Қуанышты күн бүгін
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің технологиялық картасы
Бұл материал ересек топқа арналған шығармашылық бағыттағы (сурет салу) ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің мазмұнын ұсынады. Сабақ барысында балалар Қазақстан табиғатының сұлулығын танып, туған жер көрінісін қағазға түсіру дағдыларын дамытады.
Топтың жас ерекшелігі
Ересек топ
Білім беру саласы
Шығармашылық
Бөлімі
Сурет салу
Тақырыбы
Қазақстан — менің туған өлкем
Мақсаты
- Балаларды Қазақстан табиғатының әсемдігімен таныстыру.
- Туған жер көрінісін қағазға түсіре білуге үйрету.
- Өз еліне деген сүйіспеншілікті, патриоттық сезімді тәрбиелеу.
- Суретшінің жеткізген көңіл күйін сезіну қабілетін қалыптастыру, табиғат құбылыстарының қайталанбас сұлулығын байқата білу.
Құрал-жабдықтар
- Туған өлке табиғаты бейнеленген суреттер
- Мольберт
- Жай қарындаш
- Қылқалам, акварель бояуы
- Ақ қағаз
Тілдік жұмыс
Сөздік жұмыс
туған өлкем; суретшілер: А. Черкасский, А. Мамбеев, Ә. Қастеев.
Қостілділік компонент
Туған өлкем — родной край
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің барысы
I. Мотивациялық-қозғаушылық кезең
Педагог балаларды «Қуаныш шеңберіне» тұрғызады. Балалар шеңберде тұрып төмендегі өлең жолдарын айтады:
Арайлап бүгін атты күн, Шашты бүгін шапағын. Тілейміз ақ таңның Қуанышын, шаттығын. Қайырлы таң, қайырлы таң! Қуанышты күн бүгін.
Одан кейін педагог «Танысу» ойынын ұйымдастырады. Ойын шарты: келген балаға педагог сұрақ қояды, бала жауап береді.
— Сенің атың кім?
— Менің атым Ильяс.
— Жасың нешеде?
— Жасым бесте.
— Сен қай Республикада тұрасың?
— Мен Қазақстан Республикасында тұрамын.
— Елбасы кім?
— Елбасы — Н. Ә. Назарбаев.
Педагог: «Жарайсыңдар, балалар!»
II. Іздену-ұйымдастырушылық кезең
Педагогтың әңгімесі: Қазақстан — кең байтақ, сүйікті Отанымыз. Созылып жатқан кең дала, асқақ таулар, асау толқыны жағаға ұратын Каспий теңізі, Балқаш көлі, өзендер мен көлдер, шулаған орман мен саябақтар — мұның бәрі жылдың қай мезгілінде де адамды толқытып, қуантады.
Ең бастысы — туған табиғаттың әдемілігін байқай білу, оның қайталанбас сұлулығын сезіну. Табиғаттың әрбір бұрышы өзінше көркем.
Балалар мұқият тыңдайды. Педагог суретшілер табиғат көріністерін (қоңыр күз, гүлдеген дала, алғашқы қар, қысқы саябақтар және т.б.) адамның көңіл күйін оятып, таңдандыру үшін бейнелейтінін түсіндіреді.
Көркем сөз
Педагог М. Әлімбаевтың «Менің — Қазақстаным» өлеңін мәнерлеп оқып береді.
Көрнекілік
- А. Черкасский — «Қара ағаштар»
- А. Мамбеев — «Киіз үйде»
- Ә. Қастеев — «Мұз айдыны — Медеу»
Педагог балаларға қазақ даласының көркемдігін, киіз үйді, жайлауды қағаз бетіне бояумен түсіруді ұсынады. Бояу таңдауы мен композицияны (қағаз бетіне дұрыс орналастыру) қадағалайды.
Сергіту сәті
Ал, балалар, тұрайық, Мойнымызды бұрайық. Қолымызды созайық, Жел сияқты қалықтап, Оңға-солға иіліп, Денемізді бұрайық.
Балалар музыка ырғағымен, түрлі түсті акварель бояуларын қолданып, туған өлкенің табиғаты туралы сурет салады.
III. Рефлексивті кезең
Сабақты қорытындылау: педагог балалардың жұмыстарын атап өтіп, «Бүгінгі суреттерің өте әдемі шықты, олардан көрме жасайық» деп ұсыныс жасайды.
Балалар өз суреттері туралы қысқаша әңгімелеп береді: қандай көрініс салғанын, қандай түстерді таңдағанын, сурет арқылы қандай көңіл күйді жеткізгісі келгенін айтады.
Күтілетін нәтиже
Біледі
Туған өлкесінің табиғатын бейнелеудің негізгі жолдарын.
Игерді
Табиғатты сезінуді; оның сұлулығын қағаз бетіне түсіруді.
Меңгерді
Қылқаламды дұрыс ұстауды, бояуларды орынды таңдауды, табиғат көрінісін сауатты бейнелеуді.