Топтық тапсырмалар. Топқа бөлу

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Тақырып

Қазақтың дастарханы

Сабақтың типі

Жаңа сабақ

Мақсаты

  • Қазақ халқының қонақты қарсы алу, күту және шығарып салуға қатысты дәстүрлерімен таныстыру.
  • Қонақасы дәстүрінің шығу тарихын түсіндіру.
  • Тақырыпқа қатысты сөздерді орынды қолдануға дағдыландыру.
  • Оқушыларды қонақжайлыққа тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер

Мәтінмен жұмыс, топтық жұмыс

Көрнекіліктер

Плакаттар (анықтамалар, тыйым сөздер), «Қазақы дастарқаным» әні

Негізгі ұғымдар

Сыбаға

Қадірлі, сыйлы адамға арнайы сақталған соғым еті.

Қонақасы

Қонаққа арнап әзірленген тағам, қонаққа берілетін ас.

Қазақ халқында дастарқанға ерекше мән беріледі: үй иесі бар тәттісін, бар жақсысын қонағына ұсынып, қадірлі адамға арнап сыбаға сақтаған.

Сабақ барысы

I. Амандасу

Сабақтың басында оқушылармен сәлемдесу, ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыру.

II. Тіл дамыту

Тақырыпқа қатысты сөздік қорды белсендіру, қысқа сөйлесім тапсырмаларымен дайындық жасау.

III. Жаңа сабақ

1) Тыңдалым

Қонақжай қазақ халқы дастарқанына ерекше мән берген. Үй иелері бар тәттісін, бар жақсысын қонағына арнап, сыбаға сақтап отырған.

2) Топқа бөлу

Әр оқушының бір затын алып, араластырып, оқушыларды үш топқа бөлу.

3) Қонақ күту мәдениеті

Мұғалім оқушыларды «Қош келдіңіз!», «Төрге шығыңыз!», «Жоғарылаңыз!» деген сөздермен үстел басына отырғызады.

Есте сақтаңдар:

  • Дастарқан басында отырған адамдарды санамайды.
  • Дастарқанға адамдар жасына қарай отырады.

4) Топтық жұмыс (конверттегі тапсырмалар)

1-кезең. Мәтінмен жұмыс

Алаша ханның үш ұлы болыпты. Хан оларды енші алуға шақырыпты. Ол өзінің байлығын төртке бөліпті: үш бөлігін үш баласына беріпті. Төртінші бөлігін тағы үшке бөліп, оны балаларына қосыпты.

Сонан кейін алдында отырған үш ұлына мынадай өсиет қалдырыпты:

«Балаларым, ата салты бойынша мен сендерге енші беріп отырмын. Естеріңде болсын: сендердің ұрпақтарың сапарға шыққанда жолға азық-түлік алып жүрмесін. Әрбір қазақ баласы кез келген үйден ақысыз қонақасы ішетін болсын. Олар жолда сусап, қарны ашып жүрмесін. Мен сендерге берген төртінші еншім — сол. Сол еншімді менің келер ұрпақтарым ғасырдан ғасырға жеткізіп, менің осы өсиетімді сақтасын!» — деп батасын беріпті.

(«Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» кітабынан)

2-кезең. Тапсырмаларды орындау

1-топ

Мәтінді мазмұндау.

2-топ

Мәтін мазмұны бойынша 3 сұрақ құрастыру.

3-топ

Мәтін мазмұны бойынша жоспар құру.

Тексеру: топ жетекшісі сөйлейді, топ мүшелері толықтырады.

3-кезең. Шығармашылық топтық тапсырмалар

1-топ

Қонаққа шақыру мәтінін жазу.

2-топ

Қонақтарға арналған тілек сөздерді жазу.

3-топ

Қонаққа арналған бата сөздерін жазу.

4-кезең. Жағдаят

Әке-шешең үйде жоқ кезде қонақ келді. Сен қандай іс-әрекет жасайсың?

IV. Оқылым

Оқулықпен жұмыс: 91-бет. «Ас туралы тыйым сөздер».

Тапсырма:

Берілген 10 тыйым сөздің қайсысын өмірде қолданасың? Қысқаша әңгімелеп бер.

V. Рефлексия

Оқушылар парақша толтырады:

Толық түсіндім

Жартылай түсіндім

Түсінбедім

VI. Үй жұмысы

  • Сөйлемдердің дұрыс-бұрыстығын анықтап, жазу.
  • Басқа ұлттардың тағамдары туралы материал жинау.