Қасым Аманжоловтың өмір жолы, шығармашылығы жайлы мәлімет беру

Сабақ тақырыбы

«Өзге емес, өзім айтам өз жайымды» — Қасым Аманжоловтың шығармашылығына арналған әдеби-танымдық сабақ.

Мақсаты

  • Қасым Аманжоловтың өмір жолы мен шығармашылығы туралы мәлімет беру.
  • Өлеңдерімен таныстыру, көркем мәтінді қабылдау мәдениетін дамыту.
  • Оқушыларды көркем әдебиетке баулу, мәнерлеп оқу дағдыларын арттыру.

Ресурстар

  • Көрнекілік: кітаптар көрмесі, тақырыптық слайдтар.
  • Құрал-жабдық: интерактивті тақта.

Өту барысы

1-жүргізуші

Қайырлы күн, құрметті оқушылар және бүгінгі сабағымыздың қонақтары! Қазақтың біртуар ақыны Қасым Аманжоловтың шығармашылығына арналған «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды» атты әдеби-танымдық сабағымызға қош келдіңіздер.

2-жүргізуші

Қасым Рахымжанұлы Аманжолов 1911 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданындағы Қызыларай қыстауында дүниеге келген. 1923 жылы ағасы Ахметжан Қасымды Семейдегі бастауыш мектеп-интернатқа түсіреді. Мектептен кейін ол Семей мал дәрігерлік техникумында оқиды.

Ақынның тұлға болып қалыптасуына Орал қаласы ерекше әсер етті. Осы қалада ол алғашқы махаббат пен жастық тақырыбындағы жырларын жазады. 1935 жылы әскер қызметінен босап келген соң, Оралда театр тобын ұйымдастырып, көркемдік жетекшісі болады. Топ аз уақыт ішінде театрға айналып, Қасымның еңбегі айрықша бағаланды. Осы кезеңде оның ақындық, әншілік, артистік таланты көпшілікке кеңінен танылады.

1936–1941 жылдары Алматыға келіп, «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас» газеттерінде және Жазушылар одағында қызмет атқарады. Бұл жылдары ол өлеңмен қатар әртүрлі тақырыпта мақалалар, очерктер, фельетондар жазады.

1-жүргізуші

1939–1941 жылдары Қасым шығармашылығында елеулі өрлеу кезеңі басталады. Осы тұста жазылған «Нар тәуекел», «Дауыл», «Көкшетау», «Орамал», «Заула, заула Турксиб», «Сұлтанмахмұт туралы баллада» секілді өлеңдерінен өрісті ой, терең сезім, өткір тіл айқын аңғарылады.

Сонымен бірге Пушкин, Лермонтов, Шевченко, Байрон, Маяковский шығармаларын қазақ тіліне аударуы оның көркемдік шеберлігінің өсу жолын нақтылай түседі. Қасым туған жердің көркін, рухын көркем бейнелеп, қалың жұртшылыққа кеңінен танылды.

Мәнерлеп оқу

Төмендегі үзінділерде ақынның туған жерге, кең далаға деген махаббаты мен азаматтық үні айқын көрінеді.

1-оқушы

«Атамекен»

Сүйем сені, туған ел — атамекен,
Абзал анам сенсің ғой, құшағы кең.
Жер мен көктің жаннаты — бір өзіңсің,
Сенен артық не табам, қайда кетем.

Асан қайғы емеспін, Қасыммын мен,
Қобызымен сырласып, күңіренген.
Іздеймін мен Жерұйық көр басында,
Ерке жанмын, өмірде өстім еркін.

Еркелеме, ей жігіт, еспе дер кім?!
Өз елімде өзендей гүрілдеймін,
Тасып, шалқып өтемін — осы сертім.

2-оқушы

«Сарыарқа»

Сарыарқа — сап-сары алтын жүзген нұрға,
Қоналқы мекен болған сан ғасырға.
Сайран тау, самал жайлау, сырайлы өзен
Лебімен алар тартып, шықсаң қырға.

Көтеріп ән мен жырдың күй қанаты,
Жүрегің ұшар құс боп аспаныңда.
Әлемнің саған ауып махаббаты,
Сарыарқа орнар сенің жас жаныңда.

Жұбанып сол Сарыарқа құшағында,
Есімде ойнағаным жас шағымда.
Жетімдік жалбыр тонын жерге соғып,
Құмартып ауған бұлтқа, алыс шыңға.

Арқа ару, ашып нұрлы кү бетіңді,
Ойнатып, еркелетіп мен жетімді.
Аулақтап сұр бейіттен әкетуші ең,
Не дермін, сенің сол бір құдіретіңді?

Сарыарқа, сағындырдың атамекен,
Сардала анам едің, құшағың кең.
Тұсыңнан тоқтай алмай бара өтіп,
Артта — сен, алда — майдан, қайтсем екен?