Мысалды шығар

Сабақ туралы жалпы мәлімет

Пән: Математика (1-сынып)

Бөлімше тақырыбы: 20 көлеміндегі сандарды қосу және азайту (қосу мен азайтудың байланысы)

Мұғалім: Баймаканова Рыскелды Иманбековна

Оқу мақсаттары (ұзақ мерзімді жоспардан)

  • 1.1.2.4 — бір таңбалы сандарды ондықтан аттамай қосу кестесін құру, білу және қолдану.
  • 1.1.2.3 — қосудың ауыстырымдылық қасиетін, 0 және 1-дің қасиеттерін қолдану.

Сабақ мақсаттары

Барлығы

  • Бір таңбалы сандарды ондықтан аттамай қосу кестесін құрады.
  • 0 және 1-дің қасиеттерін біледі.

Көпшілігі

  • Қосу кестесін қолдана отырып, ауыстырымдылық қасиетке берілген тапсырмаларды орындайды.

Кейбіреуі

  • Қосу мен азайтудың компоненттерінің кестедегі жол мен бағанға қатысын анықтайды.
  • 0 және 1-дің қасиеттерін есептеуде қолданады.

Сабақтың басы

Оқушылармен амандасып, жағымды көңіл күй орнатылады.

Көңіл күйді көтеретін өлең

Біздер тату баламыз, Өсіп алға барамыз. Есептерді шығарып, Білімді шәкірт боламыз.

Сабақтың ортасы

«Тез есепте» тапсырмалары

Тал басында тізіліп, Он жапырақ тұр еді. Жел соқты да үзіліп, Ұшып кетті біреуі. Ізінше оның жұлынып Түсті тағы бесеуі. Тұр әлі де ілініп, Жапырақтың нешеуі?

Жауабы: 4

Бір-бірімен жарысқан Екі қоян, бір түлкі. Төрт аю, екі арыстан — Бәрі нешеу, кім білді?

Жауабы: 9

Ширату: топтық жұмыс

Сынып 4 оқушыдан топтарға бөлінеді. Үстел үстінде ойналатын ойын ұсынылады.

Ойын: «Сиқырлы дорба»

  • Әр топ дорбадан үш парақша алады: әр парақшада бір таңбалы сан жазылған.
  • Осы сандармен қосу және азайтуға мысалдар құрастырылады.
  • Оқушылардың жорамалын тыңдай отырып, сабақтың негізгі сұрағы айқындалады: «Қосу мен азайту өзара қалай байланысқан?»

Ойын барысы

  • Белгі бойынша топтағы әр оқушы бір мысал жазып, парақшаны келесі ойыншыға береді.
  • Парақшада төрт мысал болғанда, ойын аяқталған болып есептеледі.
  • Аяқтаған топ бір-бірінің қолын ұстап, жоғары көтеріп, мұғалімге белгі береді.
  • Құрастырылған мысалдар сыныппен талқылау үшін тақтаға ілінеді.

Мысал

Егер оқушы 7, 2, 9 сандарын алса, келесі өзара байланысты төрт мысалды құрастырады:

  • 7 + 2 = 9
  • 2 + 7 = 9
  • 9 − 7 = 2
  • 9 − 2 = 7

Нәтиже: тапсырманы ең жылдам әрі дұрыс орындаған топ жеңімпаз атанады.

Топтық диалог мәдениеті

  • Әр оқушының пікір айтуға құқығы бар.
  • Әрқайсысының пікірі маңызды.
  • Талқылау кезінде дауыс көтеруге және қатты сөйлеуге болмайды.
  • Келісе білу және тіл табысу дағдысы қажет.

Негізгі қорытынды

Қосу және азайту амалдары өзара байланысты: қосудың әрбір мысалына бір кері қосу мысалын және азайтуға екі мысал құрастыруға болады.

Амалдардың компоненттері

Қосу

Қосылғыш, қосылғыш, қосындының мәні.

Азайту

Азайғыш, азайтқыш, айырманың мәні.

Қосу кестесімен жұмыс

Қосу кестесі бойынша құрастырылған мысалдарды қарап шығып, қорытындыны бекітіңіз.

Сұрақ: қосуға және азайтуға кері мысалдарды кесте бойынша қалай құрастыруға болады? Бұл кезеңде модельдеу әрекетін дамытуға ерекше назар аударылады.

Үшбұрыштар мен шаршылардағы сандарға сүйеніп, мысалды аяқтау ұсынылады.

Таратылған сандар бойынша әр топ өз мысалдарын құрастырады. Бұл білім алдағы уақытта теңдеулер мен есептерді шығаруға негіз болады.

Нақты тапсырмалар

1) Мысалды шығар

4 + 3 = ?

Бұл тапсырма бір қосу мысалына тағы үш мысал құрастыруды бекітеді: біреуі — қосу, екеуі — азайту.

2) «Қырықбуындар»

Қосу мысалына кері азайту мысалдарын құрастыру дағдысын бекітуге арналған.

Жауабы: 4, 4; 2, 7; 10, 6, 4.

3) «Шығарып көр»

Бір таңбалы сандарды ондықтан аттамай қосу және азайту мысалдары берілген. Оқушылар өзара тәуелділік туралы білімін қолдана отырып шығарады.

Жауабы: 11 − 2 = 9; 11 − 9 = 2.

4) «Орындап көр»

Өзара кері төрт мысал құрастыру және байқампаздық қабілетін дамытуға бағытталған тапсырма.

Ескерту: кей жағдайда бір ғана мысал келтіруге болады, себебі бірдей сандар қосылады.

Мысал: 5 + 5 = 10; 10 − 5 = 5.