаны бар пақырлар сенсіз де несібесін табар…
(Әкесіне барып құшақтайды.)
Әке
Тыңда, балам, тыңда, күнім. Болуға жар-қолқанат. Кәрі анам, сәби інің — барлығы саған аманат.
Әже
Оралсын аман жеріне, көріссін туған елімен. Келін-ау, көздей қалтаға топырақ салып берерсің…
Келін
Кебін киген өледі, кебенек киген келеді. Үлкен үйден дәм татса, кешікпей келеді дейді…
(Жылап қалады.)