Сын есімнің сөйлемдегі қызметі
Қазақ тілі • 7-сынып
Сын есімнің сөйлемдегі қызметі
Бұл сабақтың өзегі — сын есімнің сөйлем ішінде қандай қызмет атқаратынын түсіндіру, өткен тақырыптармен байланыстыра отырып, сөйлемдегі сын есімнің қызметін дұрыс анықтауға үйрету. Оқушылар талдау арқылы өздігінен қорытынды шығарады.
Жалпы мақсат
- Сын есімнің сөйлемдегі қызметін меңгерту.
- Өткен сабақтармен байланыстырып, білімді жүйелеу.
- Сөйлем ішіндегі сын есімнің қызметін дәл табуға дағдыландыру.
- Талдату арқылы оқушыны өздігінен қорытынды шығаруға жетелеу.
Оқыту нәтижесі
- Сын есімнің сөйлемдегі қызметі туралы түсінік қалыптастырады.
- Ойлау шеберлігі мен сөйлеу мәдениетін дамытады.
Қолданылатын модульдер (7 модуль)
Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер
Топтық жұмыс, диалог, белсенді оқыту.
Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету
Сұрақ қою, дәлелдеу, қорытынды жасау.
Оқыту үшін және оқуды бағалау
Кері байланыс, сәйкестендіру тапсырмалары.
Әдіс-тәсілдер мен ресурстар
Әдіс-тәсілдер
- Талдау
- Сұрақ–жауап
- Жаттығу жұмыстары
Ресурстар
- Тақта
- Үлестірме қағаздар
- Сызбалар
Сабақ кезеңдері
1-кезең: Ұйымдастыру
Үй тапсырмасын тексеру • Көңіл күй ахуалы
Үй тапсырмасы
59-жаттығу — сұрақ–жауап әдісі арқылы пысықтау.
Қайталау сұрақтары
- Сын есім дегеніміз не?
- Негізгі сын есім дегеніміз не?
- Туынды сын есім дегеніміз не?
- Сапалық сын есім дегеніміз не?
- Қатыстық сын есім дегеніміз не?
- Салыстырмалы шырай дегеніміз не? Қалай жасалады?
- Күшейтпелі шырай дегеніміз не? Қалай жасалады?
- Сын есімнің емлесін айтып беріңдер.
2-кезең: Мағынаны тану
Топтастыру • Оқулық және жаттығу жұмыстары
Тақырып өзегі
Сын есім сөйлемде әртүрлі сөйлем мүшесінің қызметін атқара алады. Соның ішінде жиі кездесетіні — заттанған сын есімнің бастауыш болуы.
Сөйлем мүшесі: Бастауыш
Ереже: Зат есімнің орнына жүріп, зат есімнің қызметін атқаратын заттанған сын есім атау септікте тұрып, кім? не? сұрақтарына жауап беріп, бастауыш болады.
Мысалдар
- Жақсы — ісімен жақсы.
- Көп қорқытады, терең батырады.
- Ұялшақ сыбағасынан құр қалар.
- Ақ — әдемі түс.
Оқулықпен жұмыс
60-жаттығу
Сын есімдерді тауып, олардың сөйлемнің қай мүшесінің қызметін атқарып тұрғанын анықтаңдар.
61-жаттығу
Әңгімені дауыстап оқып, мазмұнын айтып беріңдер. Мәтіндегі сын есімдердің сөйлемдегі қызметін сұрақ қою арқылы ажыратыңдар.
62-жаттығу (Әдеп)
Мақал-мәтелдерді оқып, зат есімнің қызметін атқарып тұрған сын есімдерге назар аударыңдар. Олардың қай септікте тұрғанын және сөйлемнің қай мүшесі екенін айтыңдар.
Шығармашылық жұмыс
Бір сын есімге көп зат есім
Берілген сын есімдерге қатысты мүмкіндігінше көп зат есім тауып жазыңдар: қызық, жақсы
Бір зат есімге көп сын есім
Бір зат есім таңдап, соған қатысты мүмкіндігінше көп сын есім жазыңдар.
3-кезең: Кері байланыс
Сәйкестендіру тесті
| Сөйлем мүшесі | Мысал |
|---|---|
| Бастауыш | Жақсы сөз жан семіртеді. |
| Баяндауыш | Жақсыдан — шарапат, жаманнан — кесапат. |
| Анықтауыш | Айжан сабақты жақсы оқиды. |
| Толықтауыш | Жақсы көпке ортақ. |
| Пысықтауыш | Бәріміз бір үйдің баласындай татумыз. |
Ескерту: Сәйкестендіру барысында мысалдағы сын есімнің сөйлемдегі нақты қызметін сұрақ қою арқылы дәлелдеңдер.
Автор туралы
Матниязова Айнұр Талғатовна — қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.
Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Күйкен орта мектебі.