Оқушыларды әжесін сыйлауға, аналарды құрметтеуге тәрбиелеу

Тақырыбы

Шуағын шашқан әжелер (әжелер сайысы)

Мақсаты

  • Оқушыларды әжені сыйлауға, аналарды құрметтеуге тәрбиелеу.
  • Оқушылар бойына адамгершілік пен мейірімділік қасиеттерін сіңіру.

Көрнекіліктер

  • Слайд.
  • Оқушылар шығармашылығынан көрме.

Барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Жүргізуші: Ата салтым — асыл мұрам, ардағым. Бабалардың жалғастырар арманын. Сан ғасырда қалпын бұзбас қадірім, өткенімді бүгінменен жалғадым.

Қазағымның салт-дәстүрі жаңғырған, тәлімді ой-сананың, тәрбие көзін қалдырған. Салт-дәстүрді ардақтайық, ағайын — қазақ атты үлкен-кіші балдырған!

Бүгінгі «Шуағын шашқан әжелер» атты мерекелік шарамызға арналған той шашуымызды қабыл алыңыздар.

Жүргізуші: Құрметті әжелер, армысыздар! Бәріңіз де есен-сау бармысыздар? Жиналыппыз сәтті күні бәріміз де — үлкен-кіші, жасымыз-кәріміз де.

Төрлетіңіз, қадірменді әжелер, гүл-гүл жайнап біздің мына төрімізге! Ендеше, сайысқа қатысатын әжелерімізді ортаға шақырайық.

Жүргізуші: Сайыстың аты — сайыс. Сондықтан бүгінгі ардақты әжелерімізге әділ баға беру үшін әділқазылар алқасын сайлап алайық.

Немере үшін ең мейірімді жан — әже. Ақ сүт берген аналардың анасы — әже. «Жан жүрегім, жарығым» деп немересін, шөбересін жүрегіне теңейтін де — әже.

Қадірменді қауым, әжелердің ақ тілегі көпшілік үшін тәбәрік. Өнер қуған әжелеріміз кезектесіп, өздерін таныстырып өтсін.

I кезең. «Сәлем — сөздің анасы»

Жүргізуші: Бұл жандардың қылығына сай ісі, сәулеленіп тұрады әрбір жай ісі. Әжелерді шақырайық ортаға.

II кезең. «Сиқырлы қоржын» (сұрақ-жауап)

  1. 1-сұрақ. Жаңа туған нәрестенің бас жағына ырымдап қандай заттарды қоямыз? Неліктен?

    Жауап үлгісі: Бесіктің бас жағына пышақ, қайрақ, қамшы қояды; кейде үкінің тұяғын, кірпінің терісін, жыланның бас сүйегін тағады. Мұны «шайтан, жылан, жәндік, тышқан жоламасын» деген ырыммен жасайды.

  2. 2-сұрақ. Қазақтың «бесікке салу» салт-дәстүрі туралы не айтасыз?

    Тапсырма: Ырымын жасап көрсету.

  3. 3-сұрақ. Тұсау кесуде сәбидің аяғын немен байлайды, қандай тілек айтылады?

    Тапсырма: Ырымын көрсету.

  4. 4-сұрақ. Қазақтың ұлттық төсеніштері неден және қалай жасалады?

  5. 5-сұрақ. Наурыз мерекесінде қандай тілектер айтылады?

    Жауап үлгісі: «Ақ мол болсын», «Төрт түлік ақты болсын», «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын» және т.б.

  6. 6-сұрақ. Балаға байланысты қазақ халқының мерекелері қандай?

    Жауап үлгісі: Балаға ат қою, шілдехана, бесік тойы, сүндет тойы, атқа мінгізу, тілашар және т.б.

  7. 7-сұрақ. «Базарлық», «байғазы», «сарқыт», «сыбаға», «ерулік» салттарының мәнін түсіндіріңіз.

    Базарлық — алыс сапардан келген адамның туыстарына әкелетін сыйлығы.

    Байғазы — жаңа алған бұйымға берілетін сый немесе ақы.

    Сарқыт — той-мерекеден әкелінетін тағам.

    Сыбаға — жақын-жуыққа, қадірлі қонаққа арнап сақталған кәделі ет мүшесі.

    Ерулік — жаңа көшіп келген көршімен танысу ниетімен дастархан жаю дәстүрі.

Бүлдіршіндердің тақпақтары (әжелер дайын болғанша)

1-оқушы: Тентек болсам — ашылып, жақсы іс қылсам — асырып, маған сақтап жүреді, тәттісін де жасырып.

2-оқушы: Бала деген — бал екен. Бал дегенің — бала екен. Немеренің бойында бар жақсылық бар екен. Туған балаң — жай ғана, демесең де жат бөтен. Нағыз бала ойласаң, немере екен тәтті екен.

3-оқушы: Әже деген көп шығар, әжемдей менің жоқ шығар. Мейірімді ол кісі, қандай ғажап күлкісі!

4-оқушы: Аналарды сүйеміз, ақылын ойға түйеміз. Әжені де ардақтап, әдеппен бас иеміз. Сырмақ сырып оюлап, жақсы көрем әжемді.

5-оқушы: Ақ әжемді әрқашан сыйлап жақсы көремін. Қуантайын деп оны, өлең айтып беремін.

6-оқушы: Әжем менің сымбатты, әжем менің қымбатты. Құрт пен майын жинайды, біздерге оны сыйлайды.

7-оқушы: Әжемнің саясында ер жеттім мен, аялы ақ бесікте тербетілген. Әжемдей ақ ниетті абзал жанды таппаймын айналсам да жер бетінен.

Ескерту: Әжелердің жауаптары тыңдалады.

III кезең. «Өнерліге өріс кең» (өз өнерін көрсету)

Жүргізуші: Даусың қандай сырлы еді, табиғатты тыңдатқан. Көркің қандай нұрлы еді, таң шолпанмен астасқан. Өнеріңді бүгін көрсетші — мына жұрт саған қошеметпен қол соққан!

IV кезең. «Шебердің қолы ортақ» (қолөнер)

Тапсырма: Үйден дайындап келген қолөнер бұйымын көрсету, жасалу жолын түсіндіру.

Жүргізуші: Аңыз болып жоғалмай сан ғасырға, салт-дәстүрі халқымның жалғасуда. Қолөнер әдемілік пен сәнділікке ұласып, ұрпақтарға мұра болып алмасуда.

Әжелер дайын болғанша: 4 «А» сыныбының «Оймақ» биін тамашалаңыздар.

V кезең. «Қазақы дастарханым» (ұлттық тағам)

Жүргізуші: Ұлыс күні тағам толса, ол жылы ақ мол болар. Әжелер ұлттық тағам жасаса, қолдарынан бал тамар.

Тапсырма: Үйден дайындап келген ұлттық тағамды ұсыну, жасалу жолын түсіндіру.

Қорытынды

Жүргізуші: Әже мерейі күн көзімен пара-пар, тұла бойға қуат беріп таралар. Өмірімізге шуақ шашып әрқашан, көп жасаңыз, ақ ниетті апалар!

Лебіз: Әжелеріміздің бүлдіршіндерге арналған ақ тілегін тыңдайық (бір әжеге тілек айтқызу).

Нәтиже: Сайыс қорытындысын тыңдау.

Қорытынды дайын болғанша: 4 «Б» сыныбының «Бипыл» биін тамашалаңыздар.

Марапаттау: Әжелерді марапаттау.

Авторлық ескерту

Бұл материал жас мамандарға көмек ретінде сыныптан тыс шара ұйымдастыру барысында пайдалануға арналған дайын сценарий ретінде ұсынылады.

Мекенжайы: Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Боранқұл селосы, Боранқұл орта мектебі

Авторы: Тойған Нұрекешова Қаражанқызы