Менің қара балама көз қырларыңды салып қойыңдар

6-сынып. Мектепішілік «Денсаулық айлығы» аясындағы сахналық қойылым

«Қара пима» немесе «Қара бала»

Мақсаты

Оқушыларды сахналық рөлді шебер орындауға, өз-өзін ұстау мәдениетіне тәрбиелеу; зиянды әдеттердің алдын алу және одан сақтандыру.

Басты кейіпкерлер

  • Әкесі: Ділманов Әлім
  • Шешесі: Жәңгірова Құралай
  • Қара бала (баласы): Абдолов Мақсат
  • Көршілері: Амангелдиев Жәнібек, Түгелбаева Гүлназ
  • Дәрігерлер: Жұмағалиева Ақмерей, Байкүшікова Ақтілек

I көрініс

Бөлме іші: жинақы төсек, дәл ортасында дөңгелек үстел, дастархан жайылған. Шешесі самаурынға от жағып, күйеуі мен баласын күтеді.

Шешесі: Түскі уақыт болып қалды. Тамақтарын, шайларын әзірлеп қояйын… Ойбай, жүрегім… Соңғы кезде анда-санда шаншып жүр. Бірдеңені сезем бе, әлде ауырып жүр ме — түсінбедім…

Осы сәтте үйге баласы қуана кіріп келеді.

Баласы: Шеше, мен бүгін шығармадан «5» алдым!

Қуанып, шешесін құшақтайды.

Шешесі: Құлыным, әкесінен аумай қалғаным! Не туралы жаздыңдар?

Баласы: Әкемнің жұмыс істейтін жері туралы жаздым. Бізді асырап отырған әкем ғой. Әкем туралы көп жаздым, бірақ сіз ренжімесін деп сіз туралы да жаздым. Сізге арнап өлең де шығардым.

Баланың тақпағы

Менің анам — саябақ,

Мектептен күнде келгенде,

Шай қояды даярлап,

Менің анам — әдемі-ақ!

Шешесі: Ой, айналайын, талабыңа нұр жаусын! Әрине, бәрі әкеңнің арқасы…

Осы кезде үйге қабағы салыңқы әкесі кіреді.

Шешесі: Не болды, отағасы? Ауырғаннан сауысқан ба? Иығың түсіп кетіпті ғой.

Әкесі: Иә… Бұдан да ауырғаным жақсы еді. Бүгін мен істеп жүрген мекеме жабылды. Қысқартуға түсіп, жұмыссыз қалдым…

II көрініс

Үй іші шашылған. Ана төсекте жатыр. Көршілер көңіл сұрап келеді.

Көршілер: Әлімаш, амансың ба? Ауырып қалды деген соң көңіліңді сұрап келдік. Дәрігерге қаралсаңшы…

Екінші көрші: Әй, бірақ дәрігерге бара қалсаң, қабылдауына ақша сұрайды. Бұл заман не болып кетті… Нарық заманы бәрімізді әбден қарық қылды.

Қой, кетейік. Біраз отырдық.

Бірінші көрші: Жақсы, Әлімаш. Тез айығып кет. Аяғымыз жеңіл болсын!

Әлімаш: Келгендеріңе көп рақмет. Сендерден бір өтінішім бар: мына ауру мені алмай қоймас. Менің қара балама көз қырларыңды сала жүріңдер. Әкесі жұмысынан қысқарғалы ішіп жүр… Достары да көбейіп кетті…

Көрші: Қой, жаман айтпа. Әлі-ақ аяққа тұрып кетесің.

Үйге қолында шөлмегі бар күйеуі жолдастарын ертіп келеді.

Әкесі: Әй, қатын, тұр! Әлі жатырсың ба? Достарым келді!

Сосын: «Қоя беріңдер, өзіміз отыра берейік», — деп дастархан басына отырып ішеді. Әзіл-қалжың, тост, тілек…

Ұлы мектептен қабағы салыңқы келіп кіреді.

Әкесі: О, менің жалғызым келді! Көрдіңдер ме менің қара баламды? Өскенде мені асырайды! Кел, балам, ағаларыңмен таныс.

Бала ақырын барып анасының қасына отырады. Жастығын түзеп, көрпесін жөндейді.

Шешесі: Қазір, балам. Әкең кетсін, сосын шайыңды ішесің. Неше алдың?

Бала үнсіз басын шайқайды.

Шешесі: Балам, отын әкелмесең, отын таусылды. Күн де суытып барады…

Баласы: Жарайды, шеше. Тек жазылшы, орныңнан тұршы. Сен үшін бәрін істеймін.

III көрініс

Қайғылы домбыра үні («Кісен ашқан»). Шешесі қайтыс болған. Бөлменің бір бұрышында бала бүрісіп отыр.

Көршілер жеті шелпек пісіріп әкеліп, баланың басын жұбатуға тырысады.

Көршілер: Қой, балам, қайғырма. Бәрі Алланың қолында. Есіңді жи, балам. Сен енді үлкенсің… Шешең байғұс өлер алдында «саған көз қырларыңды сала жүріңдер» деп еді…

Жатқан жері жарық болсын, топырағы торқа болсын…

Екінші көрші: Тұр, балам. Бүгін — жұма. Шешеңнің аруағы риза болсын. Шелпекпен шай ішіп, жүрек жалғап ал. Анаңның басына барып топырақ салып қайт.

Бірінші көрші: Әкең болса, әне, шешеңнің киімін сатып, арақ ішіп жүр…

IV көрініс

Бейіт басы. Бала шешесінің қабіріне келеді.

Баласы: Шеше, мен келдім… Сені қатты сағындым. Бүгін түсіме кірдің… Басымнан сипап, менің «2» алғанымды айттың…

Жоқтау

Айналайын жан анам,

Сені қалай қия алам?

Сен өткелі өмірден,

Қайғырамын күнде, анам.

Жүрекке салмақ артамын,

Жел жаққа пана — қалқаным.

Жұмаққа жаның кеткенде,

Сағыныш күйін тартамын.

Сездірмей жүрегіңнің шаншығанын,

Кенеттен неге сөнді шамшырағың?

Қалайша қара жерге қиям сені,

Өлгеніңше мәпелеген анашым-ай…

Бала топырақ салып, үйіне қайтады. Үйге келіп шашылған үйді жинастырады да, сабағына дайындалуға отырады.

Осы кезде қолында шөлмегі бар әкесі әндете кіріп, домбырасын алып, төсекте жата кетеді.

Біраз уақыттан соң әкесі тұрып, жан-жағына қарап жоғын іздейді. Әр жерді тіміскілейді. Көзі бір бұрышта тұрған баласының пимасына түседі.

Әкесі баласына білдірмей пиманы қойнына тығып, сыртқа шықпақ болады. Бірақ бала көріп қояды.

Баласы: Әке, пимамды бер! Сатпашы… Мектепке қалай барамын?

Бала әкесінің қолындағы пимаға жармасады.

Әкесі: Кет әрі! Күшік!

Әкесі баласын кеудесінен итеріп, шапалақпен ұрып жібереді де, өзі кетіп қалады.

Бала жерге құлап, ұзақ жылайды.

Көршілер келіп: «Ойбай, байғұс бала! Жатқан жері суық қой… Аяқтары үсіп қалыпты. Тезірек дәрігерге апарайық!» — дейді.

V көрініс

Аурухана. Дәрігерлердің асығыс дауысы, кейін дәрігер бөлмесіндегі әңгіме.

1) Ота үсті (дыбыстар)

Дәрігерлер дауысы: «Наркоз… Скальпель… Қайшы… Жүрегін тексер… Қан қысымы ше? Араны әкеліңдер… Кеспесек болмайды…»

2) Дәрігердің бөлмесі

Дәрігер үстел басында қағаз толтырып отырады. Жанына мейірбике келеді.

Дәрігер: Бала қалай? Өзіне келді ме? Туыстары, ата-анасы бар ма?

Мейірбике: Жоқ, дәрігер. Көрші апайларынан басқа ешкім келмеді. Шешесі ауыр науқастан жақында қайтыс болған. Ал әкесі ішімдікке салынып кеткен сияқты…

Осы кезде алыстан әкесінің дауысы естіледі.

Әкесі: Балам, құлыным, қайдасың? Мен келдім, балам…

Әкесі ақ төсекте жатқан баласының жанына келеді. Бала әрең көзін ашып қарайды.

Бала: Әке… келдің бе?

Әкесі: Иә, балам. Кешір мені… Енді ішпеймін, аузыма да алмаймын. Міне, саған тамақ әкелдім. Саған деген сыйлығым бар. Қарашы, базардан су жаңа пима сатып әкелдім. Қандай қатты қыс болса да, аяғың тоңбайды.

Бала (әлсіз күлімсіреп): Бекерге әуре болғансың, әке… Енді маған пима керек емес…

Әкесі: Жоқ, балам, олай деме. Біз әлі-ақ жаңа пимамен шаңғы тебеміз. Кәне, аяғыңа киіп көрші…

Әкесі көрпені асығыс көтеріп қалады. Баласының аяғы тізесінен кесілгенін көріп, сілейіп қалады.

Әкесі: Жоқ… Жоқ… Бұл мүмкін емес…

Ол баласын кеудесіне қысып құлайды.

Әкесі: Балам… бәріне мен кінәлімін. Кешір… кешіре алсаң, кешір!

Негізгі ой

Денсаулық

Отбасы саулығы — ең үлкен құндылық. Уақытында емделу, бір-біріне қамқор болу — өмірді сақтайды.

Зиянды әдет

Ішімдік адамды да, отбасыны да күйретеді. Бір сәттік әуестік орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін.

Жауапкершілік

Әке-шеше мен бала арасындағы мейірім — тәрбие өзегі. Әрбір әрекет үшін жауапкершілік бар.