Мүгедекті мұқатпа, денсаулығың барында
Денсаулық жайлы ырым-тыйымдар
Қазақ халқы «Денсаулық – зор байлық» деп бекер айтпаған. «Дені саудың – жаны сау» деген сөз адамның дұрыс өмір сүруі, еңбек етуі және ұрпаққа тәлім-тәрбие беруі үшін, ең алдымен, денсаулығы мықты болуы қажет екенін меңзейді.
Дені сау ата-анадан дені сау ұрпақ тарайды. Денсаулығы жақсы адам мақсатқа ұмтылып, жемісті еңбек етіп, қоғамға пайдасын тигізуге көбірек мүмкіндік алады. Бүгінгі таңда ұрпақ денсаулығына қатысты алаңдатарлық жайттар аз емес. Сондықтан тәрбие жұмысында ырым-тыйым сөздердің мәнін түсіндіріп, оларды орынды қолдану маңызды деп есептеймін.
Өсиет сөздер
- Дұшпаныңа жарылма, достарыңа тарылма.
- Мүгедекті мұқатпа, денсаулығың барында.
- Тіл тигізбе анаңа, қамшы үйірме балаңа.
- Атыңа ауыр жүк артпа, қап қоярсың далада.
Денсаулыққа қатысты ырым-тыйымдар
Тұрмыстық тыйым
Күйік шалған адам бар үйде сирақ үйітпейді: «күйік ішке түсіп кетеді» деп ырымдайды.
Көңіл сұрау әдебі
Кешке ауру адамның көңілін сұрамайды: «ауруы қатты шаншиды» деп сенген.
Жараға қатысты ырым
Көпіртіп кір жумайды: «жарасы жазылмай, көпіршіктей береді» дейді.
Суға шошыну
Судан шошынған адам қырық үйдің қырық қазанының құлағын тістесе, жазылады деп айтылған.
Халықтық ем
Ауруы асқынған адамды қара қойдың өкпесімен қағады.
Қасиетті орынға құрмет
Ескі жұртты, қабірді басқан адамның аяғы сырқырайды дейді. Аурудың көзінше «өлім», «мола», «қаза» деген сөздерді айтпайды.
Жол-жоралғы
Аттан құлап немесе жаяу келе жатып жығылған адам тұрған соң, сол жерде ұшықтайды.
Буын-сүйек ауырғанда
Буын-сүйегі сырқыраған адамға әр ауылдан қырық сирақ жинап, қайнатып, майын ішкізсе жазылады деп сенген.
Үй ішіндегі тыйым
Шамды үрлеп сөндірмейді: «үрлеп сөндірген адам ұмытшақ болады» дейді.
Дәстүр және саулық
«Өлі-тірі» кәдесі берілмесе, келін ауру болады деп ырымдайды.
Әдеп
Кемтарға да, ауру адамға да күлмейді.
Жанға ауыр сөз
Ауру адамға қайғылы хабарды жеткізбейді.
Сыйластық
Кемтар адамның алдында дене мүшесінің кемдігі туралы әңгіме қозғамайды.
Халық нанымы
Денесінде ұсақ қалы бар адамның қызы көп болады деген наным бар.
Павлодар қаласы, Дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебі (ММ)
Абаильденова Нұргүл Қуандыққызы