Жұмыстың құрылымы

Автор және жетекші

Орындаған

Төремұратова Гүлдәурен — Қызылорда облысы, Арал қаласы, №2 облыстық арнайы санаториялық мектеп-интернатының 4-сынып оқушысы.

Жетекшісі

Н. Қалыбаева

Мазмұны

  1. I

    Кіріспе

    • Зерттеудің өзектілігі
    • Мақсаттары мен міндеттері
    • Жұмыстың құрылымы
    • Зерттеудің көздері
  2. II

    Ильичтен келген жедел хат

  3. III

    Негізгі бөлім

    • Еңбек жолы
    • Қолбасшы Медетбаев
    • Совдеп төрағасы
    • Еңбекшіл халыққа әкірең емес, қамқор болған азамат
  4. IV

    Қорытынды

  5. V

    Әдебиеттер тізімі

  6. VI

    Өтініштер

  7. VII

    Ұсынымдар

Кіріспе

Мен, Төремұратова Гүлдәурен, Арал қаласындағы №2 облыстық арнайы санаториялық мектеп-интернатының 4-сыныбында оқимын. Бұл тақырыпты таңдауыма екі себеп түрткі болды: біріншіден, өзім тұратын көшенің Төлеген Медетбаев есімімен аталуы; екіншіден, орталық алаңдағы мәрмәр таста осы кісінің аты жазылған үлкен хат үлгісін көруім.

Сол сәттен бастап «бұл кісі жай адам болмаған» деген ой келіп, ол туралы көбірек білгім келді. Себебі туған жерінің өркендеуі мен өсуі үшін аянбай еңбек еткен азаматтар болмаса, біз бүгінгі берекелі де бейбіт заманда өмір сүрер ме едік? Сол азаматтардың бірі — Төлеген Медетбаев.

Осы жобам арқылы мен өз ризашылығымды білдіргім келеді: Төлеген Медетбаевтың өзі және отбасы туралы деректерді жинап, көпшілікке ұсынуды мақсат еттім.

Зерттеудің өзектілігі

Қиын-қыстау кезеңдер артта қалды. Біз бейбіт әрі бақытты өмір сүріп келеміз. Осындай өмір үшін еңбек еткен адамдарды ұмытпауымыз керек. Олар туралы қандай да бір естелік болса, жинап, сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу — ортақ парыз.

Туған жері үшін тер төгіп, өмірден өткен азаматтар көп. Сол кісілер туралы деректерді туған-туыстарынан жинауға мүмкіндік бар. Сондықтан бұл жұмыс өзектілігін жоғалтпайды деп сенемін.

Мақсаттары мен міндеттері

Мақсаты

Кеңестік дәуірде Аралдың атын әлемге танытқан аңыз тұлға — Төлеген Медетбаев туралы ақпарат жинау.

Міндеттері

  • Туған өлкемнің тарихы туралы білімімді арттыру.
  • Отбасылық мұрағаттар мен естеліктер арқылы Төлеген атаның өмір жолын зерделеу.
  • Ізденіс және ғылыми-зерттеу жұмысының дағдыларын қалыптастыру.

Әдістері, көздері және құрылымы

Әдістері

  • Отбасылық мұрағатты зерттеу
  • Туыстарымен сұхбат жүргізу
  • Жиналған ақпаратты талдау және синтездеу

Зерттеу көздері

  • Туыстарының естеліктері, отбасылық мұрағат материалдары
  • Мұражай материалдары мен бөлім қорлары
  • БАҚ-тағы деректер

Құрылымы

Жұмыс кіріспеден, негізгі бөлімнен, қорытындыдан және талдаудан тұрады. Қолданылған фотосуреттер, құжаттар және естеліктер Төлеген Медетбаевтың өмірі мен еңбек жолын дәріптейді.

Бұл жұмыстың практикалық және теориялық маңызы — өз елі, жері, Отаны туралы білгісі келетін оқырманның қызығушылығын арттыруында. Сонымен қатар бұл еңбек Төлеген Медетбаевтың ұрпақтарына да құнды болады деп ойлаймын. Жоба «Аралдың құрметті азаматтары» атты тәрбие сағатында пайдаланылды; сынып сағаттары мен өлкетану жұмыстарына қолдануға болады. Тақырыпқа байланысты көркем презентация да әзірленді.

Ильичтен келген хат

1921 жылғы 7 қазанда Арал балықшыларына арнап В. И. Ленин үндеу хат жазған. Онда Еділ бойы мен Приуральенің бір бөлігін бұрын-соңды болмаған құрғақшылық жайлап, Астрахань губерниясынан бастап Татар республикасы мен Пермь губерниясына дейінгі аумақта миллиондаған адам аштыққа ұшырағаны айтылады.

Үндеуден үзінді

«…Сол халықтарға, ісініп жатқан кемпір-шалдарға, күйзеліп жатқан сегіз миллион еңбеккерге, ең ақыры бәрінен бұрын қырылып кетуі мүмкін жеті миллион балаға көмек беріңіздер».

Халық түгел жұмылып, топ-топқа бөлініп, жылымдар салынды. Екі жарым айдан кейін Арал Совдепі атынан Төлеген Медетбаев телеграммаға қол қойып, онда: «Арал бассейнінің балықшылары он төрт вагон шикі балық жөнелтті. Бұған Бөген балықшылары ерекше белсенділікпен қатысты» деп хабарлаған.

Негізгі бөлім

Тарих өшпейді: тау қозғалғанымен, өткеннің ізі жоғалмайды. Адам өмірі де сондай. Елі үшін, туған жері үшін еткен еңбек бағалануы, құрметтелуі тиіс. Осындай Арал азаматтарының бірі — Төлеген Медетбаев.

Төлеген Медетбаев кім болған?

Бұл сұраққа сарғайған құжаттар мен тұстастарының естелік жазбаларына сүйене отырып жауап беруге болады.

Ерте кезеңі

  • Төлеген Медетбаев 1890 жылы кедей-шаруаның отбасында дүниеге келген.
  • Анасынан ерте айырылған; әкесімен бірге малайлықта жүрген.
  • 1914 жылы Қазалы қаласында ашылған орыс-түзем училищесіне түсіп, екі жыл оқыған.
  • Күнкөріс үшін Каландаров деген бай-көпестің қара жұмысына жегілген.
  • 1915 жылы әкесі өмірден өткен.

Қоғамдық қызметі және ұйымдастырушылығы

  • Алғашқы еңбек жолын байлардың жалшысы болудан бастаған.
  • 1916 жылы жұмысшы-шаруа милициясының ерікті отрядын ұйымдастыруға қатысқан.
  • 1918 жылы «Совдепке саяси сауатты, революция ісіне берілген, табанды большевик керек» деген ұсыныспен Совдеп төрағалығына сайланған.
  • Сол жылы қалада мектеп ашылып, қазақ балаларын оқуға тарту жұмысы күшейген.
  • 1920 жылы жетім балалар үшін мектеп жанынан интернат ашылып, балалар ана тілінде білім алған.

1919–1920 жылдар: милиция бастығы және бірлестіктердің құрылуы

1919–1920 жылдары Төлеген Медетбаев Аралда милиция бастығы қызметін атқарған. Осы кезеңде ол шаруа семинарын, ауыл шаруашылығы бірлестіктерін және Бөген балықшылар бірлестігін құруға атсалысқан.

Бөген балықшылар бірлестігі

Бірлестік 7 бөлімнен тұрған: Қарашалаң, Қаратерең, Қаратүп; солтүстік жағалаудан Сарышығанақ, Райым, Жалаңаш; сондай-ақ Шөмішкөл мен Ақшатау көлдері маңындағы балықшыларды біріктірген құрылым қалыптастырылған.