Баланы тәрбиелеу, дамыту және білім беру мәселелерінде отбасы мен балабақша ұжымының бірлескен өзара тығыз байланыста болуы

Отбасы мен балабақшаның ортақ мақсаты

Бала тұлғасын дамытуда ата-аналармен бірлесе отырып, бірыңғай білім беру кеңістігін қалыптастыру — ең өзекті міндеттердің бірі. Бұл мақсатқа жету үшін отбасы мен балабақша арасындағы байланыс жүйелі, тұрақты және өзара сенімге негізделуі қажет.

Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары

  • Отбасымен бірлесе отырып, баланың өмірін қорғау және денсаулығын сақтауға қолайлы жағдай жасау.

  • Баланың тұлғалық әрекетінің дамуы үшін отбасымен бірге жағымды эмоционалдық орта құру, психологиялық тұрғыдан кедергісіз жетілуін қамтамасыз ету.

  • Отбасының тәрбиелік ұстанымдарын, әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерін ескере отырып, баланы әлеуметтік ортаға бейімдеу және қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға ықпал ету.

Ұрпақ тәрбиесі — қоғамның берік іргетасы

Қай заманда да адамзаттың алдында тұрған ұлы мақсат — өз өмірін, тәжірибесін жалғастыратын салауатты әрі саналы ұрпақ тәрбиелеу. Өйткені ұрпақ тәрбиесі — елдің ертеңін айқындайтын, келешегін берік ететін басты фактор.

Тәрбие мен оқыту туралы педагогикалық ойлар

Тәрбие мен оқытудың теориясы мен практикасын дамыту, оның тәрбиелік мүмкіндіктерін айқындау мәселелері бойынша көптеген ғалымдар мен ағартушылар құнды пікірлер қалдырды. Олардың қатарында:

Я.А. Коменский К.Д. Ушинский В.Г. Белинский Н.К. Крупская А.С. Макаренко Н.Н. Хан В.А. Сухомлинский Ш. Уәлиханов Ы. Алтынсарин А. Құнанбаев А.П. Сейтешов М.Ә. Құдайқұлов А.А. Бейсенбаева Қ.К. Жампейісова Г.Т. Хайруллин В.В. Трифонов

Ал халықтық тәрбие тәжірибесін оқу-тәрбие үдерісінде тиімді пайдалану туралы тұжырымдарды өз еңбектерінде негіздеген зерттеушілер қатарында:

Г.Н. Волков Я.И. Ханбиков М. Сейфуллаева А.Ш. Гашимов Т.Г. Тимошина С.Қ. Қалиев М.Х. Балтабаев Қ.Б. Жарықбаев Ә. Табылдиев С.А. Ұзақбаева К.К. Қожахметова Ж.Ж. Наурызбай Қ.Қ. Шалғынбаева

Мектепке дейінгі тәрбие — үздіксіз білім берудің бастауы

Қоғамымыздың іргетасын нығайту үшін бүгінгі жас ұрпаққа үлгілі, өнегелі тәрбие беру — білім беру жүйесіндегі басты міндеттердің бірі. Қазіргі уақытта сапалы білім мен саналы тәрбие беру әлеуметтік құрылымның ең маңызды талаптарының қатарына енді.

Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында мектепке дейінгі тәрбие үздіксіз білім берудің алғашқы сатысы екені атап көрсетілген. Бұл кезең — баланың жеке ерекшелігін ескере отырып дамытатын маңызды орта.

Тәрбие сабақтастығы: отбасы мен балабақша

Баланы тәрбиелеу, дамыту және білім беру мәселелерінде отбасы мен балабақша ұжымының бірлескен жұмысы — табыстың негізгі шарты. Тәрбие ана сүтінен басталып, өмір бойы қалыптасатын күрделі үдеріс. Оның алғашқы іргетасы отбасында қаланып, балабақшамен байланыс арқылы жүйелі түрде жалғасады.

«Жастай білген, бойға сіңген тәлім — өзің өлмей, сүйегіңнен қалмас», — деген ой балалық шақта орныққан ұлттық сезім, сөз өнері мен рухани құндылықтардың адамның өмірлік бағдаршамына айналатынын аңғартады.

Баланы туған жеріне, еліне, халқына сүйіспеншілікпен қарауға, патриоттық сезімге тәрбиелеу — аса жауапты міндет. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бұл міндетті нәтижелі атқаратын екі негізгі орта — отбасы мен балабақша. Екі арнадағы тәрбие өзара сабақтасып, үйлесім тапқанда ғана мақсат толық орындалады.

Отбасы тәрбиесінің өзегі: таным, сезім, талғам

Отбасы тәрбиесіндегі ең маңызды мақсаттардың бірі — баланы айналаны тануға, сезінуге, қабылдауға, түсінігіне сай таңдау жасауға және әсерлене білуге баулу. Сондай-ақ өзіне мақсат қоя білу дағдысын қалыптастыру — тұлғалық дамудың берік негізі.

Өмірдегі, өнердегі, табиғаттағы әсем көріністерден жан азығын алып, соны сезіне білуге үйрету баланың дүниетанымын кеңейтеді. Білімге құштарлықты, әсемдікке сүйіспеншілікті, талғампаздықты қалыптастыра отырып, баланы болашақ білім ордасы — мектепке жүйелі түрде дайындау қажет.

Автор туралы

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті, №7 «Балдырған» балабақшасының тәрбиешісі — Серікбаева Клара.