Екі бөгенді қосып тұратын екі ұзын жақтаудың астына түсетін, бесік ұзындығына тең жұмыр ағаш

Жоба туралы қысқаша мәлімет

Павлодар облысы, Ақсу қаласы КМҚК «Балапан» бөбектер бақшасының тәрбиешісі — Гульмира Серікқызы Кулдошбекова. Бұл материал 5–6 жастағы балаларға арналған ойын арқылы дамыту жобасын ұсынады.

Тақырыбы

Бесік

Мақсаты

Балаларға бесік туралы мағлұмат беру және тәжірибелік дағдыларын дамыту.

Жасы

5–6 жас

Мерзімі

1 апта (қысқа мерзімді)

Құрылымы

Жеке-дара жұмыс

Қатысушылар

  • Тәрбиешілер
  • Балалар
  • Ата-аналар

Жобаның түрлері

  • 1.Шығармашылық
  • 2.Ғылыми-зерттеу
  • 3.Ойын арқылы
  • 4.Ақпараттық
  • 5.Ізденіс

Жүзеге асыру кезеңдері

Мотивациялық кезең: қызығушылық ояту, бесік туралы алғашқы түсінік қалыптастыру.

Мәселе–қызметтік кезең: сұрақ қою, талдау, ақпарат іздеу және бірлескен әрекет.

Тәжірибелік кезең: ойын, бақылау және қолданбалы тапсырмалар арқылы дағдыны бекіту.

1-кезең: «Бесік жыры»

«… Айыр қалпақ киісіп,
Ақырып жауға тиісіп,
Батыр болар ма екенсің!

Бармақтарың майысып,
Ою-өрнек ойысып,
Ұста болар ма екенсің!

Таңдайларың тақылдап,
Шешен болар ма екенсің! …

Құрығыңды майырып,
Түнде жылқы қайырып,
Қызмет қылар ма екенсің?!

Қолымыздан іс алып,
Бақытымызға, жан балам…»

Бесік жыры — баланың жанын тыныштандырып қана қоймай, ұлттың арман-тілегін, ізгі тәрбиесін сөзбен өрнектейтін құндылық. Жыр жолдарында баланың болашағына қатысты тілек, еңбекке баулу, мінез қалыптастыру секілді ойлар айқын көрінеді.

2-кезең: Мазмұны

Баланы алғаш бөлеу дәстүрі көбіне өнегелі ұрпақ тәрбиелеген, қадірлі, жасы үлкен әйелге тапсырылады. Сәбиді бесікке бөлердің алдында қарт аналардың бірі шымшуырды отқа қыздырып, бесікті айналдыра аластайды. Бұл — оттың және оның иісінің жын-шайтанды қуады деген сенімнен туған рәсім.

Одан кейін бір-екі келіншектің көмегімен бесік жабдықталады. Сәбидің анасы түбектің тесігі арқылы балаларға тәтті үлестіреді — бұл үрдіс «тыштырма» деп аталады.

Бесік үстіне жеті түрлі қадірлі, таза зат қойылады. Бесікке салған әйелдерге «бесікке салар кәдесі» ретінде сый беріледі. Үлкендер бата жасап, ана мен баланың аман-есен болуын тілейді.

Көрнекі материал: бесік түрлері

Қазақ халқының бесігі (сурет)
Ұйғыр халқының бесігі (сурет)

Бесіктің құрылысы

  1. 1

    Арқалық (арыс, белағаш) — ұзындығы 70–75 см, ұстауға ыңғайлы, бесіктің ең үстіңгі көлденең жұмыр бел ағашы.

  2. 2

    Бөген (алдыңғыбас, артқы бас) — жас талдан мінсіз жонылып, әрленіп, морға қыздырылып, қыртысы сыртына қарай игілген бесіктің екі басы.

  3. 3

    Жақтау — төртеу. Екі үлкен жақтаудың ұзындығы арқалықпен бірдей; қос бөгеннің аңғарларын керіп тұратын екі қысқа жақтаудың ені бесік еніне тең.

  4. 4

    Шабақ — төртеу. Екі бөгеннің аяқтарын қосып тұратын ұзын жақтауларға біркелкі қашықтықта көлденең бекітілген, бесік еніндей тақтайша.

  5. 5

    Сабау — екеу. Екі бөгенді қосып тұратын екі ұзын жақтаудың астына түсетін, бесік ұзындығына тең жұмыр ағаш.

  6. 6

    Жорға (табан) — екеу. Бөгендердің иілген басына қарама-қарсы бекітіледі, астыңғы қыры қайқы болады. Табанның қайқылығы бесіктің бірқалыпты, жеңіл тербелуін қамтамасыз етеді.

  7. 7

    Тақтай — түбек орналасатын, төсек салынатын бесіктің орталық бөлігі.

  8. 8

    Шүмек — сәбидің кіші дәреті үшін қойдың асық жілігінен жасалатын түтікше: бір басы тесіліп, екінші басының төменгі жағы ойылады. Кейде аппақ болсын деп алғаш қолданар алдында сүтке қайнатады.

  9. 9

    Түбек — жаялық былғанбас үшін бесіктің ортасындағы тақтайға орнатылатын алмалы-салмалы ыдыс. Кейін шағын шыны құтылар (банкілер) пайда болған соң, түбек солардан да жасала бастады. Шүмектің ұшы түбекке сұғынып тұрады.

3-кезең: Тәжірибелік кезең

Сюжеттік-рөлдік ойын: «Қуыршақты бесікте ұйықтату»

  • Балалар бесіктің бөлшектерімен танысып, атауларын қолдана отырып сөйлейді.
  • Қуыршақты «бөлеу», әлди айту, күтім жасау әрекеттерін ретімен орындайды.
  • Ойын барысында ұлттық құндылыққа құрмет, бір-біріне қамқорлық дағдылары қалыптасады.

Күтілетін нәтиже

Білім

Бесік туралы негізгі ұғымдарды біледі, дәстүрдің мәнін түсінеді.

Дағды

Сюжеттік ойын арқылы әрекеттердің ретін сақтап, практикалық біліктілігін арттырады.

Құндылық

Ұлттық мұраға құрметпен қарау, мейірім мен қамқорлық сезімін дамыту.

Ескерту: «Слайдын жүктеу» бөлімі ұсынылатын көрнекілік материалы ретінде қарастырылып, сабақтың форматына сай қосымша презентациямен толықтырылуы мүмкін.