Омоним сөздер
Сабақ тақырыбы
Омонимдер және көп мағыналы сөздер.
Сабақтың мақсаты
Оқу бағдарламасы талаптарына сай білім алушылардың лексика, омонимдер және көп мағыналы сөздер туралы білімін тәжірибеде қолдануға бағыттау.
Сабақ типі
- Типі: жаңа білімді меңгерту
- Түрі: практикалық
Технология және әдістер
- СТО және заманауи әдіс-тәсілдер (топтық жұмыс, шығармашылық ізденіс).
- Жеке, жұптық, топтық жұмыстар; жинақтау, салыстыру, сұрақ-жауап, түсіндіру.
Көрнекілігі мен құралдары
Көрнекілігі
Оқулық, мақал-мәтелдер, сызба-кестелер және қосымша материалдар.
Техникалық құралдар
Интербелсенді тақта, слайд материалдары.
Пәнаралық байланыс
- Әдебиет
- Педагогика
Сабақ міндеттері
Білімділік
Лексика туралы мәлімет беру, білімді тереңдету және омонимдер мен көп мағыналы сөздер туралы алған білімді тәжірибеде қолдануға үйрету.
Дамытушылық
Лексикалық талдау барысында қосымша әдебиеттермен және өзге ақпарат көздерімен жұмыс істеуге үйрету; логикалық ойлау, талдау, қорытындылау дағдыларын дамыту.
Тәрбиелік
Білім алушыларды елжандылыққа, ұжымшылдыққа тәрбиелеу; бәсекеге қабілетті, шығармашыл, сөйлеу мәдениеті жоғары тұлға қалыптастыру.
Пайдаланылатын әдебиеттер
- 1) Сағындықұлы Б. Қазіргі қазақ тілі. Лексикология. І бөлім. Алматы, 2003.
- 2) Оразов М. Қазақ тілінің семантикасы. Алматы, 1991.
- 3) Қалиев Б. Сөз мағыналарының негіздері. Алматы, 2002.
- 4) Қалиев Ғ., Болғанбаев Ә. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. Алматы, 2003.
Сабақтың құрылымдық жоспары
Кезеңдер
- 1 Ұйымдастыру кезеңі
- 2 Сабақты өзектендіру, мотивация
- 3 Үй жұмысын тексеру
- 4 Жаңа білім негіздерін игеру
- 5 Білім, білік, дағдыны бекіту
Қорытынды бөлім
- 6 Қорытындылау
- 7 Бағалау
- 8 Үй тапсырмасы және өздік жұмысқа нұсқау
- 9 Оқу іс-әрекет рефлексиясы
І. Ұйымдастыру кезеңі
Мақсаты
Білім алушылардың назарын сабаққа аудару және оқу құралдарын түгендеу.
Әрекеттер
- Амандасу
- Кезекшіні тыңдау
- Сабақ мақсатымен таныстыру
ІІ. Сабақты өзектендіру және мотивация
Қызығушылықты ояту
Өмір — мәңгі, уақыт — мүмкін, елес.
Кел, болашақ! Сауық құр күлкіңе көш!
Бір күн шықса, бір күннің батуы анық,
Екі күннің тұруы мүмкін емес!
— Мұқағали
Сөз құдіретін түсініп, әдемі де әдепті, сұлу да ойлы сөйлей білуге үйренейік. Әдеби сөйлеудің негізгі бұлағы — кітап. Сондықтан мәтінді жай оқып қана қоймай, ондағы сөздер мен сөйлемдерге назар аударыңыздар: сөздің сыры өз қолдарыңызда.
Топтастыру әдісі
- 1 Лексика тақырыбы бойынша ойға келген сөздер мен сөз тіркестерін жазыңыздар (топтық жұмыс).
- 2 Уақыт аяқталғанша топ идеяларды біріктіріп, топтастырып жазады.
- 3 Топ жетекшісі шығып, лексикаға қатысты терминдер мен анықтамаларды толық түсіндіреді.
ІІІ. Үй жұмысын тексеру
Шығармашылық тапсырма
«Мен мамандығымды мақтан тұтамын» тақырыбында шағын мәтін құрастырыңыз. Мәтін ішінде:
- омоним сөздер
- синоним сөздер
- мақал-мәтел
- тұрақты тіркес
IV. Жаңа білім негіздерін игеру
Дәріс жоспары
- 1 Тілтанымдағы омонимия құбылысы: түсінік. Көп мағыналы сөздер мен омонимдердің жасалу ерекшеліктері.
- 2 Лексикалық омонимдердің жасалуы мен түрлері. Омонимдерге ұқсас тілдік құбылыстар және сөйлеудегі қолданыс ерекшеліктері.
Негізгі ұғымдар: сөз және мағына
Тілдегі сөздер дыбыстардың тіркесінен тұрады. Бұл тіркестер белгілі бір заңдылықтар мен ережелерге сай құралады. Сөздің дыбыстық жағы — оның сыртқы бейнесі, ал мағынасы — ішкі мазмұны.
Дегенмен тілдегі барлық бірліктердің дербес, нақты мағынасы бола бермейді. Мысалы, шылаулар мен көмекші сөздер жеке тұрғанда нақты ұғымды білдірмейді; олар атауыш сөздермен тіркесіп, қосымша реңк береді.
Анықтама
Сөз мағынасы — зат, құбылыс, сан, сапа, мөлшер, көлем, шама, қимыл-әрекет туралы түсінік беретін дыбыстардың жүйелі тіркесі арқылы жасалған ұғым.
Сөздердің мағынасы тілдің ұзақ даму үдерісінде қалыптасады: мағына кеңеюі, тарылуы, жаңаруы немесе ұмытылуы мүмкін. Бір сөз бастапқы мағынасын сақтаса, енді бірі қосымша мағынаға ие болады. Мұндай мәліметтер түсіндірме, этимологиялық және диалектологиялық сөздіктерде беріледі.
V. Білім, білік, дағдыны бекіту
Бақылау сұрақтары
- Лексика дегеніміз не?
- Омоним сөздер дегеніміз не?
- Омонимдер мен көп мағыналы сөздердің айырмашылығы қандай?
Аудиториялық тапсырмалар
Тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдердің құрамын орынсыз өзгерту тіл мәдениетіне нұқсан келтіреді. Төмендегі жұптарда бұрыс және дұрыс нұсқалар берілген. Салыстырып, жазбаша талдау жасаңыз.
Бұрыс нұсқа
Дұрыс нұсқа
Өтірікті судай араластырды
Өтірікті судай сапырды
Тасы тауға домалаған
Тасы өрге домалаған
Төсек жаңартты
Төсек жаңғыртты
Аяқкиім тар болса, дүниенің кеңдігінен не пайда
Өз етігің бар болса, дүниенің кеңдігінен не пайда
Күн бір жауса, ағаш екі жауады
Күн бір жауса, терек екі жауады
Отбасы шырқын сақтау үлкен парыз
Отбасы шырқын бұзбау үлкен парыз
Жанын шытқа түю
Жанын шүберекке түю
Қылтасы қалтырап
Тізесі қалтырап
Көлеңкесінен қалтыраған
Көлеңкесінен қорыққан
Жүрегіне мұзды су құйып жібергендей
Төбесінен мұздай су құйып жібергендей
Мұртын балта кеспейді
Мұртын балта шаппайды
Елмен көрген ұлы той
Көппен көрген ұлы той
Абыройын айрандай ақтарып алды
Абыройын айрандай төкті
Жібек шыттай үлбіреген
Жібек матадай үлбіреген
Көңілі қайысты
Қабырғасы қайысты
Бір аяғын екі етікке тығып
Екі аяғын бір етікке тығып
Алақандағы аялысы
Алақандағы аяулысы
Хабарына кіріп- шықпады
Қаперіне кіріп- шықпады
Көздің жауһарын алады
Көздің жауын алады
10-тапсырма
- Сөз тіркесі, фразеологизм және күрделі сөздерге үш-үштен мысал келтіріңіз.
- Көп нүктенің орнына керекті сөздерді қойып, мақал-мәтелдерді көшіріп жазыңыз.
Керекті сөздер
бұлақ, сөз, құймақұлақ, кісі жақсысы, арсыз, құлақ, тыңдаушы, ұққанға, керім, талаптыға, тыққанға, ауыздан
Мақал-мәтелдер (бос орындарды толтырыңыз)
- Айтушы ақылды болса, ... дана болады.
- Ақпақұлаққа айтқан сөз ағып кетеді, ... атқан сөзді құйып алады.
- Айта білмес ..., тыңдай білген құлақ артық.
- Аталы сөзге ... жауап қайтарады.
- Білімдіден шыққан сөз ... болсын кез.
- ... аз сөйлеп, көп тыңдайды.
- Жылқы жақсысы аз оттап, көп сусайды.
- Сөйлеуге сөз таптым да, тыңдауға ... таппадым.
- Су сағасы — ...,
- Сөз сағасы — құлақ.
- Сөзіңді айт ...
- Айтып-айтып не керек,
- Құлағына мақта ...
- Тыңдаушысы болмаса, ... жетім.
- Керенау кердең, бір ...
Деңгейлік тапсырмалар (II деңгей)
1) Түсіндірме сөздікпен жұмыс
Берілген сөздерден омонимдік қатар құраңыз: бақыр, бастау, бұршақ, дана, жастық, қас, жау, қыс, от, жалын, жар, қорық, жай, той, том, жіңішке, болыс, зауал, кеңес, баспақ, мақта, арба, арна, ең, ес, сау, сор, шым, жирен, көш, жару, сал, тап, бақ, би, қырық, сый, қой, шаш, нан, тіл, құлақ, көз, қол, аяқ.
2) Омонимдерді тауып, астын сызыңыз
Аман бір мезгілде Қасенді ерте шықты. Шөгел ерте тұрып, шай келгенше, Ермекбаймен әңгімелесіп отырған. Шабын биыл өресен біттік. Оның қасындағы қалың бет, біттік көз қазақ, жас та болса, ауыр отырып, солғын амандасты (Ғ. Мұстафин).
Үстінде қызыл торғын шапан, омырауында алтын алқа (И. Байзақов).
Әнім бар алғыс атты, махаббатты, Алқа топ алдын көрген жерде айтылады (Қ. Аманжолов).
3) Мақал-мәтелдегі жасырын сөз және антоним
- Қыс арбаңды сайла, ... шанаңды сайла.
- Арқаның ұзыны жақсы, әңгіменің ... жақсы.
- Дұшпанға тастай қатты бол, ... балдай тәтті бол.
- Жолдасы жақсы жолды болар, жолдасы ... қолды болар.
- Ақыл — дос, ашу — ...
- Ақымақ ішкен-жегенін айтады, ... көрген-білгенін айтады.
Деңгейлік тапсырмалар (III деңгей)
1) Омонимдік мағыналарды анықтаңыз
Ана, ара, арна, асық, бау, біз, ер, ерік, жара, жас, күл, мал, мақта, мін, сан, жең.
2) Синонимін табыңыз
Абырой, аласа, жақын, қиын, үлкен, сабырлы, өте, тамақ, лас, ақыл, қарт, сұлу, зәулім.
3) Тура және ауыспалы мағынаны ажыратыңыз
Қарамен берілген сөздердің тура не ауыспалы мағынада қолданылып тұрғанын анықтаңыз. Егер ауыспалы мағына болса, тура мағынасын өзіңіз ұсыныңыз:
- Пар ат айдап жатқандарға өзің бас-көз бол.
- Қағазыңыз мықты екен, Боқа. Бірақ ісіңе мықты бол, шырақ.
- Ол жағын сұрай көрме, ағатай, ішіме мықтап түйгем.
- Осы денедегі есіл қайрат көзі ашық адамға бітсе, тау қопарар еді.
- Сендер осындайда дұрыстап қол ұшын да бермейсіңдер (Ғ. Мұстафин).
- Осы ашудың әлегімен Раушанның өтінішіне саңырау болды (Б. Майлин).
4) Тіркестерді мағынасына қарай бөліңіз
- Жақсы сөз, жақсы адам, жақсы ой, жақсы күн, жақсы бала, жақсы өмір.
- Терең сай, терең білім, терең құдық, терең су, терең сезім.
- Долы дауыл, долы күш, долы жел, долы адам, долы теңіз.
Қосымша тапсырма
Берілген мақал-мәтелдердің тақырыбын анықтаңыз.
VI. Қорытындылау, бағалау және рефлексия
Қорытындылау
Айналым парақшасын толтыру арқылы негізгі ұғымдар бекітіледі.
Бағалау
Топтық жұмыстың нәтижесі бағаланады: белсенділік, дәлелді жауап, тапсырмаларды орындау сапасы ескеріледі.
«333» әдісі (рефлексия)
- Сабаққа белсенді қатысқан үш студент
- Жаңа тақырыптан алған үш түйін
- Келесі сабаққа үш ұсыныс
Үй тапсырмасы
«Омонимдер» және «көп мағыналы сөздер» тақырыптарын оқу; жаттығу жұмыстарын орындау; студенттің өздік жұмысына сәйкес тапсырмаларды толықтыру.