Жоқ оқушыларды белгілеу
Сабақтың тақырыбы
Абай Құнанбаев. «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ»
Сабақтың мақсаты
- Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы туралы түсіндіру; ақын шығармаларының тақырыптық өзегіне шолу жасау. Өлеңдегі ер жігіттің сенімді серігі — бәйге атының сыны мен бағасының берілуін таныту.
- Тапсырмалар арқылы оқушылардың ойлау қабілетін, тіл байлығын дамыту.
- Ұлы ақынға деген құрмет пен мақтаныш сезімін тәрбиелеу; шығармалары арқылы адамгершілік пен ізеттілік қасиеттерін нығайту.
Сабақтың сипаттамасы
Түрі
Аралас сабақ
Типі
Жаңа білімді меңгерту
Әдістері
Сұрақ-жауап, баяндау, мәнерлеп оқу, сұхбат
Көрнекілігі
Ақын портреті, интерактивті тақта, оқулық
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен амандасу.
- Жоқ оқушыларды белгілеу.
- Оқушы назарын сабаққа аудару.
II. Үй тапсырмасын тексеру
Тақырып: «Жақсы мен жаман адамның қасиеттері». Сатылай кешенді талдау жасап, өлеңнен жақсы және жаман қасиеттерді теріп жазып келу.
Жақсы адамға тән қасиеттер
Ешкімді жатсынбайды; сөзіне сақ; елдің ағасы, елдің бастаушы серкесі; жүзі жылы, сөзі майда; үлкен-кішіге бірдей сыйлы; жыл құсындай; алысты жақын ететін.
Жаман адамға тән қасиеттер
Көкірегі көр, көзі соқыр; жолдан адасқыш; өтірікші; өсегі көп; іріткі салғыш; ел арасын сөзбен бықсытушы; ұрыншақ, тентек, сүйкімсіз; «жылқының қотыр болған аласындай»; «балтаның ұңғысындай»; өсек-аяңға үйір; кеудесі үлкен, сөзі кесек; ақылы ауысқан.
Жеке жұмыс
Оқушылар өз ойларын қысқаша эссе түрінде жазады.
III. Жаңа сабақ (мағынаны тану)
Абай туралы негізгі мәлімет
Абай — XIX ғасырдағы қазақтың данышпан, суреткер ақыны, өз ұрпағын өнер-білімге үндеген ойлы ағартушы. Ол 1845–1904 жылдары өмір сүрген, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі. Туған жері — Шығыс Қазақстан өңірі, Шыңғыстау бөктері. Әжесі — Зере, анасы — Ұлжан.
Абай табиғат лирикасына қатысты өлеңдер жазған, сондай-ақ сазгер, аудармашы. Араб, парсы, түрік және орыс ақындарының шығармаларын қазақ тіліне аударған.
Абайдың тегі (шежіре)
- Кішік
- Әйтек
- Олжай
- Қайдос
- Ырғызбай
- Өскенбай
- Құнанбай
Аналары және балалары
- Күңке — Құдайберді (Шәкәрім).
- Ұлжан — Тәңірберді, Абай, Ысқақ, Оспан.
- Айқыз — Халиолла, Ысмағұл.
- Торғай (Нұрғаным) — бала жоқ.
Оқулықпен жұмыс
- «Бала Абай» туралы мәтінді оқу.
- Ассоциация әдісі: дәптерге негізгі ұғымдарды жазып отыру, белгі соғып отыру.
Шартты белгілер
v — білемін
+ — жаңалық
- — білмеймін
? — толығырақ білгім келеді
Сұхбат: «Абай туралы не білеміз?»
Оқушылардың алдын ала білімін анықтау мақсатында қысқа сұрақ-жауап жүргізіледі.
Өлең тақырыбы және идеясы
«Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» — жаратылыстың жанды бір бейнесі іспетті бәйге атқа арналған өлең. Ғасырлар бойы мал өсіріп, көшпелі тіршілік кешкен жұрт үшін аттың бағасы ерекше болған. Абай заманында да ат — ер қанаты, адамға ең ыстық, қадірлі жануарлардың бірі ретінде танылды.
Мәнерлеп оқу және көрнекілік
- Өлеңді оқулықтан дауыс ырғағымен мәнерлеп оқу.
- Интерактивті тақтадан жылқының сыртқы мүшелерін көрсету.
- Ақын суреттеуі арқылы аттың түр-тұлғасы, жүріс-тұрысы, шабыс- желісі бейнелі сөздермен айшықталатынын талдау.
Сөздікпен жұмыс
- Сағақ
- Жылқының сағалдырық тұратын тамағының астыңғы жағы.
- Жерсоғар
- Ат тұяғының арт жағындағы қатты жері, өкшелігі.
- Ашамайлы
- Ашамай салынған деген мағына.
- Ашамай
- Атқа мініп жүре алмайтын жас балаларға арналған арнайы ер.
- Арса-арса
- Арбиған, арықтап-босаған, сүлдері шыққан кейіп.
- Шідерлік
- Аттың сирағындағы шідер салатын жер.
- Шідер
- Аттың екі алдыңғы аяғы мен артқы бір аяғын қосып салатын тұсау.
Мұғалімнің түсіндірмесі: бәйге атын тану мәдениеті
Жүйрік баптап, оны бәйгеге қосу — қазақ үшін үлкен өнер. Бұл өлеңде Абай бәйге атының мүсінін дәл әрі әсерлі береді. Мәселен, «жауырыны етсіз тақтайдай-ақ» деген жолдың астарында үлкен шындық жатыр: жүйрік атта артық ет болмайды. Сондықтан жауырынның етсіздігі — сәйгүліктің бітіміне тән белгі.
Сондай-ақ «арты талтақ» деген суреттеме де жай сөз емес: бәйге аттың саны мен қолтығы ықшам, шапқан кезде адымы ашылып, жүрісі жеңіл болуы керек. «қоян жақ», «қой мойын» тіркестері сырттай қарағанда қарапайым көрінгенімен, ақын жүйріктің жақ сүйегі етсіз, мойны жинақы келетінін дәл бейнелейді.
Сыныппен әңгіме
Сұрақ: Өзіміз қандай атақты бәйге аттарын білеміз?
Жауап: Ақан серінің Құлагері.
Сұрақ: Құлагер туралы қандай шығармалар бар?
Жауап: С. Жүнісовтің «Ақан сері» романы, І. Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы.
Мысал мәтін: С. Жүнісовтің «Ақан сері» романынан үзінді (мазмұндама)
Асқа келген жұрттың аузына Ақан мен оның Құлагері ілігеді. Күреңбай сыншы Құлагерге мынадай баға береді: көп жылқыда 12 қабырға болады, ал Құлагерде бір қабырға артық. Сыншының айтуынша, сол «қанат» іспетті қабырға өкпені қыспай, кең тыныстауға мүмкіндік береді. Терінде «сықпа құрттың дәміндей» дәм жоқ, «жеті тері алынған». Құмалағында «қоянның көз жасындай» бір тамшы су да жоқ. «Ат шаппайды, бап шабады» дегендей, Құлагер де — тұлпар, баптаушысы да — нағыз жүйрік танитын адам.
Талдауға арналған сұрақтар
- Ақын қазақтың ауызекі тілінен қандай бейнелі, айшықты оралымдар жасаған?
- «Шоқпар» деген не? Өлеңде ол қандай бейнелі сөзге айналған?
- Жүйрік атта артық ет болуы мүмкін бе? Неліктен?
- Жүйрік аттың аса биік болмайтыны өлеңде қалай аңғарылады?
IV. Бекіту (ойтолғаныс кезеңі)
Сынып 3 топқа бөлініп, дәптермен жұмыс орындайды.
1-топ: Кесте жұмысы
Өлеңнің алғашқы шумағынан дене мүшелеріне қатысты тіркестерді теріп жаз:
шоқпардай кекіл, қамыс құлақ, қой мойын, қоян жақ, бөкен қабақ, ауыз омыртқа, майда жал, ой желке
Осы сөздердің ішінен омоним болатындарын тауып, мысал келтір:
Қой
- 1) Қорада қой су ішіп тұр.
- 2) Кітапты орнына қой.
Ой
- 1) Оның ойы ұшқыр.
- 2) Ауыл ойға қарай қоныс тепті.
Жақ
- 1) От жақ.
- 2) Адамның дене мүшесі.
- 3) І, ІІ, ІІІ жақ.
Тіркестердің ішінен тасымалдауға болмайтын сөздерді тап:
Қой, жақ, ауыз, жал.
2-топ: Өлеңнен жылқының дене мүшелерін теріп жаз
Жауап үлгісі:
кекіл, құлақ, мойын, жақ, қабақ, ауыз, омыртқа, жал, желке, мұрын, ерін, тіс, қабырға, жота, омырау, төс, бақай, тұяқ, шынтақ, аяқ, жауырын, сауыр, мықын, құйрық, қыл, ұршық, сан, бауыр, тірсек (шідерлі), көз
Осы сөздерге сұрақ қой:
Не?
Қай сөз табына жатады?
Зат есім.
3-топ: Бес жолды өлең
Жаңа сабақ бойынша 5 жолдан тұратын қорытынды жазады.
- Кім? Не? — Абай
- Қандай? — ақылды, зерек
- Не істеді? — оқыды, жазды, қалдырды
- Сөйлем: Абай — қазақтың ұлы ақыны.
- Синоним: Абай — ақын.
Үй тапсырмасы
- Өлеңнен өзіңе ұнаған 3 шумақты мәнерлеп жатқа оқу.
- Аттың суретін салу.
Бағалау
Оқушылардың сабақ барысындағы белсенділігі, жауаптарының дәлдігі, талдау сапасы және тапсырмаларды орындауы бойынша бағаланады.