Сабақтың білімдік мақсаты
Сабақтың мақсаттары
Білімдік мақсат
PISA бағдарламасы форматындағы мәтіндер арқылы тақырыпқа қатысты өмірлік ситуацияларды шешуге қажетті пәндік білім, білік және дағдыларды жинақтап көрсету. Нарықтық заманда үнемділікке үйрету.
Дамытушылық мақсат
- Білім деңгейін, тұрақтылығын және қолдану іскерлігін бақылау.
- Мақсат қоя білу, есте сақтау қабілетін дамыту.
- Топпен жұмыс істеу және кітаппен жұмыс дағдыларын қалыптастыру.
- Жауапкершілік пен белсенділікке ынталандыру.
Тәрбиелік мақсат
Адамгершілікке, ұқыптылыққа, алғырлыққа, отансүйгіштікке, табиғатты аялауға, сыйластық пен әдептілікке баулу. Дүниетанымды кеңейтіп, зерттеушілік және ізденушілік қасиеттерді қалыптастыру.
Сабақтың әдістері
Әдіс-тәсілдер
- Дискуссия
- Мәтінмен жұмыс
- Логикалық және ситуациялық сұрақтар
Негізгі екпін
«Не? Қайда? Қашан?» форматындағы бағыттаушы сұрақтар арқылы ойлауды белсендіру және қарапайымнан күрделіге қарай талдау жүргізу (Блум таксономиясы).
Бағалау өлшемдері: түсіну, қолдану, дәлелдеу, қорытынды жасау және өмірлік жағдайға бейімдеу.
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі (2 минут)
- Сәлемдесу.
- Оқушыларды түгендеу.
- Сынып бөлмесінің тазалығын тексеру.
- Сабаққа дайындықты тексеру (жұмыс орны, отырысы, сыртқы келбеті).
- Назарды сабаққа шоғырландыру.
II. Негізгі бөлім
- Сабақ жоспарымен таныстыру.
- Білімді тиянақтау: деңгейлік тапсырмаларды орындау.
- Тізбектей байланыс: логикалық және ситуациялық сұрақтар.
- Мәтінмен жұмыс: өмірлік ситуацияны талдау және бағалау.
Мәтін: электр энергиясын тұрмыста тиімді пайдалану
Төмендегі мәтін — өмірден алынған ситуация. Оқушылар мәтінді Блум таксономиясы бойынша талдап, қорытынды жасап, ұсыныс береді.
Негізгі формулалар
P = U · I
Үй желісінің шектері
Тұрғын үйге берілетін кернеу U = 220 В болғанда, тұтынатын ток күші I = 10 А-ден аспауы тиіс. Осыған сәйкес бір мезгілде пайдалануға болатын қуаттың шекті мәні:
P = I · U = 10 А · 220 В = 2200 Вт = 2,2 кВт
Электр энергиясының өлшем бірлігі ретінде 1 кВт·сағ алынады, ал оның құны тариф деп аталады. Мысалы, Аягөз тұрғындары үшін 2015 жылғы күндізгі тариф: 1 кВт·сағ = 8,36 теңге.
Токтың жылулық әсері
Өткізгіш бойымен ток өткенде өткізгіш қызады: электр энергиясы ішкі энергияға айналады. Бұл құбылыс металдардағы еркін электрондардың электр өрісі әсерінен қозғалып, кристалдық тор түйіндеріндегі иондармен соқтығысуы және энергиясының бір бөлігін беруі арқылы түсіндіріледі. Нәтижесінде иондардың тербелісі күшейіп, өткізгіштің температурасы жоғарылайды.
Сұрақ: өткізгіштің қызуы тек ток күшіне ғана байланысты ма?
Тәжірибе: материалға тәуелділік
Әртүрлі материалдан (мыс, болат, никелин) жасалған үш өткізгішті бірінен соң бірін тізбектей жалғаймыз. Тізбекті тұйықтап, ток күшін біртіндеп арттырамыз. Тізбектей жалғанған өткізгіштерде ток күші бірдей болады, бірақ бөлінетін жылу мөлшері әртүрлі:
-
Никелин
Алдымен қызады, ток артқанда қызуы күшейеді.
-
Болат (темір)
Ток артқанда қыза бастайды.
-
Мыс
Білінер-білінбес қана жылынады.
Қорытынды: өткізгіштің қызуы тек ток күшіне ғана емес, сонымен бірге материалдың меншікті кедергісіне де тәуелді.
Техника және тұрмыста қолданылуы
Электр тогының жылулық әсері қазіргі техникада маңызды орын алады. Тәжірибеде әртүрлі типтегі электрқыздырғыш құралдар жиі қолданылады:
- электр пеші, электр үтігі, электр шәйнек;
- шаш кептіргіш (фен) және т.б.
Өндірісте меншікті кедергісі жоғары материалдар (никель, тантал, молибден және т.б.) арқылы контактілі электр дәнекерлеу тетіктерінің қыздырғыштары қолданылады.
Ауыл шаруашылығында жоғары температура алу үшін қуатты электр пештері де кеңінен пайдаланылады.
Тірі ағзалар және медицинадағы маңызы
Табиғатта тірі организмдердің тіршілік әрекетінде электролиттердің рөлі ерекше. Қан плазмасы және барлық тірі жасушалардың плазмасы — күрделі электролиттер. Ағзаның ұлпалары олармен белсенді әрекеттеседі.
- ас қорыту және тыныс алу процестері;
- сүйек түзілуі;
- жүйке тітіркеністерін беру;
- жасушаішілік қысымды реттеу.
Медицинада заманауи физикалық аппараттар кеңінен қолданылып, диагностика мен емдеудің тиімділігін арттырады.