Мені таны - оқушылардың салған суреті бойынша табу

Мақсаты

Оқушыларды адамгершілікке, ұйымшылдыққа тәрбиелеу; ұстазды құрметтеуге баулу; оқу мен білімге деген қызығушылықтарын арттыру.

Қажетті құрал-жабдықтар

  • Компьютер және экран
  • Әр қатысушыға: үстел, маркер, қағаз

Қатысушылар

4 «А», 5 «А», 5 «Б», 6 «А», 6 «Б» сынып жетекшілері және әр сыныптан 1 оқушы.

Іс-шараның барысы

Ұлылықтың ұйытқысынан жаралған,
Өнегеңнен барлық шәкірт нәр алған.
Шапағатты шуақ сепкен ұстаздар,
Өздеріңнен бастау алар бар арман.

Осы өлең жолдарымен ұстаздарды ортаға шақырамыз.

Бастауыш сынып мұғалімі

Бастауышым — балбұлағым,
Алдым сенен білім нәрін.
Әріп танып, жаза білдік,
Рахметім көп жаудыратын!

Әжібаева Гүлжаухар Пауадинқызы

Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Орыс тілін оқытып, әріптерді үйретіп, шәкірттерін орысша сөйлетіп жүрген ұстаз.

Макишева Эльмира Жүсіпқызы (5 «А» сынып жетекшісі)

Тарих пәнінің мұғалімі

Абылай хан, Тәуке хан — өткенді ол қопарған.
Ақтарар барлық тарихты, ата-баба қалдырған.

Сүлейменова Мөлдір Болатбекқызы (5 «Б» сынып жетекшісі)

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері

Ақын Қ. Мырзалиевтің: Ана тілің — арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте.
деген жолдарын өмірлік ұстанымына айналдырған ұстаздар.

Икишева Әсел Амангелдіқызы (6 «А»), Бектұрсынова Гүлжанат Байбосынқызы (6 «Б»)

Кештің кезеңдері

I. «Мені таңда»

Қозғалыс + музыка

Оқушылар жұмбақ кейіпте киініп, музыка ырғағымен билеп келеді. Сынып жетекшісі өз оқушысын тауып алуы керек.

II. «Мені таны»

Сурет бойынша тану

Мұғалім оқушылар салған суреттер бойынша өз оқушысын табады. Сурет салынып болғанша музыкалық номер орындалады.

Ақылды балапан бүгінгі,
Көркейтер күніңді ертеңгі.
Үйренген өнерін көрсетсін,
Бүлдіршін балалар белсенді.

III. «Ойлан, тап»

Видеожұмбақ

Бастауыш сынып оқушылары дайындаған жұмбақтар видеоролик арқылы көрсетіледі. Мұғалімнің жауабы оқушының жауабымен сәйкес келуі керек.

Ойшыл болса қай бала —
Тез табады сол ғана.
Кел, ойланып көрейік,
Қызық жұмбақ айнала.

IV. «Бұл — менің сыныбым»

Таныстыру + сәйкестендіру

Оқушы өз сыныбын таныстырады және бір затты өз сөзімен сипаттап айтады. Мұғалім мен оқушының жауаптары сәйкес келуі керек.

Мектебің — мынау, класың,
Осында он жыл тұрасың.
Тарыдай болып кіресің,
Таудай болып шығасың.

V. «Жеміс жинау»

Командалық қолдау

Мұғалімнің көзі байланады. Оқушысының көмегімен жеміс жинайды. Кім көп жеміс жинаса, соғұрлым көп ұпай алады.

Не деген тәтті жемістер,
Жемісті жесең — кемістер
Болмайды сенің бойыңда,
Болсыншы осы ойыңда.

VI. «Сыйлық таңдау»

Таңдау логикасы

Екі түрлі сыйлық қойылады: бірі — оқушыға, екіншісі — мұғалімге арналған. Оқушының таңдауы мұғалімнің болжамымен сәйкес келуі керек.

Бағалау шарты

  • Әрбір сәйкес келген жауап 10 ұпай болып есептеледі.
  • Егер қорытынды ұпай тең болса, қосымша сұрақтар арқылы жеңімпаз сынып жетекшісі мен оқушы анықталады.

Қорытынды тілек

Алтын ұя, алтын орда тірегім,
Деп соғатын болсын сенің жүрегің.
Шәкіртіңді өз жаныңдай сүйе біл,
Орындалар сонда сенің тілегің.

Біздің мектеп — батырлардың мектебі,
Біздің мектеп — ақындардың мектебі,
Біздің мектеп — ғалымдардың мектебі,
Біздің мектеп — бағы бардың мектебі болсын.

Осы игі тілекпен бүгінгі іс-шарамызды аяқтаймыз.