Оттектің физикалық қасиеті
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
Тақырып
Жану және баяу тотығу. Оксидтер.
Сабақ типі
Аралас сабақ.
Әдіс
Сыни тұрғыдан ойлау.
Пәнаралық байланыс
Қазақ әдебиеті, география, физика, этнопедагогика.
Көрнекілік
- Периодтық кесте
- Үлестірме қағаздар
- Химиялық тәжірибелер
- Сызба-кестелер
- Слайдтар, қосымша деректер
- Бейне-көрсетілім
Сабақтың мақсаты
Білімдік
Оксидтердің жіктелуі, құрамы, құрылысы, алынуы және қолданылуы туралы түсінік қалыптастыру.
Дамытушылық
Оксидтердің құрылымдық ерекшеліктерін ажырата білу дағдысын дамыту, танымдық көзқарасын кеңейту.
Тәрбиелік
Пәнге қызығушылықты арттыру; ұлттық сана, адамгершілік қасиет және өзіне сенімділікті тәрбиелеу.
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- а)Түгендеу
- ә)Оқу құралдарына назар аударту
- б)Қауіпсіздік ережелерімен таныстыру
- в)Психологиялық дайындық
Психологиялық дайындықта оқушылар химиялық элементтерді қолданып, бір-біріне көңіл күйіне сай жылы лебіз білдіреді.
Алтындай ардақты, күмістей салмақты сыныптастарым! Сіздерге темірдей қатты, болаттай мықты денсаулық тілеймін.
Қымбатты жас химиктер! Алюминийден жасалған білім ұшағына отырып, химия еліне сапар шеккенде алдарыңыздан сутегідей жеңіл сұрақтар, оттегідей қажет білім жауаптары жолықсын.
Қымбатты Менделеев ізбасарлары! Көмірдей қара көздеріңізбен, алмаздай өткір сөздеріңізбен айналаны жадыратып, жастық шақтарыңызда жалындай жарқырап, өмір ағысымен сынаптай сырғи беріңіздер.
II. Үй тапсырмасын сұрау — «Қызығушылықты ояту»
Тақырып: оттектің қасиеттері, алынуы және қолданылуы.
Сұрақ 1
Оттектің физикалық қасиеттері қандай?
Сұрақ 2
Оттек қалай алынады?
Сұрақ 3
Оттегі қай салаларда қолданылады?
III. Жаңа сабақ — «Мағынаны ашу»
Бүгін біз оксидтер ұғымымен жүйелі түрде танысамыз. Бұл ұғым алдыңғы сабақтарда оттектің қасиеттерін және заттармен әрекеттесуін қарастырғанда кездескен.
Жалпы идея: жай зат + O₂ → тотығу (оксид түзілуі)
1) Анықтама
Оксидтер — екі элементтен тұратын күрделі заттар; олардың біреуі міндетті түрде оттек болады.
Жалпы формула
EₓOᵧ
2) Кездесетін күйі және өлшенуі
Оксидтер қатты, сұйық, газ күйінде болады. Сондықтан оларды массамен (г, кг, т) және газдар үшін көлеммен (мл, л, м³) өлшейді.
Қатты
Fe₂O₃, CuO
Сұйық
H₂O
Газ
SO₂, CO₂
3) Құрамы: сандық және сапалық
Сандық құрам
Мысалы, Na₂O: екі натрий атомы және бір оттек атомы.
Сапалық құрам
Металл мен оттек байланысса — CaO; бейметалл мен оттек байланысса — SO₂.
4) Құрылысы және номенклатурасы
Құрылысы
Молекулалық құрылысты оксидтер көбіне сұйық немесе газ күйінде кездеседі.
H₂O, NO₂
Атаулануы (мысал)
- Al₂O₃ — алюминий оксиді (немесе диалюминий триоксид).
- SO₃ — күкірт оксиді (немесе күкірт триоксиді).
5) Оксидтердің жіктелуі
Тұз түзбейтін
CO, NO
Тұз түзетін
CO₂, SO₂
Негіздік
Na₂O, CaO
Қышқылдық
SO₂, CO₂
Екідайлы
ZnO, Al₂O₃, Cr₂O₃, BeO
Көбіне суда ерімейді, қатты күйде болады.
6) Алыну жолдары
Жану (жай және күрделі заттар)
C + O₂ → CO₂
CH₄ + 2O₂ → CO₂ + 2H₂O
Төмен валентті оксидтерді тотықтыру
4FeO + O₂ → 2Fe₂O₃
Қыздыру арқылы ыдырату
CaCO₃ →(t)→ CaO + CO₂
7) Қасиеттері
Физикалық
Ерігіштігі әртүрлі: еритін және ерімейтін оксидтер кездеседі.
Химиялық (алмасу реакциялары)
Na₂O + H₂SO₄ → Na₂SO₄ + H₂O
CaO + SO₃ → CaSO₄
8) Түрленулер (мысалдар)
SO₃ + H₂O → H₂SO₄
CaO + SiO₂ → CaSiO₃
Оксидтер өндірісте, тұрмыста, ауыл шаруашылығында және медицинада кеңінен қолданылады.
Қорытынды идея
Оксидтер — әр салада маңызды орын алатын күрделі заттар. Жану және тотығу құбылыстары кезінде жылу мен жарық бөлінеді, ал заттардың оттекпен әрекеттесуі нәтижесінде оксидтер түзіледі.
Мысал теңдеу
2Cu + O₂ → 2CuO
IV. Химиялық тәжірибелер
Тәжірибе №1 — «Алма неге қараяды?»
Мақсаты
Алмаға оттектің әсерін көрсету.
Құрал-жабдық
Алма, С дәрумені (таблетка).
Күтілетін нәтиже
С дәрумені себілген бөлік баяу өзгеруі мүмкін, ал екінші бөлік қоңырланады.
Орындалуы
- 1Алманы екіге бөліңіз.
- 2Таблетканы ұнтақтап, алманың бір жартысының кесілген бетіне себіңіз.
- 3Екі бөлікті де ашық күйде біраз уақыт қалдырыңыз.
- 4Екі бөліктің түрін салыстырыңыз.
Оқушылар бақылаған өзгерістің себебін өздері түсіндіруге талпынады: бұл — оттектің қатысуымен жүретін баяу тотығу үдерісі.
V. Сергіту сәті
Мақал-мәтелдер мен теңеулер ішінен элемент атауларын табу.
Мақал-мәтелдер
- Ағаш кессең ұзын кес, шаба келе қысқарар. Темір кессең қысқа кес, саған келе ұзарар.
- Шығысы жаман қамысты су ішінен өрт шалар. Пейілі жаман адамды түйе үстінен ит қабар.
- Көп сөз — көмір, аз сөз — алтын.
- Тауып сөйлесең — күміссің, таппай сөйлесең — мыссың.
- Қойдың сүті — қорғасын, қойды ұрған оңбасын.
- Тағасының күмісіне мақтанба, атыңның жүрісіне мақтан.
Теңеу сөздер
«Күміс көмей, жезтаңдай», «алтыннан ардақты», «күмістен салмақты», «сынаптай сырғып».
Химиялық жұмбақтар
Құрғақ жерде сақтайсың, онсыз тамақ татпайсың.
Жауабы: тұз (NaCl).
Ертеден белгілі жетеудің бірімін, электроника саласында ірімін. Көптеген құймаларға кіремін, электр тогын бойымнан өткіземін.
Жауабы: мыс.
Менделеев ауылының 6-шы көшесінде тұрамын. Мені балқыта алмай қиналғандар көп. Қазақстан кен қоры бойынша алдыңғы орындардың бірінде.
Жауабы: вольфрам.
Адамдар мені салмақты деп атайды, сонда да мен химиктерге жақпаймын. Өндірісім жөнінен Азия мен ТМД-да елімді алдыңғы орынға шығарғым келеді.
Жауабы: күміс.
Қара металлургияның «жанымын», машина-трактордың «қанымын». VIII B топшада болсам да, металдардың ішінде ең көп қолданылатындардың бірімін.
Жауабы: темір.
VI. Бекіту тапсырмалары
Оқулықпен жұмыс
Оқулықтағы 1, 2, 3, 4, 6-жаттығуларды орындау.
Семантикалық карта
Ұғымдарды сәйкестендіру арқылы қорытындылау.
«Химиялық домино»
Формула–атау–қасиет байланысын құрастыру.
VII. Қорытындылау, бағалау, үй тапсырмасы
Қорытынды
Оксидтердің анықтамасы, жіктелуі, алынуы мен қасиеттері бойынша негізгі ұғымдарды жүйелеу.
Бағалау
Сұрақ-жауап, тапсырма нәтижесі және белсенділік бойынша бағалау.
Үй тапсырмасы
Оксидтер тақырыбын қайталау, мысал теңдеулерді құрастыру және жіктеу.
Автор туралы мәлімет
Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Кемерши ауылы, Қ. Жазықов атындағы орта мектеп. Химия пәні мұғалімі: Дусипова Мирғұл Уәлиқызы.