Менің туған жерім - Шабдаржап ауылы

БҚО, Ақжайық ауданы, Шабдаржап ауылы, Харькин ОЖББ мектебі, 8-сынып оқушысы

Азаматов Бектас

Менің арманым

Армансыз адам — қанатсыз құспен тең. Әр адамның жан дүниесінде асқақ арманы болады. Ол арман адаммен бірге өсіп, өркендейді. Арманға жету үшін адам үнемі талпынады, ізденеді. Армандар таусылмайды.

Менің де үлкен арманым бар — журналист болу. Теледидарда сөйлеп жатқан аға-әпкелерімнен үлгі алып, олардың сөз саптауына қызыға қараймын. Газет-журналдардағы көркем жазылған мақалаларды оқығанда, өзімді үлкен бір әлемге тап болғандай сезінемін.

Журналист — қарапайым халық пен жоғары биліктің арасындағы көпір іспетті. Тек шындықты айтатын, шындықты жақтайтын адам ғана журналист бола алады. Ол — сөзге шешен, ұтқыр ойлы, жан дүниесі әсем, кез келген адаммен тіл табыса алатын, қарапайым әрі білімді жан.

Журналист қандай болуы керек?

  • Шындықты қорғай білу

    Ащы болса да, әділ сөзден таймау.

  • Көп оқу, көп білу

    Кең ой-өріс пен үздіксіз ізденіс.

  • Жан-жақтылық

    Әр тақырыпты түсініп, саралай алу.

  • Адаммен тіл табысу

    Қоғаммен байланыс орната білу.

Мен де жоғары білім алып, халқыма қызмет еткім келеді. Шындық үшін күресе білетін, өз ісінің маманы болуды мақсат етемін. Кім біледі, бүгінгі арманым — ертеңгі болашағым болар. Бүгінгі қиялымдағы ой — ертеңгі еңбегімнің нәтижесі болар. Сол үшін бұл арманымды міндетті түрде орындауға тырысамын.

БҚО, Ақжайық ауданы, Шабдаржап ауылы, Харькин ОЖББ мектебі, 8-сынып оқушысы

Гумарова Ақтілек

Менің отбасым

Біздің отбасымызда жеті жан бар: әжем, әкем, анам, мен және үш бауырым. Үйіміздің ақ жаулықты әжесі, асқар тау әкеміз және ақылшы анамыз бізге үнемі жақсылықты үйретіп отырады.

«Қарты бардың — қазынасы бар» дегендей, әжеміз өмірден көргенін, білгенін, түйгенін жиі айтып, ақылын аямайды. Ол он екі баланы өмірге әкеліп, өсірген Батыр ана. Әжеміздің айтуынша, өзінің балалық шағы мен бүгінгі балалардың балалық шағының арасы жер мен көктей.

Әжеміздің өсиеті

Еліміз егемендік алып, көп жетістікке жетті, қарыштап дамып келеді. Бүгінде балаларға жан-жақты оқып, білім алуға барлық мүмкіндік бар. Әжеміз бізге: «Жақсы оқыңдар, елге сыйлы азамат болыңдар» деп айтудан жалыққан емес. Қыз бала тәрбиесіне қатысты да тағылымды әңгімесі таусылмайды.

Әкем — он екі баланың кенжесі. Анам екеуі әжемізді аялап, бағып-қағып отыр. Мереке күндері жан-жақтағы ағайын-туыс құттықтап келіп, бәріміздің көңіліміз көтеріледі.

Біз — тату-тәтті отбасымыз. Өз отбасымды өте жақсы көремін. Әке-шешеміз бізге саналы тәрбие беріп, болашағымызға зор үмітпен қарайды. Біз сол үмітті ақтауға тырысамыз.

БҚО, Ақжайық ауданы, Шабдаржап ауылы, Харькин ОЖББ мектебі, 8-сынып оқушысы

Айкөркем Оралбекова

Менің ауылым

Атамекен — ата-бабаларымыз қоныс тепкен қасиетті мекен. Туған жер — әр адамның дүние есігін ашып, өмірге келген ыстық ұясы. Менің туған жерім — Шабдаржап ауылы. Өз ауылым мен үшін қастерлі әрі қадірлі.

Ауылымыздың іргесінен балығы тайдай тулаған Жайық өзені ағып жатыр. Ауасы таза, табиғаты тамаша. Туған жер өз перзентіне бар нәрін беріп, аялап-әлпештейді. Сондықтан әр адам өз ауылын мақтан тұтып, қадірлейді. Туған ауылға қызмет ету — әрбір азаматтың парызы.

Ауылдың тынысы

  • Ауыл адамдары жаны жайсаң, қамқор, адамгершілігі мол.
  • Көбісі мал шаруашылығымен айналысады, жеке қожалықтар да бар.
  • Жұрт бір үйдің адамдарындай бір-біріне көмектесуге әрдайым дайын.

«Өзге жердің бәрі жақсы, өз еліңдей қайдан болсын?!» — туған ауылдан алыстасаң, сағынасың. Мен үшін ауылымның орны ерекше: дәл осы жерде туып, алаңсыз да бақытты балалық шағымды өткізіп жүрмін. Мектепте жақсы оқып, армандарыма жетуді мақсат етемін.

Ауылымыз күннен күнге көркейіп, гүлденіп келеді. Жақында ауылымызға жаңа мектеп салынбақ. Бұл — біз үшін үлкен қуаныш.

БҚО, Ақжайық ауданы, Шабдаржап ауылы, Харькин ОЖББ мектебі, 8-сынып оқушысы

Бисенғалиев Қадірбек

Асыл анам

Анам — менің асыл жаным,
Мәпелеген аялап.
Түн ұйқысын төрт бөліп,
Шырылдаған мен үшін.

Асырап мені сен бақтың,
Әке орнына әке боп,
Ана орнына ана боп,
Туғандарым сен болдың.

Мәпеледің балаңдай,
Алтын менің анашым.
Рахмет саған айтамын.