Баланың тілі бал
Сабақтың тақырыбы
Аяулы анашым
Сабақтың мақсаты
Аналарға деген сүйіспеншілікке баулу, ана еңбегін құрметтеп, ардақтай білуге тәрбиелеу.
Кештің барысы
Жүргізушінің кіріспе сөзі
Құрметті асыл аналар, қыз-қызғалдақтар, қадірлі ұстаздар! Қар астынан қылтиып бәйшешек бой көтергенде, көктемнің алғашқы хабаршысы болып аналар мерекесі келеді.
Біздің асыл аналарымыз да бәйшешектей — барлық қиындыққа төзімді. Ал қыз-қызғалдақтар көктемгі гүлдей жарқырап, мерекелеріңіз құтты болсын!
Ана дейміз бәріміз де аңқылдап,
Ана дейді жас сәби де жарқылдап.
Ана деген — бәйтерегі өмірдің,
Ана деген — алтын қазық, алтын бақ.
Ана десем — шешек атып жанарым,
Өмірімнің бастау алар жаңа әні.
Ана деген — тіршілікте пана боп,
Әрбір үйде жылулық боп жанады.
Ендеше, аналарымызға арналған шағын кешімізді «Ана туралы жыр» әнімен бастайық.
Оқушылардың өлеңдері
1-оқушы
Бүгін — наурыздың сегізі,
Сұлулықтың негізі.
Әдемі сөз — адамның
Анаға айтар лебізі.
2-оқушы
Сен жалықпай жетектеп,
Мен жаттыға жетермін.
Айтқаныңды екі етпей,
Ақ сүтіңді өтермін.
3-оқушы
Анамның әрбір сөзі — ой-талабы,
Жүректің тереңінде сақталады.
Өсеміз елін сүйген ұландар боп,
Ардақты ана еңбегі ақталады.
Өнер бөлімі
Қазақ жұрты киелі, өнерліні сүйеді. Сіздерді күтіп отырған сонша қауым — би билеп, ән салып беріңдер!
Қазақ биі: биші қыздарымызды ортаға шақырамыз.
Ана мен балаға арналған сұрақ-жауап
Аналарымызбен бірге сұрақтарға жауап берейік: бала мақал-мәтел айтады, анасы оның мағынасын түсіндіреді.
1-сұрақ
Ана мен қыз балаға байланысты қандай мақал-мәтел білесіз?
- Қыз өссе — елдің көркі, гүл өссе — жердің көркі.
- Ананың сүті — бал, баланың тілі — бал.
- Қыз — қуыршақ, бала — құлыншақ.
- Анаңа ауыр сөз айтпа, артыңа ауыр жүк артпа.
- Анаға қарап қыз өсер, әкеге қарап ұл өсер.
2-сұрақ
Ананың отбасындағы міндеті қандай?
Ана — ұрпақ жалғастырушы, тәрбиеші, отбасы бірлігін бекітетін ынтымақтастырушы тұлға.
3-сұрақ (оқушыларға)
Үйде анаң қандай тыйым сөздер айтады?
- Ақты төкпе.
- Табалдырыққа тұрма.
- Тізеңді құшақтама.
4-сұрақ (оқушыларға)
Анаң сені қалай еркелетеді?
«Құлыншағым», «балапаным» және тағы басқа жылы сөздермен еркелетеді.
Би: үнді биі
Мың бұралған арулар аңдап басып, ортаға толқып-тасып келеді. Аруларын сыйлаған халқым менің — көңілді қошеметпен қарсы алайық.
Үнді биі: аруларымызды ортаға шақырамыз.
Тағы да жүрекжарды жырлар
5-оқушы
Асыл анам, ақ анам, алтын анам,
Маңдайының күні боп жарқыраған.
Мейірімге толарсың шомылдырған,
Одан артық мен үшін бар ма адам?
6-оқушы
Аналарды сүйеміз,
Сөзін айға түйеміз.
Әжені де ардақтап,
Әдеппен бас иеміз.
7-оқушы
Әлпештеген баласын —
Ана бақыт, ана күн.
Әркім сүйер өз анасын,
Мақтан етер анасын.
8-оқушы
Бізді өсіріп, баптаған,
Жақсы болсаң шаттанған.
«Алтыным» деп мақтаған,
Айналайын ақ мамам.
Ана туралы ой
Ана, ана, ана… Осы сөздің өзі адамға қандай күш береді! Дүниеде ананың мейіріміне, аялы алақанына не жетеді?! Жақсылық атаулының бәрі де ананың ақ сүтінен жаралған.
Халық арасында «Меккеге анаңды үш рет арқалап апарсаң да, қарызыңды өтей алмайсың» деген сөз бар. Бұл — ананың қадірінің өлшеусіз екенін ұғындыратын терең тағылым.
Сыйлықтар мен музыкалық нөмір
Ендігі кезекте оқушыларымыздың аналарына, әжелеріне, ұстаздарына, апаларына арнап жасаған шағын сыйлықтарын қабыл алыңыздар. (Оқушылар сыйлықтарын аналарына апарып береді.)
Құлақтан кіріп бойды алар — әсем ән мен тәтті күй.
Нартаев Талғаттың орындауында «Анаға сәлем» әнін қабыл алыңыздар.
Құттықтау сөз
Құттықтау сөз мектеп меңгерушісі Камзин Сабыржан Жақсылықұлына беріледі.
Қорытынды
Өмірге ана — бұлақ, ана — пана,
Өмірді өркендетер ана ғана.
Өсірген талай көсем, талай шешен,
Талай ер, талай ақын, талай дана.
Баршаңызды көктемнің алғашқы мерекесі — 8 наурыз, Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймыз. Отбасыларыңызға бақыт, дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге шығармашылық табыс тілейміз.
Осылайша бүгінгі шағын кешіміз мәресіне жетті.