Желтоқсан оқиғасы
16 желтоқсан — Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік-концерттік іс-шара жоспары
Тақырыбы: Тәуелсіздік — тынысың, бүгінгі дәулетің, ертеңгі ырысың
Мақсаты
- Тәуелсіздіктің 22 жылдық мерекесіне орай мерекелік іс-шара ұйымдастыру; 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының маңызын ашып, ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздіктің терең мазмұнын пайымдату.
- Білім алушылардың тіл байлығын, сөйлеу мәдениетін және өнерін дамыту.
- Өз елінің тарихын білуге, Отанды сүюге, ұлтаралық достыққа, ерлікке баулу және патриоттық тәрбие беру.
Мерекелік-концерттік кештің барысы
Кеш Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен ашылады. Сахнаға жүргізушілер шығады.
Жүргізушілер сөзі
О, кең дала! Ең қызыққа батқаның,
Шалқып-толқып, бақытты боп жатқаның.
Халқымыздың қуанышын молайтқан,
Егемендік — сенің алып жатқанын.
Жеткен арман, жаса, тәуелсіздігім!
Өз қолыма бердің ерік тізгінін.
Әлемнің ілтипатына ие болған —
Дербес, бейбіт мемлекетпіз біз бүгін.
Қына көктеп қоңыр қырдың тасында,
Бастағандай көгім бүгін ашыла.
Еңсесі тік, егеменді ел болып,
Бақыт қонды қазағымның басына.
Сарыарқа — сайран төріміз,
Кең-байтақ біздің жеріміз.
Егемендікке қол жетіп,
Тәуелсіз болды еліміз.
Ұмытпаймыз біздер әрқашан
Тағдырдың берген бұл сыйын.
Еліміз болып тойлаймыз
Тәуелсіздіктің біз күнін!
Тәуелсіздік — ырысым мен қазынам!
Ол — әсем ән, жан тынығар сазынан.
Әнұраным шалқығанда асқақтап,
Жаздай жайнап, құрысығым жазылам.
1-бөлім: Әнұран
«Менің Қазақстаным» — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалады.
Тарихи мәні
Желтоқсан оқиғасы… Осы бір ауыз сөздің өзінен әлі күнге дейін ызғар есіп тұрғандай. Оны еске алған сайын арқамызды аяз, маңдайымызды мұз, табанымызды сыз қарығандай күй кешетініміз рас.
1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы қазақ топырағында ұлттық сана мен намысты жігер отына жаққан жаңа, қайсар ұрпақтың келгенін әйгілеп, тәуелсіздікке ұмтылыстың айқын белгісіне айналды.