Балалар сендер бүгін сандар әлеміне саяхат жасадыңдар

Сабақ тақырыбы: «Сандар әлеміне саяхат»

Бұл сабақ ойын түрінде ұйымдастырылып, балалардың сан ұғымын бекітуіне, 8 санымен танысуына және логикалық ойлау дағдыларын дамытуға бағытталған.

Сабақтың мақсаты

1) Сан ұғымын кеңейту

  • 7-ге дейінгі сандарды тура және кері санауды еске түсіру.
  • 8 санымен таныстыру.
  • Әр санның алдындағы және өзінен кейінгі санды дұрыс атай білуге үйрету.
  • «Қанша?», «Қандай?», «Нешінші?» сұрақтарына дұрыс жауап беруге жаттықтыру.

2) Геометриялық пішіндер және логика

  • Қоршаған ортамен салыстыра отырып, геометриялық пішіндерді ажырата білуге дағдыландыру.
  • Логикалық ойындар арқылы қиялды, ой-өрісті, есте сақтау қабілетін дамыту.

3) 8 санын саусақ арқылы көрсету

Саусақтың көмегімен 8 санын көрсетудің әртүрлі жолдарын ойлап табуға қызықтыру.

Дайындық және ресурстар

Алдын ала жұмыс

  • Жұмбақ шешу
  • Математикалық өлеңдер

Көрнекіліктер

  • 1-ден 8-ге дейінгі сандар
  • Суреттер
  • Геометриялық пішіндер
  • Түрлі түсті қағаздар

Әдіс-тәсілдер

  • Әңгімелесу
  • Түсіндіру
  • Сұрақ-жауап
  • Ойын

Сабақ барысы

I

Ұйымдастыру кезеңі

Балалар бір-біріне ретімен тілек айтады:

  • «Ашық аспан тілеймін!»
  • «Күніміз жарық болсын!»
  • «Деніміз сау болсын!»
  • «Нан көп болсын!»

Бәрі қосылып: «Әрқашан күн сөнбесін!» — дейді.

Тәрбиеші: «Айтқан тілектерің қабыл болсын! Балалар, бүгін біз математика әлеміне саяхат жасаймыз».

Күнтізбелік сұрақтар

  • Жылдың неше мезгілі бар? Ретімен атаңдар.
  • Қазір қай мезгіл? Қыс айларын атаңдар.
  • Қазір қай ай?
  • Бір аптада неше күн бар?
  • Бүгін қай күн? Ертең қай күн?

Апта күндерін санау

Аптаның 7 күнін ретімен және кері қарай санау тапсырмасы беріледі.

II

Геометриялық ертегілер елі: қонақ — үйрек

Бүгін бізге «Геометриялық ертегілер елінен» үйрек қонаққа келіп, геометриялық пішіндерді ала келді.

1-тапсырма: пішіндерді атау және ұқсату

Үшбұрыш — үйдің шатырына, шыршаға ұқсайды.

Шаршы — орамалға ұқсайды.

Дөңгелек — допқа, алмаға, күнге ұқсайды.

Төртбұрыш — есікке, терезеге, тақтаға ұқсайды.

Сопақша — жұмыртқаға, қауынға, шарға, қиярға ұқсайды.

2-тапсырма: 7-ге дейінгі сандарды қайталау

Өтілген тақырып бойынша 7-ге дейінгі сандар туралы санамақтар айтылады.

8 санымен танысу

  1. Сурет бойынша түсіндіру.
  2. 8 санының құрамы: 8 = 1 + 1 + 1 + 1 + 1 + 1 + 1 + 1.
  3. Тура және кері санау (8-ге дейін):
    1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8
  4. Балаларды қатарға тұрғызып, алға 8 адым, кейін 8 адым жүргізу.
III

Сергіту сәті

Орнымыздан тұрайық,
Алақанды ұрайық,
Бір отырып, бір тұрып,
Бір тынығып алайық.

IV

Дидактикалық ойындар

1) Дыбыс арқылы санды тап

Тәрбиеші дыбыстық белгі береді, балалар сәйкес санды табады.

2) Көршісін тап

Берілген санның алдындағы және кейінгі санын атау.

3) «Қандай сан қалып қойды?»

1, 2, 3, 4, 5, 8

Балалар жетіспейтін санды табады.

4) «Санның құрамы» ойыны

Тәрбиеші сан айтады, балалар сол санның қандай сандардан құралатындығын атайды.

7

  • 6 + 1
  • 5 + 2

8

  • 7 + 1
  • 6 + 2
V

Санамақ жаттау

Менің атым — сегіз,
Жетіден соңғы деңіз.
Жазылғанда қос дөңгелек,
Мен боламын сегіз.

1-ден 8-ге дейінгі санамақ

Бір дегенім бүркіт,
Қашады аңдар үркіп.
Екі дегенім есек,
Білмейді ол есеп.
Үш дегенім үкі,
Ұстап жеді түлкі.
Төрт дегенім тиін,
Алдым оған бұйым.
Бес дегенім бұлбұл,
Сайрағанда дүл-дүл.
Алты дегенім арғымақ,
Дөңдеу жерден қарғымақ.
Жеті дегенім жайын,
Жайынның жейміз майын.
Сегіз дегенім — серке,
Енесіне ерке.

VI

Үлестірме материалмен жұмыс

  • 8 таяқшадан әртүрлі пішіндер құрастыру.
  • Геометриялық пішіндерден үй, шаршы құрастыру.
VII

«Сандар айтысы»

1-ден 8-ге дейінгі сандар бойынша өлең түрінде айтыс ұйымдастырылады.

VIII

Сабақты қорытындылау

  • Бүгін сендер «Сандар әлеміне саяхат» жасадыңдар.
  • Қандай санмен таныстыңдар?
  • Қандай ойындар ойнадыңдар?
  • Не құрастырдыңдар?

Балаларды мадақтау.