Әкемнің кішкентай кезі
Аялы алақан: бақыт туралы ой
Әр адам бақытты өзінше түсінеді. Ал мен үшін бұл өмірдегі бақыт ұғымының ең терең мағынасы — ата-анам. Олардың қуанышы — менің қуанышым, қайғысы — менің де қайғым.
Мені ананың аялы алақанынан, әкенің қамқор құшағынан айырылған қаракөз қыздарымыз бен қарадомалақ ұлдарымыздың тағдыры алаңдатады. Олар «бақыт» дегенді қалай түсінеді?
Балалар үйі жанындағы ой
Бірде жолым түсіп, Балалар үйінің жанынан өтіп бара жатып, әп-әдемі, сүйкімді, асыр салып ойнап жүрген балғындарды көрдім. Жәудіреген көздерінен болашаққа деген сенімнің ұшқынын аңғарсам да, жанарларынан мен іздеген бір нәрсені таба алмадым.
Ол — ананың ыстық алақаны мен әкенің жылы құшағынан сезілетін отбасы жылуы. Сол сәтте іштей қапаланып: «Өмірдің сынағы ауыр болса да, бауыр еті баласын мұндай тағдыр тәлкегіне қиып тастайтын қандай ата-ана?» — деп ойладым.
Әкенің естелігі: аналық махаббаттың құдіреті
Естелік
Осы тұста әкемнің бір әңгімесі есіме түсті. Әкем бала кезінде құс атаулының балапанына құмар болыпты. Кіп-кішкентай қанаттарын серпіп жүрген сүп-сүйкімді балапандарды көрсе, «бағып көремін» деп үйге алып кетеді екен. Бірақ олардың немен қоректенетінін білмей, талайының обалына қалып қойғанын да айтып отыратын.
«Жайлауда мал бағып жүрген кезім еді», — дейді әкем. «Бір күні сиырымыз жоғалды. Атам жоғалған малды іздеуге мені асау жылқыға мінгізіп жіберді. Шілденің ми қайнатар ыстығы. Лекер деген жазық бар еді. Сол жазықта сиырды таба алмай, шаршап келе жаттым.
Бір кезде алыстан артынан жалғыз балапанын ерткен тырнаны көрдім. Балалық қой, дереу жанына жеткім келді. Тырна мені бірден байқап, балапанына тиіспесін дегендей қанаты сынған құстың кейпін жасап, қанатын ауырсынып жер сүйретіп, балапанын қауырсынын қалқасына тыға қойды.
Аналық махаббаттың құдіретін айтсаңшы: балапанын шөптің арасына тыға қалып, өзі әлсіреген қанатымен қалқалай қалды. Мен де тайсалмай жақындап, балапанды алмақ болдым. Қолымды созғаным сол еді — тырна қолымды шоқып қалды. Оқыс жағдайдан қолымнан аттың шылбыры сусып кетті де, асау жылқы басы ауған жаққа шаба жөнелді.
Аттан айырылып, мынадай аптапта ауылға жете алмай қалармын деген ой тырнаның балапанын аламын деген ниетімді бірден ұмыттырды. Ойқастап қашқан атты қуа жөнелдім. Жануар да жаратылыс қой — жағдайымның мүшкіл екенін сезгендей, біраздан соң оқыранып тоқтай қалды. Әлгі құстың балапанын бір құдірет сақтап қалғанына таңданып, жануардың мейірімділігіне ішім жылып, үйге қарай аяңдадым…»
Әкемнің әңгімесінен не байқаймыз? Құс екеш құс та өз баласын қауіптен қорғап, аналық қамқорлық танытады, мейірім көрсетеді.
Ал адамзат ше?
Кейбір қаракөз қыздарымыз өздері жасаған бір қателіктің салдарынан әлі ес жимаған сәбиін Балалар үйіне тастап кете барады… Сонда біз әкемнің әңгімесіндегі жануардан да төмен болғанымыз ба?
Ол балалардың көкейінде бір-ақ арман бар сияқты: бір күні біреу келіп, «Киін, саған анаң келіп тұр», — деп айтса екен. Өйткені олар үшін бақыт — ата-ананың жанында болу.
Еске салу
- Баланың ең үлкен мұқтажы — жылы сөз бен тұрақты мейірім.
- Отбасы жылуы — өмірлік тірек.
- Қамқорлық — тек міндет емес, адамдық өлшем.
«Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» (Абай) демекші, қазіргі қоғам сол балаларға аз ғана уақытын бөліп, көңіліне қуаныш орнатуға, оларды қанатының астына алып, бақыттың дәмін сезіндіруге жарыса ұмтылса екен.
Пайғамбарымыз: «Тек Алла разылығы үшін жетімнің басын мейірімділікпен сипаған адам, қолының тиген шаштарының санындай сауапқа қауышады», — деген.
Ендеше, Алланың разылығына асығайық.
Авторы: Анеля Ильясова
Дереккөз: http://anatili.kazgazeta.kz