Екі қарттың терең ойға берілген тұстағы диалогын оқып, түйінді ойды табу

Сабақтың тақырыбы

Т. Әбдіковтің «Қонақтар» әңгімесіндегі ұрпақ тәрбиесі.

Сабақтың мақсаты

Негізгі мақсат

Әңгіменің идеясын таныту және көркем шығарманы оқи отырып, оқушылардың сыни талдау жасауына, өз көзқарасын дәлелдеп айтуына мүмкіндік беру.

Дамытушылық және тәрбиелік бағыт

Сөйлеу мәдениетін дамыту, ой түю дағдысын жетілдіру, адамдық асыл қасиеттерге тәрбиелеу.

Сабақтың құрылымы

  1. 1) Ұйымдастыру

    Сыныптың сабаққа дайындығын тексеру, жұмыс ырғағын қалыптастыру.

  2. 2) Сабаққа кіріспе: «Ой шақыру» стратегиясы

    Сұрақтар:

    • Әңгіменің «Қонақтар» деп аталуында қандай сыр бар?
    • Сапабектердің қонақтардан қандай айырмашылықтары бар?

    Оқушылар «қонақ» ұғымын меймандықпен байланыстырды. Қарттардың өз баласы мен келінінің үйге келіп-кеткені «қонақтай» ғана әсер қалдыратынын айтып, атаудың мәнін түсіндірді.

  3. 3) Мәтінді талдау: Блум таксономиясы және сатылай кешенді талдау

    Автор көзқарасын және оқушы пікірін мәтін мазмұны арқылы дәлелдетіп, әр бөлімнен түйінді ойды тапқызу мақсат етілді.

    1. Балаларын күткен қарттар

    Тапсырма: мәтіннен сәйкес тұстарын тауып оқып, түйінді ойды белгілеу.

    Оқушылар жоспарға сай үзінділерді тауып оқып, түйінді ойды «Сағыныш» деп белгіледі.

    2. Терең ой

    Тапсырма: екі қарттың терең ойға берілген тұстағы диалогын оқып, түйінді ойды табу.

    Диалогты тауып оқып, түйінді ойды «Жалған дүние» деп белгіледі.

    3. Өткен күндер елесі

    Тапсырма: видеосюжеттегі ой мен мәтіндегі ойдың ұқсастығын анықтап, түйінді ойды табу.

    Екі қарттың да ой өзегі — туған жерге деген перзенттік махаббат. Сондықтан түйінді ой «Атамекен» деп танылды.

    4. Қара шаңырақ

    Тапсырма: үлкен сезімді ашу, түйінді ойды табу, афоризмді белгілеу.

    Афоризм:

    «Қуанғанмен қорыққан бірдей»

    Оқушылар қарттардың қуанышының ішінде үрей қатар жүргенін түсіндіріп, түйінді ойды «Қуаныш» деп тапты.

    5. Қитар немере, томаға тұйық келін, түсінігі бөлек ұл

    Тапсырма: сәйкесті абзацтарды тауып оқу, нақыл сөздер арқылы ой қорыту.

    • «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада»
    • «Ананың ойы ұяда, баланың ойы қияда»

    Кейіпкерлер әрекетін мәтіннен дәлелдей отырып, қарттардың ниетіне сай ықылас пен қамқорлық байқалмағанын айтты. Түйінді ой: «Үзілген үміт».

    6. Ауылдан аттанған жолаушылар

    Тапсырма: шешім бөлігінен ауыспалы мағынадағы сөздерді тауып, түйінді ойды белгілеу.

    Оқушылар шешім тұсын оқи отырып, ауыспалы мағынадағы тіркестерді анықтап, түйінді ойды «Құлазыған көңіл» деп тапты.

  4. 4) «Екі жақты түсініктеме күнделігі»: түйінді сөздердің мәні

    Анықталған түйінді сөздердің мағынасын қысқаша ашу тапсырылды. Оқушылардың қорытындысы: атамекен — туған жер, алтын бесік, ал қалғандары — өмірдің өткінші сәттері мен көңіл күй толқындары.

  5. 5) Оқушы көзқарасын топтастыру: «Айдарлар құру» стратегиясы

    Әр адамның өз мақсаты, ұстанымы, көзқарасы бар. Автордың көзқарасы танытылғаннан кейін, оқушылар пікірі топтастырылып, кесте 5 балдық жүйемен толтырылды.

    Талқылауда көтерілген уәждер:

    • Бір топ оқушы қарттарды жақтады.
    • Екінші топ Сапабектің бағытын да түсіндірді: ауылда жұмыс аз, ол — оқыған, білімді; білімділер елдің болашағы.
    • Немерені ауылда қалдырмаудың да өзіндік себептері бар: ауылда балабақша жоқ, орта шектеулі.

    Көзқарастарды «дұрыс-бұрыс» деп біржақты бөлуге болмайтыны айтылып, телебағдарламадан үзінді көрсетілді. Оқушылар онда қарттар үйіндегі жағдайды еске түсіріп, дендері сау болғанымен жүрегі мұң мен шерге толы қариялар тағдырын талқылады. Әңгіме обал, сауап, ұят, иман ұғымдарына ұласты.

  6. 6) Проблемалық сұрақ: жауапкершілік кімде?

    Сұрақ: Қариялар жасы ұлғайғанда қараусыз қалуға тиіс пе? Оған кім кінәлі?

    Оқушылар саналы болу, мейірім мен қайырымдылық таныту, «обал-сауап», «борыш-қарыз» секілді ұғымдарды жүрекпен сезіну әр адамға қажет парасаттылық екенін атап өтті.

  7. 7) «Ортада қаламсап» стратегиясы: қорытынды ойды жинақтау

    «Шын жүректен шыққан сөз» айдарымен оқушылар түйінді ойларды дәптерге жинақтап жазды:

    «Үлкенге құрмет, кішіге ізет»

    «Ата — балаға сыншы»

    «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер»

  8. 8) Қорытынды

    Дана халқымыз ұрпаққа мұра етіп қалдырған асыл сөздерді санаға сіңіре отырып, «ата-ананы сыйлау — адамзаттың парызы» деген тұжырымның терең мәнін айқындай түсеміз.

    Өмірде қуаныш пен қайғы қатар жүреді. Өкініштісі — кей олқылықтардың адамдардың өз қолымен жасалуы. Қоғамда орын алып жатқан кей әрекеттерге сенгің де келмейді.

    Қазақылықтың сипаты — бауырмалдықта, қонақжайлылықта, үлкенге құрмет пен кішіге ізет көрсететін кісілікте. Кісілік қасиетіміз әрқашан биік болғай.

  9. 9) Бағалау

    Оқушылардың мәтінмен жұмысы, дәлелді пікірі, талдау сапасы және топтық талқылауға қатысуы негізінде бағаланды.

  10. 10) Үй тапсырмасы

    «Қарт адам — қазына» тақырыбында шағын әңгіме немесе ойтолғау жазып келу.