Өсімдіктің мүшелерін тап
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Оқушыға тақырыпты терең әрі жан-жақты, жеңіл түрде меңгерту. Әр оқушының сыныпта және сабақтан тыс уақытта білім алуына мүмкіндік жасау.
Дамытушылық
Оқушылардың өздігінше ізденуін дамыту, пәнге және жалпы білім алуға қызығушылығын арттыру.
Тәрбиелік
Табиғатты сүюге және оған қамқорлық жасауға тәрбиелеу.
Көрнекілігі
- Суреттер
- Үлестірмелі материалдар
- Плакаттар
Өту әдістері
- Түсіндіру
- Сұрақ-жауап
- Әңгімелеу
- Талдау
Сабақ форматы
Түрі: аралас сабақ
Пәнаралық байланыс: өзін-өзі тану, математика, қазақ тілі
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру және психологиялық дайындық
Сәлеметсіздер ме, қонақтар! Қайырлы күн, оқушылар!
Бейсенбінің сәті сәттілікке толсын.
Бүгінгі алған бағаң кілең «бестік» болсын.
Диалог
Мұғалім:
Әрбір адам?
Оқушылар:
Досым, сыныптасым.
Мұғалім:
Әрбір сабақ?
Оқушылар:
Үйрену, оқу, іздену.
Мұғалім:
Әрбір ісің?
Оқушылар:
Тірлік, тірек, адамдық.
Мұғалім:
Әрбір сөзің?
Оқушылар:
Шындық, бірлік, адалдық.
II. Үй тапсырмасын тексеру
Қайталау сұрақтары
- Біз қазір қандай тірі табиғат иесімен танысып жатырмыз?
- Өсімдік әлемімен.
- Өсімдіктер неше топқа бөлінеді?
- Үш топқа: ағаш, бұта, шөп.
Практикалық тапсырмалар
-
Суретпен жұмыс
Берілген суреттер бойынша өсімдіктердің тобын (ағаш, бұта, шөп) анықтау.
-
Ойын: «Өсімдіктің мүшелерін тап»
Берілген сөздерден өсімдік мүшелерін таңдап, орнына орналастыру.
Сөздер: тамыр, шөп, сабақ, гүл, емен, шөп, жапырақ, ағаш.
-
Мәтін мазмұнын айту
2–3 оқушыдан өткен мәтіннің мазмұнын сұрау.
-
5 минуттық эссе
«Тамыр» тақырыбына 5 минут ішінде қысқа эссе жазу.
III. Жаңа сабақ: «Сабақ»
Жұмбақ
Өсімдіктің бойлап өсер тірегі,
Көп мүшенің ішіндегі бірі еді.
Жоғары-төмен тұратұғын таратып,
Осы мүше — өсімдіктің жүрегі.
Жауабы: сабақ
ББҮ стратегиясы (KWL)
Білемін
Сабақ — өсімдіктің мүшесі.
Білгім келеді
- Сабақ өсімдікке не үшін керек?
- Ол қандай мүше?
Үйрендім
Сабақтың қызметтері мен түрлерін ажырата аламын.
Мәтінмен жұмыс: сабақтың маңызы
Сабақ — өсімдіктің маңызды мүшелерінің бірі. Ол өсімдіктің мүшелерін өзара байланыстырып, тіршілігін қамтамасыз етеді.
Байланыстырады
Барлық мүшелерді бір-бірімен жалғайды.
Тіршілікті қамтамасыз етеді
Өсу мен дамуға жағдай жасайды.
Қорек жеткізеді
Тамыр сіңірген қоректі жерүсті мүшелеріне тасымалдайды.
Гүл мен жемісті ұстайды
Гүлдер, бүршіктер бекиді; жемістер түзіліп, піседі.
Тыныс алуға қатысады
Газ алмасу үдерістеріне қатысады.
Сабақтың түрлері (мысалмен)
Тік сабақ
Таңқурайдың сабағы тік әрі қатты болады. Мұндай сабақ тік сабақты өсімдіктерге жатады.
Өрмелегіш (иілгіш) сабақ
Жүзім мұртшалары арқылы ілініп, өрмелеп өседі. Сабағы жұмсақ, иілгіш келеді — бұл өрмелегіш сабақ.
Суретпен жұмыс (талдау)
- Суреттегі өсімдіктердің қайсысы тік, қайсысы иілгіш сабақ екенін ажыратып, аттарын атау.
- Сергіту сәті (қысқа қимыл-қозғалыс жаттығулары).
-
Топтық жұмыс: берілген өсімдік суреті бойынша сабақтың түрін анықтау:
1-топ: қияр2-топ: бамбук3-топ: алоэ
«Білгенге маржан»: өсімдіктер туралы қысқаша деректер
Жалбыз
Жалбыз — ерінгүлділер тұқымдасына жататын хош иісті, көпжылдық (кейде біржылдық) шөптесін өсімдік. Қазақстанда суармалы жерлерде, бұлақ, өзен-көл маңында, арық бойында, шалғындықта, тоғайда және таулы аймақта өседі. Биіктігі 15–60 (110) см. Сабағы тік, бұтақталған; жапырағы қарама-қарсы орналасады. Дәрілік қасиеті бар: жүрек және өт жолдары ауруларында қолданылады, антисептикалық қоспа ретінде де пайдаланылады. Эфир майы парфюмерия мен тамақ өнеркәсібінде кең қолданылады. Гүлінен ара бал жинайды.
Жүзім
Жүзім — жер бетінде ең ерте пайда болған өсімдіктердің бірі. Қазіргі таңда ең көп өсірілетін аймақтардың бірі — Кіші Азия. Жүзімнің шамамен 10 мыңға жуық түрі кездеседі. Құрамындағы магний ағзаның және мидың тынығуына әсер етеді; бауыр аурулары мен қаназдықта (анемияда) жиі қолданылады. Иммунитетті күшейтіп, жүйкені тыныштандырады, терінің жаңаруына ықпал етеді. Аллергия мен буындарда тұз жиналуының алдын алуға көмектеседі.
Бидайық
Бидайық — астық тұқымдасына жататын көпжылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанның барлық өңірінде кездеседі, 44 түрі бар. Тамырсабағы ұзын: жер астында 2 метрге дейін көлбей өседі. Сабағы тік, жапырағы жіңішке таспа тәрізді; гүлі масақша қабыршақтарымен қоршалады.
Кактус
Кактус — шырын сабақты өсімдік. Әдетте сабағы жуан, етженді, шырынды; тікенекті, түкті немесе қылтанақты болуы мүмкін. Бұта, ағаш, лиана тәріздес түрлері де кездеседі.
Бақбақ
Бақбақ — көпжылдық (кейде бір немесе екіжылдық) шөптесін өсімдік. Қазақстанда 59 түрі бар; шалғынды, көгалды жерлерде, жол жиегінде, тау бөктерлерінде өседі. Биіктігі 4–30 см. Сабағы қуыс, жапырақсыз, тықыр; сүтті шырынды болады. Тамыры мен сабағы дәрілік мақсатқа қолданылады, сондай-ақ мал азығы және тағам ретінде де пайдаланылады.
Жусан
Жусан — шөптесін өсімдіктер мен шала бұталар тобы. Қазақстанның барлық жерінде: шөл, шөлейт, дала және таулы өңірлерде өседі. Биіктігі 10–60 см, кейде 1,5–2 м-ге дейін жетеді. Сабағы тік немесе жерге жайылып өседі. Жусан — құнарлы мал азығы, дәрілік, бояуыш, тағамдық, витаминді және эфир майлы өсімдік.
Картоп
Картоп — жарықсүйгіш, ылғалсүйгіш (әсіресе гүлдеу және түйнек түзу кезінде), суыққа төзімді дақыл. Биіктігі 40–80 см, кейде 150 см-ге дейін өседі. Бір түпте 3–6 сабақ болады. Жер астындағы өркен сабақтың ұшы түйнекке айналады.
Пальма
Пальмалар көбіне тропиктік ормандарда, теңіз жағалауларында, саванналарда, шөлейтті аймақтардың оазистерінде және 3000 м-ден жоғары таулы өңірлерде таралған. 250 туысқа бірігетін 3400-ге жуық түрі бар. Биіктігі 60 м-ге дейін, діңі көбіне бұтақтанбайды; жапырағы жоғары бөлігінде топтанып орналасады. Кей түрлері бұта тәрізді, кейбірі жіңішке, өте ұзын шырмалып өсетін болады.
Үлестірмелі материалдармен жұмыс
1-тапсырма
Сабақтың атқаратын қызметтерін айтып бер.
2-тапсырма
Сабақ бойында өсімдіктің қандай мүшелері орналасатынын ата.
3-тапсырма
Биік әрі жуан сабаққа мысал келтір.
Сабақты қорытындылау
ББҮ стратегиясы (қорытынды)
Білемін
Сабақ — өсімдіктің мүшесі.
Білгім келеді
- Сабақ өсімдікке не үшін керек?
- Ол қандай мүше?
Үйрендім
Сабақ — өсімдіктің маңызды мүшесі: ол барлық мүшелерді жалғастырады, тамыр арқылы қоректі жеткізеді және тыныс алуға қатысады.
«Бес жолды өлең»
Не?
Сабақ
Қандай?
Тік, иілгіш
Не істейді?
Тыныс алады, қорек жеткізеді, тіршілікті қамтамасыз етеді.
Сөйлем
Сабақ өсімдіктің мүшелерін өзара жалғастырады.
Синоним
Дің
Үй тапсырмасы
- Мәтіннің мазмұнын айту.
- Үйіңнің маңындағы өсімдіктердің сабақтарын бақылап, суретін салып келу.
Бағалау
Оқушылардың жауаптары, тапсырмаларды орындау белсенділігі және топтық жұмыс нәтижелері бойынша бағаланады.