Өзі туған Азау қаласын Азаулының Ыстамбұлдан несі кем

Атырау облысы, Исатай ауданы, Зинеден ауылы — Ю. Гагарин атындағы орта мектеп.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі: Жарылғасова Гүлшат Ғилажқызы

Сабақтың тақырыбы

Доспамбет жырау

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Өз заманында жақсы тәрбие алған, көргені мен білгені мол, парасаты мен білімі қабысқан тұлға Доспамбет жыраудың өмірі мен шығармашылығы туралы түсінік қалыптастыру.

Дамытушылық

Жырау толғауларынан ақынның ойын, өмірлік мақсат-мұраттарын, үмітін, рухани әлемін, адамгершілік ұстанымы мен көзқарасын танытуға жетелеу. Туындыларының рухы өр, мазмұны терең, тілі жеңіл әрі нақышты екенін аңғарту.

Тәрбиелік

Ақын жырларындағы астарлы адамдық қасиеттерді бағалай білуге, елін сүюге, ұлтын ұлықтауға тәрбиелеу.

Күтілетін нәтиже

  • Доспамбет жыраудың өмір жолы туралы кеңірек түсінік алады.
  • Жырларында жиі айтылатын туған жері туралы деректерді іздеп, табады.
  • Топпен жұмыс істеп, өз ойын ашық айтуға және бірін-бірі тыңдауға дағдыланады.

Сабақтың сипаттамасы

Сабақтың түрі
Жаңа білімді меңгерту
Сабақтың әдісі
Зерттеу сабағы
Көрнекілігі
Интербелсенді тақтадағы слайдтар, суреттер, бейнебаян

Сабақтың барысы

1) Ой шақыру

Интербелсенді тақтадан Б. Тілеухановтың орындауындағы Доспамбеттің «Айнала бұлақ, басы Тең» толғауы тыңдатылды. Қобыз сарыны жыршының әсерлі дауысымен үндесіп, оқушыларды тарих қойнауына жетелегендей әсер қалдырды.

2) Топқа бөлу

Ізденгіштер
Зерттеушілер
Сарапшылар

3) Құрылымы (5 бөлім)

  1. I Оқушы зерттеулері
  2. II Салыстыру
  3. III Бекіту кезеңі
  4. IV Үй тапсырмасы
  5. V Бағалау парағын үлестіру

I. Оқушы зерттеулері

Тақырыпты ашу — дерек, мәтін және көркемдік талдау арқылы

1) Доспамбет — жырау, қолбасшы, батыр

Ізденгіштер

Доспамбет жырау (шамамен XV–XVI ғасырлар тоғысы) — жырау, қолбасшы, батыр. Ол қазақ халқының қалыптасу кезеңіне жақын дәуірде өмір сүрген, Кіші Ноғай ордасында әскери қолбасшы болған. Дешті Қыпшақты көп аралаған, Бақшасарайда және Ыстамбұлда болғаны айтылады.

Қырым ханы жағындағы жорықтарға қатысып, тайпааралық қақтығыстардың бірінде Астрахан маңында қаза тапқаны жөнінде дерек бар. Сонымен бірге, кейінгі құжаттарда жыраудың есімі «Доспамбет ата» түрінде ұшырасады. Уақыт межесін нақтылау мәселесінде деректер әркелкі кездеседі.

Жырау толғауларында ел қорғау, жорық, отаншылдық рух ерекше: «Елі мен жері үшін өлген ердің арманы жоқ» деген идея алдыңғы қатарда.

2) «Азаулының Ыстамбұлдан несі кем?»

Зерттеушілер

Азаулы (Азов) атауы көне деректерде әртүрлі нұсқада кездеседі. Қара теңіз маңы мен Азов теңізі төңірегіндегі саяси-сауда байланыстар күшейген кезеңдерде бұл өңір ірі торапқа айналған.

Византия, Генуя, Венеция саудагерлері Алтын Ордамен сауда жасағаны, кейін Осман ықпалы күшейген тұста қаланың қайтадан стратегиялық мәнге ие болғаны айтылады. Осындай тарихи фон Доспамбет толғауларындағы Азаулыны Ыстамбұлмен қатар қою мәнін тереңдете түседі.

«Айнала бұлақ, басы Тең,
Азаулының Ыстамбұлдан несі кем…» Дерек: «Бес ғасыр жырлайды», Алматы, 1989.

3) «Айдаметке оқ тиді…» және ұрпақ тақырыбы

Сарапшылар

Толғаулардағы Аймадет атауы жиі ұшырайды. Сонымен бірге, жырау жырларында өз кіндігінен тараған ұлдарының есімдері аталады: Есақай, Қосай (кей нұсқаларда Қосақай, Досай). Ауызша тараған мұра болғандықтан, мәтіндік ауытқулардың кездесуі заңды.

«…Айналасы алты жылдың ішінде
Есақай, Қосай екі ұл
Азау билеп өсерін…»

Кейінгі қосалқы деректерде ұрпақ сабақтастығы жөнінде тұжырымдар айтылады: ел ішінде сақталған шежірелік мәліметтер мен мұрағат деректерін салыстыра қарастыру арқылы бұл мәселені нақтылай түсуге болады.

5) Рухы өр, мазмұны терең жырлардың ерекшелігі

Жинақталған талдау

Доспамбет жыраудың ақындық мұрасы бізге толық жетпеген. Халық ауыз әдебиеті мен қолжазбаларда сақталған шығармалары XIX ғасырдан бастап әртүрлі жинақтарға енді. Кеңес дәуірінде табылған толғаулар М. Мағауин құрастырған «Алдаспан» (1971) жинағында жарияланды.

Жырларынан жыраудың мұрат-мақсаты, дүниетанымы, ел мен жерге сүйіспеншілігі айқын көрінеді. Ол серілік, сақилық, дарқандық, қонақжайлылық сияқты асыл дәстүрлерді де дәріптейді.

Доспамбет ықпалы кейінгі жыраулар мен ақындарда, соның ішінде Бұқар жырау мен Махамбет поэзиясында аңғарылады.

Белгілі шығармалары

  • «Айнала бұлақ, басы Тең»
  • «Тоғай, тоғай, тоғай су»
  • «Азау, Азау дегенің»
  • «Арғымаққа оқ тиді»
  • «Қоғалы көлдер, қом сулар»
  • «Айналайын, Ақ Жайық»

Дереккөз

Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 3-том. Сонымен бірге: «Ертедегі әдебиет нұсқалары», «XV–XVIII ғасырлардағы қазақ поэзиясы», «Бес ғасыр жырлайды» және өзге хрестоматиялар.

II. Салыстыру

Махамбет жырларындағы кейбір сарындардың Доспамбет толғауларымен үндесуі — дәстүр сабақтастығын танытатын маңызды белгі. Төменде екі ақыннан алынған ұқсас мотивтер көрсетілді.

Доспамбет жыраудан

«Қоғалы көлдер, қом сулар
Қоныстар қонған өкінбес…»
«Айналайын, Ақ Жайық,
Ат салмай өтер күн қайда…»
«Арғымаққа оқ тиді…
Аймадетке оқ тиді,
Отыз екі омыртқаның буынынан…»

Махамбет ақыннан

«Айналайын, Ақ Жайық,
Ат салмай өтер күн қайда?
Еңсесі биік боз орда,
Еңкеймей кірер күн қайда?»
«Қоғалы көлдер, құм, сулар
Кімдерге қоныс болмаған?..»
«Ер жігітке оқ тиді,
Қыл мықынның түбінен…»

III. Бекіту кезеңі

«Ер Доспамбет» бейнесін топтастыру арқылы жинақтау:

Азаудың ер Доспамбет ағасы
Дулыға киген, туған айдай нұрланған
Топ бастаған, тоғай қонған
Ару сүйген, сері мінезді
Қарт күреңге мініп, болат қылыш асынған
Жауымен сан шайқасқан батыр тұлға

Көркемдік тәсілдерді байқау

Доспамбет толғауларында ой қуатын арттыратын қайталаулар, дыбыс үндестігі (аллитерация, ассонанс), сөйлем басындағы қайталау (анафора), жол соңындағы қайталау (эпифора) сияқты тәсілдер жиі кездеседі.

«Тоғай, тоғай, тоғай су,
Тоғай қондым, өкінбен.
Толғамалы ала балта қолға алып,
Топ бастадым, өкінбен…»