Зымыран сұрақтар
«Сөзмерген» танымдық ойыны
«Сөзмерген» — Тілдер күніне орай 6–8-сынып оқушылары арасында өткізілетін танымдық сайыс. Ойын оқушылардың білімін ғана емес, жылдам ойлауын, тапқырлығын және тіл мәдениетін де байқатады.
Мақсаты
- Оқушылардың шығармашылық қабілетін, ойлауын, есте сақтауын және сөйлеу дағдыларын дамыту.
- Ана тілін қадірлеуге, өзге тілдерді құрметтеуге тәрбиелеу.
- Адамгершілікке баулу, ана тілін сүюге және білімін еркін көрсете білуге үйрету.
Көрнекілігі
Интерактивті тақта.
Мұғалімнің кіріспе сөзі (үлгі)
Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Тілдер күніне арналған 6–8-сыныптар арасындағы «Сөзмерген» танымдық ойынына қош келдіңіздер! Көшбасшысы тілдердің — қазақ тілі. Олай болса, өзге тілдермен де достасайық!
Сайыскерлер
6-сынып
Оқушы (аты-жөні көрсетіледі)
7-сынып
Оқушы (аты-жөні көрсетіледі)
8-сынып
Оқушы (аты-жөні көрсетіледі)
Әділқазылар алқасы
Оқу ісінің меңгерушісі
Азамат Мұсаұлы
Тәрбие ісінің меңгерушісі
Милана Шабайқызы
Ағылшын тілі пәні мұғалімі
Сая Нуриддинқызы
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Ләззат Есенқызы
Ойын құрылымы
«Сөзмерген» танымдық ойыны 5 бөлімнен тұрады:
-
1) Зымыран сұрақтар
Жылдам жауап беруге арналған сұрақтар.
-
2) Тапқыр болсаң, тауып көр
Тапқырлық пен тілдік сезімді тексеру.
-
3) Ойлы болсаң, озып көр
Тыйым сөздерді орынды қолдану.
-
4) Кім жүйрік?
Жұмбақ шешу және аударма жасау.
-
5) Сөз ойла, тез ойла
Мақал-мәтел құрастыру.
1-бөлім — «Зымыран сұрақтар»
Бұл бөлімде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен және логикалық сұрақтар қойылады. Жауап тез әрі нақты болуы керек.
Сұрақтар (1-блок)
- 1. Сөйлеу тілінде дыбыстау мүшелері арқылы айтылып, естілетін тілдік құбылысты қалай атаймыз? Дыбыс
- 2. Қазақ тілі қай тілдер тобына жатады? Түркі
- 3. Қазақ дәстүрі бойынша тура айтуға тыйым салынғандықтан, бұрмалап аталған сөздерді қалай атаймыз? Табу
- 4. Ең тәтті, ең ащы не? Тіл
- 5. Жуан және жіңішке сөздерге жалғана беретін қай жұрнақ? -хана
- 6. «Әдебиет» сөзі қай тілден енген? Араб
- 7. Құранда неше сүре бар? 114
- 8. «Бірақ амал нешік, сен қызылшақа болып, жөргекте жатқанда сондағы ақымақтығыңды пайдаланып, әке-шешең немесе шілдеханаға келіп, дуылдап отырған басқа біреу солай атап жіберген.» — қай шығармадан, кімнің сөзі? «Менің атым Қожа», Қожа
Сұрақтар (2-блок)
- 9. Шоқан Уәлихановтың шын аты кім? Мұхамедқанафия
- 10. Отырарға опасыздық жасаған кім? Қарашоқы
- 11. «Селт еткізер» дегеніміз не? Наурыз мейрамында жастардың бір-біріне сыйлайтын тосын сыйы
- 12. Бал да, у да таматын не? Тіл
- 13. «Шалға» қарағанда «балада» не көп? Буын, әріп
- 14. Кім қартаймайды? Анасы бар адамдар
- 15. Кімнің аяғына су жұқпас? Суаяқтың
2-бөлім — «Тапқыр болсаң, тауып көр»
Бұл бөлімде қатысушылардың тапқырлығы мен жылдам ойлау қабілеті сынға түседі. Тапсырмалар жүргізушінің сценарийіне сәйкес беріледі.
3-бөлім — «Ойлы болсаң, озып көр»
Шарты
Күнделікті өмірде қолданылатын тыйым сөздерді дұрыс әрі орынды айтып шығу.
4-бөлім — «Кім жүйрік?»
Шарты
Жұмбақтың жауабын тауып, оны орыс және ағылшын тілдеріне аудару.
| Жұмбақ | Қазақша жауап | Орысша | Ағылшынша |
|---|---|---|---|
| Көзге көрінбейді, жұтсаң білінбейді. | Ауа | Воздух | Air |
| Бір үйге көзсіз боп кіресің, бұл үйден көреген боп шығасың. | Мектеп | Школа | School |
| Көтеріліп теңізден аспанға биік барамын. Биіктеп қайта түскенде өңі кіреді даланың. | Жаңбыр | Дождь | Rain |
| Көк көйлекті жеңгешем көлбең-көлбең етеді, жер түбіне жетеді. | Түтін | Дым | Smoke |
| Бір зат бар дүниеде құшағы кең, ұшқан құс, жүгірген аң бәріне тең. Адамзат, жан-жануар арасында мәңгілік өсіп-өніп өмір сүрген. | Жер | Земля | Earth |
| Балдан тәтті не? | Тіл | Язык | Tongue |
| Бір арба келіншек, әрбір келіншектің басында бір-бір түйіншек. | Сіріңке | Спички | Matches |
5-бөлім — «Сөз ойла, тез ойла»
Шарты
Ұяшықтарды таңдап, шыққан сөздерден мақал-мәтел құрастыру.
1-ұяшық
Білім
2-ұяшық
Кітап
3-ұяшық
Сөз
4-ұяшық
Жер, ел
5-ұяшық
Дос
6-ұяшық
Тосын сый
Бұл ұяшық түскен сайыскерге 10 ұпай сыйға тартылады.
Қорытынды
Көпұлтты Қазақстанда жүзден астам тіл бар. Дегенмен мәртебелі де маңызды мемлекеттік тіл — қазақ тілі. Ана тілің — арың бұл, Ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте!
Ойын соңында жеңімпаз анықталып, «Сөзмерген» атағы беріліп, марапатталады.
Келесі кездескенше!