Еңбекте жемісті бол

Сабақ тақырыбы: «Еңбек – бәрін жеңбек»

Дәйексөз: «Еңбек – қуаныш, жалқаулық айырылмас азап» (Абай)

Мақсаты

Еңбектің адамгершілік құндылық ретіндегі мәні туралы түсінікті кеңейту.

Міндеттері

  • Еңбектің адам өміріндегі маңызын түсіндіру.
  • Еңбек етуге қызығушылықты дамыту.
  • Еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.

Көрнекі құралдар

Сюжетті суреттер, жеміс ағаштарының суреттері, дәптер, оқулық, түрлі түсті қағаздар.

Шаттық шеңбері

Оқушылар шеңберге тұрып, бір-бірімен сәлемдеседі. Содан кейін өлең жолдарын хормен айтады.

«Болайықшы осындай» (А. Меңжанова)

Жақсы бала еңбекшіл,

Ер азамат болады.

Қиындықты жеңіп кіл,

Құшағы гүлге толады.

Еңбекшіл осындай,

Болайықшы, досым-ай.

Алдыңғы сабақтарда біз өнер мен білімді игеру, ақылды болу үшін көп еңбектену қажет екенін түсіндірген шығармалармен таныстық. Адам еңбектің дәмін тер төккенде ғана сезінеді. Бүгін осы тақырыпты тереңірек талқылаймыз.

Әңгімелесу: ой қозғау сұрақтары

Мұғалімнің сұрақтары

  • Еңбек адамға не үшін қажет?
  • Қандай еңбек түрлерін білесің?
  • Еңбекқор деп қандай адамды айтамыз?
  • Өзің қандай еңбекті ұнатасың?

Тапсырма

Суреттерге қарап, ондағы еңбек түрлерін атаңдар және қысқаша сипаттаңдар.

Кеңес: «Бұл еңбек қайда орындалады? Кімдер атқарады? Қандай пайдасы бар?» деген сұрақтармен толықтырыңдар.

Оқулықпен жұмыс

«Еңбексіз өмір – сүреңсіз» (Б. Әділов)

  • Мұғалім мәтінді мазмұндап береді.
  • Оқушылар кезектесіп оқиды.
  • Сұрақ-жауап арқылы талдау жүргізіледі.

Талқылау сұрақтары

  • Мәтіндегі «қара пышақ» қандай адамға ұқсайды?
  • «Сары пышақтың» қандай ісі сендерге ұнады? Неліктен?
  • «Еңбек – түбі береке» дегенді қалай түсінесіңдер?

Негізгі ой

Еңбек адамның бойындағы жақсы қасиеттерді ашып, нәтижесімен қуантатын құндылық.

Жаттығу: ойлану және топтық жұмыс

Оқушылар екі топқа бөлініп, ойларын жүйелейді. Әр тапсырма өзара тыңдалып, қорытындыланады.

1-тапсырма

Еңбек туралы мақал-мәтелдер айтып, мағынасын түсіндіріңдер.

2-тапсырма

Н. Жанаевтың «Еңбек сүйсең» өлеңінен бір шумақты таңдап, түсіндіріңдер.

3-тапсырма

Сергіту сәтіне қатысып, еңбектің мәнін қимылмен көрсетіңдер.

Сергіту сәті: «Еңбек» (Н. Жанаев)

Гүл өсірсең, терлеп, (қолдарды кезек-кезек жоғары көтеру)
Мұның аты – Еңбек. (екі қолды жаю)

Кесте тіксең, зерлеп, (ине ұстап тіккен қимылды көрсету)
Мұның аты – Еңбек. (екі қолды жаю)

Сабағыңа жөндеп әзірлесең – Еңбек. (көршіге бұрылып, қолды жаю)

Қиындықтың бәрін еңбек қана жеңбек. (құшақ ашып, екі қолды жаю)

Дәйексөздің мәні

Абайдың «Еңбек – қуаныш, жалқаулық айырылмас азап» деген сөзі еңбектің адамға күш-қуат, сенім және өмірге мән беретінін көрсетеді. Ал жалқаулық адамды әлсіретіп, уақытын да, мүмкіндігін де зая кетіреді.

Адам, ең алдымен, бір іске күш-қуатын, ақыл-ойын жұмсаудан ерінбеуі керек. Ерінбей еңбек еткен адам мақсатқа жақындайды, арманы орындалғанда өз өзін бақытты сезінеді.

Ойлануға сұрақ

Абайдың «бес асыл ісін» атап көріңдер. Осы қасиеттердің еңбексүйгіштікпен байланысы қандай?

Сахналау

«Қайдан келдің, бауырсақ?» (Ө. Тұрманжанов)

Еңбектің адам өміріндегі мәнін түсіндіру үшін рөлдік сахналау ұйымдастырылады. Үш оқушы автор, қуыршақ, бауырсақ рөлдеріне бөлініп оқиды.

Тапсырма

Жақын адамдарың қандай еңбек түрлерімен айналысады? Қысқаша әңгімелеп беріңдер.

Жаңа ақпарат

Еңбек – адамның белгілі бір мақсатқа жету үшін әрекет жасауы. Еңбекқорлық – істі жауапкершілікпен, тиянақты орындауға ұмтылатын қасиет.

Адал еңбектің нәтижесі адамды қуанышқа бөлейді. Адам өз мақсатына ерінбей еңбек еткенде ғана қол жеткізе алады.

Ойын: «Аралар»

Мақсаты: балалардың денесін сергіту, еңбекке бейімдеу және қимыл-қозғалыс арқылы жұмыс түрлерін көрсету.

Ойын барысы

  • Бір топ бала қол ұстасып, шеңбер құрып тұрады.
  • Үш-төрт бала ортаға шығып, «аралар» болады.
  • «Жұмыс істе, тығылма!» деген белгі бойынша түрлі еңбек қимылдарын көрсетеді (тоқу, ағаш жару, аралау, еден сыпыру).

Сөздер мен қайталаулар

– Баудағы кім?
– Олар – аралар.
– Ара болсаң, ызыңда!
– З-з-з, ж-ж-ж, з-з-з, ж-ж-ж!

Топ-топ ара ұшады,
Үстімен де бұтаның,
Астымен де бұтаның.

«Тап болсаң бір жалқауға, алып кел оны ортаға!»

Аралар қимылды қайталай алмаған «жалқауларды» ортаға шығарып, өздері олардың орнына тұрады.

Әй-әй, жалқау бұл қулар,
Жалқауды тез қуыңдар!

Дәптермен жұмыс

Жазылым тапсырмасы

«Еңбек – бақыт бастауы» тақырыбына шағын әңгіме жазыңдар.

Бағыт: еңбек арқылы қол жеткізген бір жетістік, отбасындағы еңбектің үлгісі, немесе өзіңнің күнделікті пайдалы ісің туралы жаз.

Тыныштық сәті

Балалар, денелеріңді түзу ұстап, бастарыңды жоғары көтеріп ыңғайланып отырыңдар. Қаласаңдар, көздеріңді жұмсаңдар болады. Ауаны терең жұтып, еркін тыныс алыңдар.

Тынысыңа назар аудар. Өзіңді бақытқа, махаббат пен тыныштыққа толы, таза әрі шипалы ауаның тұла бойыңа жайлап толғанын елестет. Енді көздеріңді ашуларыңа болады.

Қорытынды

Адал еңбек адамды қуанышқа бөлеп, өзіне деген сенімділігін арттырады, бақытқа және берекеге бастайды. Еңбексүйгіш адам айналасына сыйлы, беделді болады.

Әрқашан өз ісімізге адал болып, еңбектің тәтті дәмін сезіне білейік. Адал еңбекті бағалайық, қадірлейік.

Жүректен жүрекке

Оқушылар шеңбер құрып, кезектесіп бір-біріне игі тілек айтады: еңбектерің жемісті болсын, жетістік көп болсын.

Бақытты бол!
Денсаулығың мықты болсын!
Ел мақтанышы бол!
Еңбектің тәтті нанын сезіне біл!
Жетістіктерге жете бер!
Үнемі адал бол!
Еңбекте жемісті бол!
Жүздеріңнен күлкі кетпесін!