ІІІ тапсырма

Сабақтың мақсаттары

1) Тарихи мәнін ашу

Ұлы Жібек жолының пайда болу тарихын түсіндіру; оның сауданы, шаруашылықты және халықаралық қарым-қатынасты дамытудағы маңызын айқындау.

2) Ойлау дағдыларын дамыту

Тарихи танымды қалыптастырып, ойлау, талдау және қорытынды жасау қабілеттерін жетілдіру; өз бетімен ізденуге дағдыландыру.

3) Тәрбиелік бағыт

Елжандылыққа, еңбекқорлыққа және адамгершілікке тәрбиелеу.

Сабақтың құрылымы

  1. 1. Ұйымдастыру

    Оқушыларды түгендеу, сабаққа зейін мен ынтаны қалыптастыру.

  2. 2. Кіріспе (алғысөз)

    «Ұлы Жібек жолының қалыптасуы мен тарихи маңызы» тақырыбына кіріспе жасалып, электрондық оқулықтағы анимациялық материал көрсетіледі.

  3. 3. Негізгі бөлім (жобаларды қорғау)

    Әр топ алдын ала дайындалған жобасын таныстырып, дәлел келтіріп қорғайды.

  4. 4. Бекіту

    Карточкалар арқылы «Мен кіммін?» тапсырмалары орындалады, сыни ойлау және мәтінді түсіну дағдылары нығаяды.

  5. 5. Қорыту

    Қорытынды пікір айтылып, бейнематериал көрсетіледі.

  6. 6. Үй тапсырмасы

    §14 — оқу; Ұлы Жібек жолының картасын сызып келу.

Негізгі бөлім: топтық жобалар

1-топ — «Сұңқар»

Тарихы

Ұлы Жібек жолының қалыптасу кезеңдері мен тарихи алғышарттарын зерттеп, хабарламаларын сатылай талдау арқылы қорғайды.

2-топ — «Жігер»

Тармақтары мен бағыттары

Жолдың негізгі тармақтарын карта арқылы түсіндіріп, бағыттардың ерекшелігін көрсетеді; көрініс элементтері қолданылады.

3-топ — «Тұлпар»

Шаруашылық

Ұлы Жібек жолының шаруашылық пен қалалардың дамуына ықпалын баяндайды; слайд-шоу арқылы дәлел келтіреді.

4-топ — «Өркен»

Мәдениет

Жолдың мәдени ықпалын (өнер, білім, діни идеялар алмасуы) мысалдармен түсіндіреді.

Білімді тексеру: «Көш керуен» викторинасы

Тақырыпты қайталау және фактілерді нақтылау

1) Ұлы Жібек жолының басталуы

  • A) Жетісудан
  • Ә) Хуанхэ өзенінің аңғарындағы аймақтан
  • Б) Ыстықкөлден
  • В) Ұлы Қытай қорғанынан

2) Ұлы Жібек жолының ұзындығы

  • A) 6000 км
  • Ә) 7000 км
  • Б) 8000 км
  • В) 9000 км

3) Қазба кезінде Тараздан табылған құмыралар жасалған ел

  • A) Франк мемлекеті
  • Ә) Рим империясы
  • Б) Араб халифаты
  • В) Византия империясы

4) Қалалардан мешіт пен медресе орындарының табылуы нені дәлелдейді?

  • A) Буддизмнің таралуы
  • Ә) Исламның таралуы
  • Б) Христиан дінінің таралуы
  • В) Дінге шыдамсыздық

5) Түрік қағанаты мен Византия арасында келісім орнаған жыл

  • A) 551
  • Ә) 568
  • Б) 574
  • В) 596

6) Ұлы Жібек жолының тарихи маңызына жатпайтын оқиға

  • A) Діни соғыстардың басталуы
  • Ә) Шаруашылық пен мәдениеттің дамуы
  • Б) Сауданың дамуы
  • В) Діндердің таралуы

7) Жібек саудасында Қытаймен бәсекеге түскен ел

  • A) Иран
  • Ә) Соғды
  • Б) Батыс елдері
  • В) Кавказ жерлері

Бекіту: «Мен кіммін?» тапсырмалары

Карточкалар үлестіріледі. Әр топ берілген мінездемені оқып, керуендегі тиісті қызметкерді анықтайды.

I тапсырма

«Маған оңай дейсіңдер ме? Кім біреудің өзіне бұйырғанын жақсы көреді? “Түйені әкел! Жазыла! Құмандағы суды жылыт! Қосты жық! Отты сөндір! Теңдерді түйеге арт! Кірекеш, бұйда тарт! Керуенді баста!” деген жарлықтардың өзінен-ақ шаршаймын. Мәңгібастар, өңшең! Отырарға жетпей дамылдауға қақымыз жоқ. Осы жолда қаһарлы жарлықты орындай алмасаңдар, туған жерге қайта табандарың тимейді…»

Сұрақ: Бұл мінездеме керуендегі қай қызметкерге тән?

II тапсырма

«Бұл дүние-мүлікті сонау батыстан шығысқа тасу — түйелердің мойнындағы ауыр міндет. Олар — менің желмаям, нарым, қоспағым. Өмірім осы түйелермен тығыз байланысты өтті. Ат тұяғы кетілген асудан, құс қанаты күйген шөлден өтеміз: аптап шілдеде құм басқан жолда түйелерімнің табаны күйеді. Осы момын жандарымды бәле-жаладан, мертігуден, жол үстінде пышаққа түсуден аман сақтап қалу — менің ең үлкен арманым…»

Сұрақ: Бұл мінездеме қай қызметкерге тән?

III тапсырма

«Темірқазық тым жарық: өзен жағасында кідіре берудің жөні жоқ. Түнгі дымқылдан адам да, мал да қалжырайды. Жетіқарақшының жатысы бөтен, қыс ызғары өзенді буады; қабыршақ мұз түйені көтермейді. Есекқырған мұнар тартып тұр: өзеннің бұл тұсы найза бойламас терең. Үркердің шығуы мен жоғалуы да өзгеше — әзір бізге серік емес. Асықпасақ, қатерге ұрынамыз…»

Сұрақ: Бұл мінездеме қай қызметкерге тән?

IV тапсырма

«Әттеген-ай, менен өзге жұрт балаларының ортасында отырып-ақ күнелтеді. Біз болсақ, байғұс бұралқы иттей жат жерді кезіп, көрінгенге телміріп жүреміз. Қолым да, белім де, сирағым да — өзімдікі емес, керуенбасының әмірімен қимылдайды. Жүк түгел артылып, қоспақтар тізіліп жолға шыққанша өзімді кідірте алмаймын. Сосын көштің ең соңындағы түйенің мойнына жармасып, өркешке тырмысып, қос өркештің арасына жайғасқанда ғана “уһ” деймін… Мен кіммін?»

Сұрақ: Мәтіндегі кейіпкер кім?

Қорытынды және бағалау

Қорытынды

Сабақ соңында ортақ қорытынды жасалып, тақырыпты жинақтауға арналған бейнематериал көрсетіледі.

Бағалау және үй тапсырмасы

Оқушылардың жобаны қорғауы, талдауы және викторинадағы жауаптары бойынша бағаланады. Үй тапсырмасы: §14 оқу; Ұлы Жібек жолының картасын сызып келу.