Бірінші сөйлемді сөйлем мүшесіне талдау

Сабақ барысы

Бұл сабақта сан есім тақырыбы қайталанып, тапсырмалар арқылы Қазақстанның «7 кереметі» ашылады.

І. Ұйымдастыру кезеңі

Психологиялық дайындық:

Мұғалім:

— Сәлематсыздар ма, балалар?

Оқушылар (хормен):

Амансың ба, алтын күн,

Амансың ба, көк аспан.

Амансың ба, достарым,

Амансыз ба, ұстазым!

Қонақтарға бұрылып: «Біз сіздерді көргенімізге қуаныштымыз!»

ІІ. Өткенді қайталау

Берілген әріптерден бүгінгі сабақ тақырыбы болатын сөзді табу:

ғқұәүюрпораиррүғпнеопсаніңяесімғңмокурэжъхзбюлдеғ

Жауабы: САН ЕСІМ

— Бүгінгі сабақтың тақырыбы туралы кім не айтады?

— Бүгінгі сабақта нені үйренеміз, нені білеміз деп ойлайсыңдар?

Оқушылар өз ойларын айтады, мұғалім сабақтың нақты мақсаттарымен таныстырады.

ІІІ. Каллиграфиялық минут

  • Дәптерге бүгінгі күнді жазу.
  • М м әріптерін көркем жазып шығу.

IV. Ой қозғау

— Балалар, көктемнің алғашқы күндері қандай керемет!

— Осы әлемде кереметтер көп. Сендер қандай кереметтерді білесіңдер?

1-оқушы: Әлемнің алғашқы жеті кереметі

  1. Египет пирамидалары.
  2. Вавилондағы Семирамида аспалы бағы.
  3. Ертедегі Артемида храмы.
  4. Олимпиядағы Зевстің мүсіні.
  5. Галикарнастағы Мавсол патшаның табытханасы.
  6. Жерорта теңізі аралығындағы Гелиостың (Күн құдайы) қолдан жасалған мүсіні.
  7. Александрия маягы.

2-оқушы: Бесінші ғасырдан бері танылған 7 керемет

  1. Рим Колизейі.
  2. Александриядағы жер асты жолдары іспеттес қазылған мазарлар.
  3. Қытайдың Ұлы қорғаны.
  4. Англиядағы алып тас қорған.
  5. Италиядағы Пиза қисық мұнарасы.
  6. Қытайдың Нанжин қаласындағы Фарфор мұнарасы.
  7. Ыстамбұлдағы Әулие София ғибадатханасы.

Мұғалім: Адам баласын таң қалдыратын ғажап дүниелер көп! Ал мұндай кереметтер біздің елімізде бар ма? Бүгінгі сабақта Қазақстанның 7 кереметіне нені жатқызуға болатынын анықтаймыз.

Ол үшін сан есім туралы біліміміз қажет болады: әр тапсырманы орындаған сайын бір кереметті «ашып» отырамыз.

V–XII. Тапсырмалар арқылы «7 кереметті» ашу

VІ. Оқулықпен жұмыс (17-жаттығу)

  • Мәтінді түсініп оқу.
  • Сан есімі бар сөйлемдерді көшіріп жазу.
  • Сан есімдердің дара немесе күрделі екенін анықтау.

Нәтиже: 1-керемет — Қожа Ахмет Иассауи кесенесі.

VІ. Мәтінмен жұмыс

Келесі кереметті анықтау үшін мәтінге назар аударайық:

Оны Қарнақ қаласында бір мың үш жүз тоқсан тоғызыншы жылы Тебриздік шебер Абд ул-Әзиз ибн Шараф әд-Дин жеті металл қоспасынан құйып жасаған. Оған алпыс шелек су сияды, салмағы екі тонна. Бір мың тоғыз жүз отыз бесінші жылы Санкт-Петербургтегі Эрмитажға әкетілген еді. Бір мың тоғыз жүз сексен тоғызыншы жылы елге қайтарылды.

1-оқушы

Бірінші сөйлемді сөйлем мүшелеріне талдайды.

2-оқушы

Дара сан есімдерді теріп жазып, талдайды.

3-оқушы

Күрделі сан есімдерді теріп жазып, талдайды.

Нәтиже: 2-керемет — Тайқазан.

VІІ. «Ойлан, тап!»

  1. Сызықшаның орнына тиісті сан есімді қойып, мақал құрастыру.
  2. Сан есімдерді тұлғасына, мағынасына және құрамына қарай талдау.
  3. Сандарды үш тілде айту: қазақша, орысша, ағылшынша.
1) Өнерлі баланың он саусағы тең, өнерсіз баланың бір саусағы кем.
2) Білгенің бір, білмегенің тоқсан тоғыз.
3) Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл.
4) Ер жігіттің екі сөйлегені — өлгені.
5) Алты күн атан болғанша, бір күн бура бол.

Нәтиже: 3-керемет — Айша бибі мазары.

VІІІ. Сергіту сәті

Шаршаған боларсыңдар, бойымызды сергітіп алайық:

Бір — таңертең тұр,

Екі — шынығып бекі,

Үш — тазала тіс,

Төрт — сабындап жу бет,

Бес — сүртін тез,

Алты — үйді жина,

Жеті — киін енді.

ІХ. Жұмбақтар шешу

1-қатар: Бір, үш, бес, он, жиырма, елу, жүз, екі жүз, мыңы бар. Әрқайсысының құны бар. Бұлар нелер?

Жауабы: теңгелер

2-қатар: Білімі жетсе шамасы, алатын алар аласы. Бір мен бестің арасы. Бұл не?

Жауабы: мектеп бағалары

3-қатар: Үш жүз алпыс бес, үш жүз алпыс алты — әр жылдағы қалпы. Бұл не?

Жауабы: бір жыл

Нәтиже: 4-керемет — Тамғалы кешеніндегі жартасқа салынған суреттер.

Х. Өзіндік жұмыс

Сан есімдерді қатыстырып шағын әңгіме жазу:

1-қатар

«Менің отбасым»

2-қатар

«Менің сыныбым»

3-қатар

«Менің бос уақытым»

Нәтиже: 5-керемет — Алтын адам.

Домбыра туралы жұмбақ және шағын дерек

Келесі кереметке жатқызуға болатын затты жұмбақтайық:

Үш қазық, екі желі, тоғыз ноқта,
Теңселіп тербеледі адам соқса.
Шешен тіл, сөзге жүйрік болғанымен,
Не пайда — үндемейді адам жоқта.

Жауабы: домбыра

Қапар Жансая жинаған деректер бойынша: аңыз-ертегілердің бірінде домбырадағы жоғарғы тиектің қалай пайда болғаны айтылады. Жауынгерлік сапардан қалжырап келе жатқан батыр сай ішіндегі саялы жерде демалады. Талдан бір шыбық кесіп алып, оған жылқы қылын керіп байлайды. Алайда тым жұпыны аспаптан үн шықпайды. Батыр оны жанына тастап, ұйықтап кетеді.

Кейін ол аспаптан шыққан дыбыстан оянып, мойын тұсынан титтей ағаш тиекті көреді: біреу ішектің астына келтіріп орнатып қойғандай болады. Батыр «Бұл шайтанның ісі болды ғой» деп ойлайды. Содан бері халық жоғарғы тиекті «шайтан тиек» деп атаған деседі. Ішекті жылқы қылынан тағу және жоғарғы тиектің болмауы көне аспаптарға тән сипат.

ХІ. Жеке жұмыс (карточкалар)

1-карточка

Сан есімдерді теріп жаз.

2-карточка

Берілген сандарды сөзбен жаз.

3-карточка (ауызша)

Қай айда 28 күн бар? Сан есімді тап.

4-карточка (ауызша)

Есептік сан есімдерді реттік сан есімдерге айналдыр.

5-карточка (ауызша)

1 жұмыртқа 10 минутта піседі. 5 жұмыртқа неше минутта піседі?

Ұжымдық жұмыс

Сөздерді сөз таптарына топтастыр:

Жасыл, адам, екі, үшінші, дәмді, кең, өзен, ұшты, жүз жеті, биік, жүзді, сексен алты.

Нәтиже: 7-керемет — Күлтегін ескерткіші.

Қосымша: Әр халықтың цифрларының таңбалануы туралы Шөкенов Диастың ізденіс жұмысы.

XIII–XV. Қорытынды, үй тапсырмасы, бағалау

XIII. Қорытынды

Қазақстанның 7 кереметін анықтадық және сан есім туралы білімімізді тапсырмалар арқылы бекіттік.

XIV. Үйге тапсырма

Оқулық: 18-жаттығу.

XV. Бағалау

  • Мұғалімнің бағалауы.
  • Оқушылар бейнелер арқылы өз көңіл күйлерін білдіреді.

Қазақстанның 7 кереметі (сабақта аталған)

1. Қожа Ахмет Иассауи кесенесі

2. Тайқазан

3. Айша бибі мазары

4. Тамғалы жартас суреттері

5. Алтын адам

6. Домбыра

7. Күлтегін ескерткіші