Оқушылардың жеткен жетістігі

Модульдік оқыту технологиясын пайдаланып оқушылардың танымдық қабілетін дамыту

Білім беру жүйесі — әр елдің даму болашағын айқындайтын, әлемдік өркениетке жетудің негізгі бағыттарын көрсететін біртұтас құрылым. Бүгінгі таңда еліміздің ертеңі дарынды, білімді, ізденімпаз жастарға байланысты. Сондықтан мектептің басты міндеті — өзіндік ой-пікірі бар, белсенді әрі жауапкершілігі жоғары азамат тәрбиелеу.

Қоғамдағы түбегейлі өзгерістер білім беру жүйесінің алдына жаңа тұлғаны қалыптастыру және дамыту міндетін қойып отыр. Бұл міндет оқушының ойлау қабілетін дамыту, пікірінің дербестігі мен еркіндігін кеңейту, өздігінен білім алуға ынтасын арттыру және алған білімін жаңа жағдайларда қолдана алатын біліктіліктерін қалыптастыру арқылы жүзеге асады.

Оқыту мен тәрбиенің бірлігін сақтай отырып, білім мазмұнының үйлесімділігін қамтамасыз ету және әр оқушының жеке ерекшелігін ескере отырып бағыт беру — педагогикалық үдерістің тиімділігін арттырады. Осы тұрғыдан алғанда, оқытудың прогрессивті қадамдарының бірі — модульдік оқыту.

Мақсаты мен міндеттері

Негізгі мақсат

Модульдік оқыту технологиясын қолдана отырып, оқушының пәнге қызығушылығын және танымдық белсенділігін арттыру.

Меңгеру деңгейіне қойылатын талап

  • Оқушылардың ғылыми көзқарасын қалыптастыру.

Диагностикалық құралдар

  • Бақылау
  • Тест
  • Жоба жасау
  • Реферат жазу
  • Талдау
  • Сауалнама
  • Тәжірибе жинақтау

Күтілетін нәтиже

  • Оқушылар келешекте кәсіби білім алуға алдын ала дайындықтан өтеді.
  • Қосымша материалдармен танысуға мүмкіндік алады.
  • Өзін-өзі басқарып, бағалай алатын, ғылыми жұмысқа бейім әрі ақпараттық технологияны меңгерген тұлға қалыптасады.

Болжам

Егер модульдік оқыту технологиясы тиімді ұйымдастырылса, онда оқушылардың білімге деген қажеттілігі, қызығушылығы мен қабілеті, сондай-ақ әртүрлі модульдік оқуды таңдау құзыреттілігі жоғары деңгейде қалыптасады.

Модульдік оқыту ұғымы

Модульдік оқыту — білім мазмұны, білімді игеру қарқыны, өз бетімен жұмыс істеу мүмкіндігі, оқытудың әдістері мен тәсілдері арқылы оқудағы дербестікті қамтамасыз ететін технология.

Модуль — жоспарланған нәтижеге жету үшін сұрыпталған және дидактикалық өңделген білім, білік, дағды мазмұнынан тұратын бірлік; сондай-ақ оны меңгеруге арналған әдістемелік нұсқауы бар аяқталған оқу ақпараты. Басқаша айтқанда, бұл — адамның өзіндік дамуын қолдайтын мақсатты бағдарлама.

Оқу модулінің құрылымы

Оқу модулі, негізінен, үш бөліктен тұрады: кіріспе, сөйлесу бөлімі және қорытынды бөлім.

Кіріспе

Мұғалім оқу модулінің құрылымын, мақсат-міндеттерін таныстырады және 10–20 минут ішінде оқу материалын сызба, кесте, презентация сияқты белгілік үлгілерге сүйене отырып ықшам түсіндіреді.

Сөйлесу бөлімі

Оқушылардың өзара әрекетіне негізделеді: сынып 2–6 адамнан шағын топтарға бөлінеді, тапсырмалар деңгейі оқушының мүмкіндігіне сай таңдалады. Белсенді және ойын түрлері материалға 13–24 рет қайта оралып жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Қорытынды бөлім

Бақылау кезеңі. Бұл жерде оқушы сөйлесу бөлімінде меңгерген білім, білік, дағдыларын ешкімнің көмегінсіз көрсетеді (тест, бақылау жұмысы, сынақ, зертханалық жұмыс, эксперименттік есеп т.б.).

Сағат саны және тиімділік

Әр оқу модуліндегі сағат саны оқу бағдарламасына байланысты әртүрлі. Зерттеулер 7–12 сағаттан тұратын модульдің тиімді екенін көрсетеді. Жалпы сағат санына қарамастан, кіріспе және қорытынды бөлімдерге әдетте 1–2 сағат бөлініп, қалған уақыт сөйлесу бөліміне беріледі.

Практикадан: 7 «А» сыныбындағы қолдану тәжірибесі

Модульдік оқыту технологиясын 7 «А» сыныбында қолдандым. Сөйлесу бөлімінде оқушылар топтарға бөлініп, өтілген материалды қайта жаңғыртады, терминдер мен негізгі ұғым-ережелерді бекітеді.

Сабақ барысының үлгісі (І кезең: 5–7 минут)

  1. 1 Ұйымдастыру кезеңі.
  2. 2 Үй жұмысын тексеру: өткен тақырып бойынша деңгейлік тапсырмалардың орындалу дәрежесін анықтау. Үздік оқушылар дәптер арқылы өзара тексереді. Мұғалім ұпайларды ашық журналға тіркеп, қорытынды бағаға айналдырады.
  3. 3 Өткенді пысықтау.

Мысал: Paint бойынша «Paint шыңы» ойыны

  • Ұйымдастыру кезеңі
  • «Paint шыңы» ойыны
  • Шығармашылық жұмыстарды қорғау
  • Үйге тапсырма
  • Бағалау

Интерактивті тақтамен жұмыс

Модульдік оқытуда интерактивті тақтаны қолдану өте тиімді: қажет сызбалар, электронды оқулық, зертханалық тәжірибелерді тиісті сәтте жылдам пайдаланып, оқу материалының көрнекілігін арттыруға болады.

Оқушылар пікірі

«Модульдік оқыту технологиясымен өткен сабақтар маған өте ұнайды, әсіресе сөйлесу сабақтары.»

«Сыныпта бір-бірімізбен пікір алмасу ұнайды, әртүрлі ойындармен сабақ өте қызықты өтеді.»

«Әр тақырыпты сөйлесу сабақтарында бірнеше рет талдаймыз. Осындай сабақтарда жақсы түсінемін.»

Нәтижелер және мониторинг

Екі сыныптың нәтижесін салыстыру білім сапасы мен танымдық деңгейдің артатынын көрсетті. Эксперимент сыныбы ретінде 9 «А», ал байқау сыныбы ретінде 9 «Б» сыныбы алынды. Мониторинг тоқсандық бағалар мен тоқсандық бақылаулар арқылы жүргізілді.

Көрсеткіш І тоқсан ІІ тоқсан
9 «А» сыныбы — білім сапасы 89% 92%
9 «Б» сыныбы — білім сапасы 85% 82%
9 «А» сыныбы — тоқсандық тест қорытындысы 80% 85%
9 «Б» сыныбы — тоқсандық тест қорытындысы 81% 68%

Бұл технологиямен 2007–2008 оқу жылының екінші жартысынан бастап жұмыс істеймін. Бір жылда мол тәжірибе жинадым деу қиын, дегенмен мұғалімнің ынтасы мен жүйелі еңбегі нәтижеге жеткізетінін байқадым.

Оқушы дербестігі және шығармашылық

Оқушының тапсырманы өз бетімен орындауы — шығармашылық жұмыстың бастауы. Сонымен қатар, топтық жұмыста оқушылардың қай пәнге икемді екенін байқап, қабілетін әрі қарай дамытуға мүмкіндік туады. Кей оқушылар 1-деңгей тапсырмасын орындауға талпынып, сабақтан тыс уақытта да өздігінен жұмыс істеуге дағдыланды.

Шығармашылық қабілет оқушының табиғатында болуы мүмкін. Мұғалімнің міндеті — оқушы бойындағы жасырын мүмкіндіктерді аша білу, қолдау көрсету және дұрыс бағыттау.

Жетістіктер

Аудандық олимпиадада 9-сынып оқушысы Қалас Нарқыз ІІ орын иеленді. Жалпы алғанда, оқушылар шығармашылық қабілеттерін дамытумен қатар, өткен жылдармен салыстырғанда олимпиада нәтижелерін де жоғары деңгейде көрсетті.

Қорытынды ой

Бүгінгі күн талабына сай нақты әрі терең білім беруде жаңа технологиялар — ұстаз үшін маңызды сүйеніш. Модульдік оқыту оқушының өзін-өзі дамытуына, дербестігін нығайтуға және шығармашылық мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етеді.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. 1 Жанпейісова М. М. Модульдік оқыту технологиясы оқушыны дамыту құралы ретінде. Алматы, 2006.
  2. 2 Қамзина М. Модульдік оқыту технологиясы. Тәрбие құралы, 2005, №4.
  3. 3 Педагогтың кәсіби деңгейін өсіруде әдістемелік жұмысты ұйымдастыру жолдары. Ғылыми-практикалық жинақ. Алматы, 2008.
  4. 4 Искакова Р., Ерназарова З. Жаңа технологияны пайдалану әдістері. Қызылорда, 2004.