Бауырсақ ертегісі

Сабақтың мақсаты

  • Ертегіні сахналау барысында кейіпкерлердің мінез-құлқын дәл жеткізуге үйрету.
  • Суретке назар аударып, мазмұнын түсінуге және сұрақтарға жауап беруге дағдыландыру.
  • Кейіпкерлердің сөз мәнерін, қимыл-қозғалысын келтіріп ойнауға жаттықтыру, қызығушылығын ояту.
  • Өз рөлдерін іскерлікпен әрі шығармашылықпен орындауға баулу.
  • Достыққа, мейірімділікке тәрбиелеу.

Көрнекіліктер

  • Жасанды ағаштар
  • Үйшік (сиқырлы үйшік)
  • Аю, қоян, кірпі, қарға атрибуттары
  • Алманың муляжы

Әдіс-тәсілдер

Түсіндіру Сұрақ-жауап Жұмбақ шешу Ертегіні сахналау

Сабақ құрылымы балалардың белсенді қатысуына негізделеді: олар тыңдайды, болжайды, жауап береді, қимылмен көрсетеді және рөлге еніп ойнайды.

Кіріспе: ертегілер еліне саяхат

Ал, балалар, қараңдар,
Таңғажайып аңыз бар.
Ертегілер еліне
Бірге қыдырып барармыз.

Ну орманға енеміз,
Әсем гүлдер тереміз.
Көңілді болып әрқашан,
Тату болып келеміз.

Тәрбиеші балаларға бүгінгі оқу іс-әрекетінің ерекше өтетінін айтады: бәрі «сиқырлы поездға» отырып, ормандағы ертегілер еліне аттанады (А. Қалаубаеваның «Ертегілер еліне» әнімен).

Одан кейін магнитті тақтадағы кейіпкерлердің суреттеріне қарап, балалар ертегіні табады: «Бауырсақ». Фланелеграф арқылы ертегі мазмұны еске түсіріліп, қысқаша әңгімеленеді.

Ойын: «Ғажайып текше»

Тәрбиеші текшені лақтырады. Қай аңның бейнесі түссе, балалар сол аңның жүрісін салып жүреді және оның қай ертегіде кездесетінін айтады. Қалаған жағдайда сол аң туралы тақпақ айтып береді.

Сергіту сәті

Біз орманда жүреміз,
Саңырауқұлақ тереміз.
Оң жақта, сол жақта —
Саңырауқұлақ жан-жақта.

Сиқырлы үйшік және жұмбақтар

Балалар әдемі үйшікті көреді. Есігі ашылмай қалады. Сол сәтте тәрбиеші: үйшіктің жанында жұмбақтар жасырылғанын, шешуін тапса «сиқырлы есіктер» ашылуы мүмкін екенін айтады.

Жұмбақ 1

Мұрны бейне түйме,
Үсті толған ине.

Жауабы: Кірпі

Жұмбақ 2

Түрі көмірге ұқсайды,
Қалбалақтап ұшады.

Жауабы: Қарға

Жұмбақ 3

Қыста ұйықтайды,
Жазда ойнайды.

Жауабы: Аю

Жұмбақ 4

Қалқиып ұзын құлағы,
Елеңдеп қорқып тұрады.

Жауабы: Қоян

Жұмбақтардың шешуі табылғанда, сиқырлы үйшіктен қоян, аю, кірпі, қарға шығады. Балалар олардың «Алма» ертегісінің кейіпкерлері екенін айтады.

Қойылым: «Алма» ертегісі

Аңдар балаларды ертегіні тамашалауға шақырады. Сахналау басталады.

Автор (Жанерке)

Тыңда, балам, ертегі,
Ертегі сыр шертеді.
Ерте-ерте-ертеде,
Ешкі жүні бөртеде,

Орманда бір қоян өмір сүріпті. Қоян орман аралап жүріп, ағаштың басында өсіп тұрған алманы көреді. Алайын десе, ала алмайды: секіріп жете алмайды. Ағаштың басында отырған қарға сырттай күліп отырады.

Қарға

— Қарқ-қарқ!

Қоян

— Қарға, қарға! Маған алманы үзіп алып берші.

Қарға алманы үзіп алады, бірақ ұстай алмай жерге түсіріп алады. Алма ұйықтап жатқан кірпінің үстіне түседі.

Қоян

— Кірпі, кірпі! Тоқта, тоқта! Менің алмамды қайда алып бара жатырсың?

Кірпі

— Бұл менің алмам! Ол төбеден құлады, ал мен оны ұстап алдым.

Қоян да қоймайды: «Алмамды қайтарып бер. Оны бірінші болып тапқан — мен». Таласқа қарға да қосылады.

Қарға

— Босқа таласасыңдар, алма менікі. Мен оны өзім үшін үзіп алғанмын.

Олар бірін-бірі түсінбей, алманы әрі тартып, бері тартып, орман ішін у-шу қылады. Сол кезде қорбаңдай басып аю келеді.

Аю

— Бұл не деген айғай-шу? Мазамды алдыңдар ғой!

Бәрі аюға жақындап: «Сен ормандағы ең үлкен әрі ақылдысың. Алманың кімдікі екенін айтып берші», — деп жағдайды түсіндіреді. Аю аз ойланып, сұрайды:

Аю

— Алманы кім тапты?

Қоян: — Мен!

Аю

— Алманы кім үзіп алды?

Қарға: — Мен!

Аю

— Алманы кім ұстап алды?

Кірпі: — Мен!

Түйін

Аю: «Мінекей, бәрің де дұрыс айтасыңдар. Өйткені әрқайсың алманы алу үшін еңбек еттіңдер. Алма — бәріңдікі. Оны теңдей бөліңдер: әрқайсың бір бөлігін алыңдар», — дейді.

Аю алманы төртке бөліп, әділ бөліседі: бірінші бөлігін қоянға (алманы алғаш көргені үшін), екіншісін қарғаға (үзгені үшін), үшіншісін кірпіге (ұстап алғаны үшін) береді. Соңғы бөлікті аюға ұсынады.

Аю

— Маған не үшін?

Аңдар

— Сен бізге ақыл айтып, татуластырдың!

Әрқайсысы өзіне тиген бөлікті жеп, риза болады. «Береке басы — бірлікте» деген сөз осындайдан қалған деседі.

Аяқталды ертегі,
Ертегі сыр шертеді.
Еңбекті сүй, балақай,
Дос қадірін біл, — деді.

Қорытынды: қайту және рефлексия

Балалар риза болып, «поездға» қайта мініп, көңілді әуенмен өз топтарына оралады.

Сұрақ-жауап

  • Біз бүгін қайда бардық?
  • Не көрдік, не істедік?
  • Саяхатымыз ұнады ма?

Қоштасу сөзі

Қол ұстасып тұрайық,
Шеңберді біз құрайық.
Көріскенше күн ашық,
Сау-саламат болайық.

Автор туралы мәлімет

Қала

Атырау

Білім беру ұйымы

МКҚК №29 «Нұрсая» бөбекжай-балабақшасы

Тәрбиеші

Бектлеуова Дина Сагинбаевна