Тәрбие ортасы
Халықтық педагогика – ұрпақ тәрбиесінің құралы
Халық педагогикасы — тәрбиелік мәселелер жөніндегі халықтардың ғасырлар бойы қалыптасқан педагогикалық білімі мен тәрбие тәжірибесінің жиынтығы. Ондағы ақыл-ой мен идеялар әр халықтың тіршілік тынысымен, ұлттық тәрбие дәстүрлерімен тығыз байланыста туып, өсіп-өркендеп, дамып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.
Халық келер ұрпағын өзіне дейінгі қоғам жинақтаған тәрбиелік озық дәстүрлерді пайдалана отырып, шынайы адамгершілік қасиеттерге баулуды мақсат еткен. Өйткені бірде-бір адамзат қоғамы бұрынғы аға буынның ақыл-ойын, тәрбиелік тәжірибесін арқау етпей өмір сүрген емес.
Қазіргі заман талабына сай мен де оқушыларды тәрбиелеуде халықтық педагогиканы негізгі бағдар ретінде ұстанамын. Халықтық педагогика — бала тәрбиесін жетілдірудің, ана тіліміздің өрісін кеңейтудің, білім беру саласындағы олқылықтардың орнын толтырудың және ұлттық идеологияны нығайтудың маңызды құралдарының бірі.
Рухани-мәдени өзек
Қазақ халқының сан ғасырлық тарихи-мәдени жетістіктері мен рухани байлығы, табиғи еңбексүйгіштігі, отаншылдығы, имандылығы, бауырмалдығы, қонақжайлығы халықтық тәлім-тәрбие арнасынан айқын көрінеді.
Бұл мұрада данагөй қариялардың өсиеті, ғұлама ойшылдардың тұжырымдары, шешендердің нақылы, ақын-жыраулардың пәлсапалық баталары мен тәлімдік пайымдары сақталған. Мұраның ауқымы ұшан-теңіз болғандықтан, оны оқу-тәрбие үдерісіне енгізуде ғылыми тұрғыдан жүйелеп, бағыт-бағдар беру қажет.
Қазақ этнопедагогикасы: ғылыми жүйе ретінде
Қазақ этнопедагогикасын ғылыми жүйе ретінде қарастырғанда, төмендегідей құрылым айқындалады:
-
1
Мақсаты мен міндеттері
«Сегіз қырлы, бір сырлы», жан-жақты жетілген азамат тәрбиелеу.
-
2
Мазмұны
Ұлттық салт-дәстүрлер арқылы балаға ақыл-ой, адамгершілік, әсемдік, дене мен денсаулық, еңбек тәрбиесін беру; мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру.
-
3
Әдістері
- Әңгімелесу
- Кеңесу
- Түсіндіру
- Сендіру
- Талап ету
- Кеңес беру
- Үйрету
- Көрсету
- Өтіну
- Бұйыру
- Жаттықтыру
- Бата беру
- Мадақтау
- Алғыс айту
- Сөгу
- Айыптау
- Жазалау
-
4
Түрлері
Ойындар, тойлар, еңбек мерекелері, ойын-сауықтар.
-
5
Құралдары
Санамақ, жаңылтпаш, өлең-жыр, тақпақ, жұмбақтар, айтыстар, мақал-мәтелдер, шешендік сөздер, салттар, ырымдар, әңгімелер, кештер.
-
6
Нәтижесі
«Сегіз қырлы, бір сырлы», жаны таза, тәні сау тұлға қалыптастыру.
-
7
Тәрбиеге себепші күштер
Табиғат, еңбек, тұрмыс, салт-дәстүр, дін, ана тілі, ұлттық ойындар.
-
8
Тәрбие ортасы
Отбасы, ауыл-аймақ, ру, қауым, тайпа, ұлт, мектеп, медресе.
-
9
Тәрбие объектісі
Бала.
-
10
Халық тәрбиешілері
Әке-шешесі, атасы мен әжесі, апалары мен ағалары, ауылдың үлкендері, өнер иелері.