Сын жет

«Ұмытпайық ата-баба дәстүрін» — сыныпаралық Наурыз мерекесі

Бұл мерекенің басты мақсаты — ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерді дәріптеп, жас ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру.

Жүргізушінің құттықтауы

Уа, халайық, құтты болсын мерекең,

Құтты болсын, құтты болсын берекең!

Наурыз тойы тойланбақшы мектепте,

Қош келіпсіз, мерекені тамашалап көруге!

Құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар! Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесі құтты болсын!

«Ұмытпайық ата-баба дәстүрін» атты Наурыз мерекесін ашық деп жариялаймыз.

Наурыз тойды қарсы алып,

Бар әлемге жар салып,

Бейбітшілік тойы деп

Қол соғады барша жұрт.

Бауырласқа тәнтіміз, бұзылмаған салтымыз. Өзге ұлттай біздің де бар дәстүріміз, салтымыз бар. Ендеше, ұмыт қалған салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртайық.

«Қазақтың дәстүрі бар — өнер деген, өнерді үйреніп, өт, жиренбе сен» — деген тәмсіл ата-баба мұрасының өміршеңдігін айқындайды.

Салт-дәстүр көріністері мен қойылымдар

Мерекелік бағдарламада әр сынып ұлттық дәстүрлерді сахналық көрініс, би және өнер арқылы ұсынды. Төменде негізгі бөлімдер ретімен берілді.

Жүн түту және ұршық иіру

Ұмыт қалған дәстүр

Қазақ тұрмысындағы еңбек мәдениетін танытатын жүн түту мен ұршық иіру — ұқыптылық пен шеберлікті талап ететін өнер. Бұл бөлімде дәстүрдің мәні мен орындалу жолы таныстырылды.

Бата беру дәстүрі

3-сынып • Сынып жетекшісі: А. Сүйесінова

Біз ақылды баламыз,

Шырақ болып жанамыз.

Өзімізге қажетті

Атадан бата аламыз.

Бата беру дәстүрінен көрініс ұсынылды.

Киіз басу биі

4-сынып • Сынып жетекшісі: Ш. Есмұханова

Құй ыстық су үстіне,

Қара киіз пісті ме?

Піссе, жылдам алайық та,

Жерге төсей салайық.

Шығанақ атаның тары қайнату дәстүрі

5 «Ә» сыныбы • Сынып жетекшісі: Г. Ибағалиева

Әлемге аты аңыз болған Шығанақ атаның еңбегі мен берекелі дастарқан мәдениеті үлгі ретінде ұсынылып, тарының қайнатылу дәстүрінен көрініс көрсетілді.

Тілашар тойы

5 «А» сыныбы • Сынып жетекшісі: А. Құлекешова

Той пердесін ашайық,

Тойға шашу шашайық.

Болашаққа жол ашар

Тойымыз бар — Тілашар тойы.

Ерулік беру

6-сынып • Сынып жетекшісі: Ш. Каменова

Ерулік — жаңа қоныстанған көршіге қолдау білдіріп, татулықты арттыратын игі дәстүр. Көріністе қауымның бірлікке ұйысатын құндылығы айқын көрсетілді.

Саятшылық өнері (құсбегілік)

7 «А» сыныбы • Сынып жетекшісі: Р. Абдрахманова

Саятшылық — табиғатпен үндескен, төзім мен жауапкершілікті талап ететін дәстүрлі өнер. Құсбегілік салтының мәні сахналық түрде таныстырылды.

Жарапазан айту

1-сынып • Сынып жетекшісі: Ж. Балапашева

Айтамыз жарапазан ауылыңа,

Береке, бірлік берсін қауымыңа.

Береке, бірлік берсе қауымыңа,

Бас имес кімдер келіп ауылыңа.

Айтыс өнері

Сынып жетекшісі: С. Абдрахманова

Жылдың басы — Наурыз,

Жырдың басы — Наурыз.

Наурызға жыр арнап,

Айтысайық бәріміз.

Байғазы мен сүйінші сұрау

Сынып жетекшісі: Ж. Мұхтарова

Біз ақылды баламыз,

Шырақ болып жанамыз.

Байғазы, сүйінші сұрап,

Кәдемізді аламыз.

Кәде сұрау

8-сынып • Сынып жетекшісі: Г. Жұмабекова

Той пердесін ашайық,

Тойға шашу шашайық.

Тойға келген қауымнан

Той кәдесін алайық.

Тілашар тойы

7 «Ә» сыныбы • Сынып жетекшісі: М. Сапарғалиева

Тілашар — баланың білімге қадам басуын айшықтайтын тәрбиелік мәні зор дәстүр. Бұл бөлімде игі тілек, ақ бата және жол ашар ойлар арқылы мерекенің рухани өзегі күшейтілді.

Жақсылық — адамдардың тілегі екен,

Тілейтін жақсылықты — жүрегі екен.

Қазақтың ұмыт қалған салт-дәстүрін

Барша жұрт қаншалықты біледі екен?

Қорытынды

Жүргізуші: Әркез салт-дәстүрімізді ұмытпайық.

«Ұмытпайық ата-баба дәстүрін» атты Наурыз мерекесі аяқталды. Сау-саламат болыңыздар!