Ақша - айналым құралы
Сабақтың тақырыбы
Ақшаны ақылмен жұмсайық
Сабақтың мақсаты
- Білімділік: ақша, оның қызметі және ақша айналымы туралы түсінікті нақтылап, маңызын ашу.
- Дамытушылық: логикалық тапсырмалар арқылы оқушылардың танымдық қабілетін дамыту.
- Тәрбиелік: еңбекқорлыққа, ұқыптылыққа және жауапты қаржылық мінез-құлыққа тәрбиелеу.
Сабақтың түрі
Пікірталас сабақ
Сабақтың әдісі
Сұрақ–жауап, түсіндіру
Негізгі ресурс
Оқулық, 41-бет
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру
Сыныптың дайындығын тексеру, сабақтың мақсатымен қысқаша таныстыру.
II. Үй тапсырмасын сұрау
Төмендегі ұғымдар бойынша сұрақ-жауап жүргізіледі:
- Валюта деген не?
- Ұлттық валюта деген не?
- Ақша деген не?
- Табыс деген не?
- Шығын деген не?
- Бюджет деген не?
III. Үй тапсырмасын қорытындылау
Валюта — белгілі бір елде пайдаланылатын ресми мемлекеттік ұлттық ақша бірлігі.
Ұлттық валюта — мемлекеттің ақша бірлігі.
Құндылығы бойынша кез келген тауармен салыстыруға және кез келген тауарға айырбастауға болатын әмбебап эквивалент — ақша.
IV. Негізгі бөлім
1-тапсырма: Ақша туралы мақал-мәтелдер
Оқушылар ақшаға қатысты мақал-мәтелдерді айтып, мағынасын түсіндіреді.
Ақшаның күші мен қасиетін білдіретін 7 ереже
- 1 Мал — баққанға, ақша — адал еңбекпен тапқанға бітеді.
- 2 Ақша туралы арам ой — зиян.
- 3 Алаған қолым — береген. Үстемелеп берсеңіз, үстемелеп аласыз.
- 4 Қайырымдылық жасасаңыз, шығынның қайтарымы мол болады.
- 5 Басы артық дүниеңізді басқаларға беріңіз: алғыстың күші жақсылық болып қайта оралады.
- 6 Жанашырлық жасағанды Жаратқан жарылқайды. Біреуге міндетті түрде қолұшын созыңыз.
- 7 Фәнидегі басты парыз — қайырым мен садақа. Оны ұмытсаң, өзің де ұмытыласың.
Оқулықпен жұмыс
Оқулық, 41-бет: «Ақшаны ақылмен жұмсайық» мәтінін оқу және талдау.
Логикалық тапсырмалар
- Сатып алмас бұрын ең алдымен нені анықтау керек?
- Артық ақшаңыз болса, оны қалай тиімді пайдаланар едіңіз?
- Ақшасыз сауда болуы мүмкін бе? Мүмкін болса, қандай түрде?
- Ақшаның қандай түрлері бар?
Талқылау: Ақша және жауапкершілік
«Ақша — қолдың кірі» десек те, ол тіршілігіміздің ажырамас бөлігі. Адамдар ақша табу үшін еңбектенеді, қызмет етеді. Ендеше, тапқан табысты да өз игілігімізге дұрыс жұмсауды үйренуіміз керек.
Табысымыздың басым бөлігін ойын-сауыққа, орынсыз ішіп-жеуге немесе зиянды әдеттерге жұмсау қаржының берекесін кетіреді. Ұқыпты жоспарланған шығын — тұрақтылықтың негізі.
Ақша айналымы болмаса, тауар айналымы да тежелер еді. Тауардың ақша түрінде көрінетін құны оның бағасы болып табылады. Сондықтан ақша экономикадағы ең маңызды категориялардың бірі.
Теңдестірулер
- «Ақша — жалпыға бірдей эквивалент»
- «Ақша — ерекше тауар»
- «Ақша — зат емес, қоғамдық қатынас»
Теңдестірулер
- «Ақша — еңбек өлшемі»
- «Ақша — бастапқы капитал»
Ақшаның негізгі қызметтері
-
Төлем құралы
Міндеттемелерді өтеуге, төлем жасауға мүмкіндік береді.
-
Айналым құралы
Сатып алу–сату үдерісін жеңілдетеді.
-
Құн өлшемі
Тауар мен қызметтің бағасын өлшеуге көмектеседі.
-
Жинақтау құралы
Ақшаны жинап, болашақ мақсаттарға бағыттауға болады.
Қосымша оқу: Ақшаның шығу тарихы
Ертеде ішкі және сыртқы саудада белгілі бір тауарлар құн төлеу құралы ретінде қолданылды. Мысалы, гректерде, римдіктерде, славяндарда, моңғолдарда, қыпшақтарда — мал; ертедегі Русьте және Скандинавияда — аң терісі; Қытайда — шай; Абиссинияда — тұз ақша рөлін атқарған.
Кейін тауар өндірісі мен айналымы дамыған сайын ақша рөлі металдарға ауысты. Біздің заманымызға дейінгі III ғасырда хуннулар ақша орнына күміс пышақты пайдаланған, ал біздің заманымыздың I ғасырында салық есебіне алтын-күміс құймалар қабылданған.
Дешті Қыпшақ елінде VI–VIII ғасырларда билеуші рулардың таңбалары бейнеленген теңгелер құйылған. XVII ғасырдың басында қазақ хандарының атымен шығарылған мыс ақшалар да болған.
Қазақстанның ұлттық валютасы — теңге
ҚР Президентінің 1993 жылғы 13 қарашадағы «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлығына сәйкес, 1993 жылғы 15 қарашада теңге айналысқа енгізіліп, ел аумағындағы заңды төлем құралына айналды. Сондықтан 15 қараша — Теңге күні.
Ақшаның «сезімталдығы» туралы болжам
Кейбір болжамдарға сәйкес, ақша жансыз қағаз болып көрінгенімен, «сезімталдық» қасиеті бар деген пікір айтылады. Бұл қиял-ғажайып ертегіге ұқсаса да, бизнес сабақтарын жүргізетін кей мамандар ақшаның тек физикалық зат емес, белгілі бір қарым-қатынастың көрінісі екенін алға тартады.
Осы пікірге сүйенсек, ақша ұқыпты сақтауды «жақсы көреді»: купюрді умаждап, жыртып, майыстырып ұстау — тәртіпсіздік белгісі. Ал әдемі әрі жинақы әмиянға салынған ақша тұрақтылыққа шақыратындай әсер береді.
Маңызды ой: ақшаға ұқыпты қарау — ең әуелі тәртіп. «Ақша жоқ» деп жиі шағымдана беру адамның қаржыны басқару дағдысын әлсіретуі мүмкін.
V. Жаңа сабақты бекіту
Оқулық, 41-бет бойынша сұрақтар мен талқылау.
2-тапсырма: Бюджет туралы сұрақтар
- Отбасы бюджеті деген не?
- 6-сынып оқушысының өз бюджеті болуы мүмкін бе?
- Жеке бюджет деген не?
- Балансталған бюджет, тапшылығы бар бюджет және артықшылығы бар бюджет дегеніміз не?
- Тапқанын көп жұмсамау үшін адамдар не істейді?
- Сенің табысың неден құралады?
- Сен үнемдей аласың ба? Үнемдеудің қандай түрлерін білесің?
Оқушылардың пікірін тыңдау
Әр оқушы өз көзқарасын білдіреді: қажет пен қалау айырмасы, жоспарлау, үнемдеу және мақсат қою туралы қысқаша ой бөліседі.
Түйін сұрақ
«Ақшаны ақылмен жұмсау үшін ең алдымен қай дағды қажет?»
VI–VIII. Қорытынды бөлім
VI. Бағалау
Талқылауға қатысуы, жауаптарының нақтылығы және тапсырмаларды орындауы бойынша бағаланады.
VII. Үй тапсырмасы
Оқулық, 41-бет.
«Артық ақшаны қалай табуға болады?» тақырыбында эссе жазу.
VIII. Сабақты қорытындылау
Ақша — мақсатқа жеткізетін құрал. Еңбекпен табылған табысты жоспарлау, қажет пен қалауды ажырату, үнемдеу және қайырымдылық жасау — қаржылық мәдениеттің негізі.