Модельдің кезеңдері
Сабақтың мақсаттары
- Модель түрлерімен таныстыру және теориялық білімді практикамен ұштастыру.
- Оқушыларды тәрбиелілікке, ұқыптылыққа және тиянақтылыққа баулу.
- Ойлау қабілетін, логикалық және абстрактілі ойлауды дамыту.
Негізгі ұғымдар: модель және модельдеу
Нақты нысандарды түпнұсқада зерттеу мақсатында адамның қолымен жасалған нысан модель деп аталады. Модель нақты нысанды, құбылысты немесе үдерісті қарапайым әрі түсінікті түрде сипаттайды.
Анықтама
Модельдеу — нысандарды, үдерістерді және құбылыстарды зерттеу үшін модель құру үдерісі.
Модельдеу бізге шешім қабылдауға дәлелді негіз береді: үйреншікті нысанды жетілдіру керек пе, әлде жаңасын құру қажет пе; үдерістерді басқаруды қалай өзгерту керек; қоршаған ортаны қалай жақсартуға болады.
Модельдеудің кезеңдері
Модельдеудің кезеңдері мақсатқа және есептің қойылуына байланысты анықталады. Бұл — шығармашылық үдеріс, сондықтан кезеңдердің нақты жағдайға қарай өзгеруі мүмкін.
1) Мақсат қою және нысанды талдау
Зерттеу не үшін жүргізіледі және нысанның қандай қасиеттері маңызды екенін анықтау.
2) Модель құру
Нысанның маңызды қасиеттерін сақтай отырып, ықшамдалған үлгі жасау.
3) Компьютерлік модельдеу
Модельдеу жоспарын құрып, технологиясын таңдау (орта, құрал, тәсіл).
4) Нәтижені талдау
Нәтиже мақсатқа сәйкес келе ме, әлде модельді қайта нақтылау керек пе — соны бағалау.
Модельдеудің зерттеу мақсаттары
Қоғамдық мәселелерді зерттеу кезінде модельдеу ерекше маңызды рөл атқарады. Модельдеу мына мақсаттарға қызмет ете алады:
- Қоршаған ортаны танып-білу.
- Берілген қасиеттер бойынша нысан құрастыру.
- Әсердің нысанға тигізетін салдарын болжау.
- Құбылыстарды, үдерістерді және нысандарды тиімді басқару.
Модельдерді жіктеу
Қолдану аймағы
Оқулық, ойындық, тәжірибелік, имитациялық және т.б.
Уақыт факторы
Статикалық және динамикалық модельдер.
Ұсыну тәсілі
Ақпараттық, таңбалық, компьютерлік және т.б.
Оқу моделі
Оқыту бағдарламаларын модель ретінде қарастыруға болады: олар оқу үдерісін түсіндіреді әрі жаттықтыруға көмектеседі.
Динамикалық модель
Уақыт өтуіне байланысты нысан қасиеттерінің өзгерісін көрсетеді. Мысалы, оқушының оқу үлгерімін бейнелейтін сынып журналы.
Ұсыну тәсілі бойынша модель түрлері
Ақпараттық модель
Нысанның, үдерістің немесе құбылыстың қасиеттері мен күйін және сыртқы ортамен байланысын сипаттайтын ақпараттар жиынтығы.
Таңбалық модель
Сурет, мәтін, график, сызба сияқты таңбалар арқылы ұсынылатын модельдер.
Компьютерлік модель
Бағдарламалық орта көмегімен жүзеге асатын модель. Компьютер мәтін, кесте, сызба, дыбыс, бейне, анимация сияқты ақпараттармен жұмыс істей алады.
Құралды дұрыс таңдау
- Математикалық модельдер үшін: программалау ортасы немесе электрондық кесте.
- Сөздік (мәтіндік) модельдер үшін: мәтіндік редактор.
- Графикалық модельдер үшін: графикалық редактор.
Орындалатын тапсырмалар
I. Графикалық жұмыс
Графикалық редакторда сынып бөлмесінің моделін салу.
II. Өлең үзіндісімен жұмыс (топпен және жеке)
- 1 Өлеңді оқып, атауын ұсыну және авторын анықтау.
- 2 Әр оқушы постермен жұмыс істеп, өлеңнің моделін құру.
III. Топтық жұмыс
Ребустар шешу, логикалық «ми қатыру» тапсырмалары.
IV. Тест жұмысы
1) Модельді тек ..... құруға болады
- A)нақты бір нысанға
- B)ойластырып алынған нысанға
- C)кез келген нысанға, үдеріске, құбылысқа
- D)табиғи құбылыстарға
2) Модельдеудің негізгі кезеңдері
- A)модельді құру, компьютерлік тәжірибе
- B)есептің қойылуы, модель құру, компьютерлік тәжірибе, модельдеу нәтижесін талдау
- C)есептің қойылуы, модельді құру
- D)модельді құру, модельдеу нәтижесін талдау
3) Ақпараттық модель
- A)компьютердің көмегімен жүзеге асады
- B)нысанның, үдерістің, құбылыстың сипаттамасын береді
- C)нысанның қасиеттерін сипаттайтын математикалық формулалар
- D)тек статистикалық модель
4) Уақыт факторына байланысты модельдер
- A)компьютерлік және компьютерлік емес
- B)статикалық және динамикалық
- C)тәжірибелік және имитациялық
- D)сөздік модельдеу
V. Қорытындылау және үй тапсырмасы
Негізгі ұғымдарды қайталау, тест нәтижесін талқылау және келесі сабаққа тапсырма беру.